Accessibility links

Алматыда мемлекеттік тіл жанашыры наразылық пикетін өткізді

  • Гүлмира ХАМЗА

Тамыздың 29 күні Алматыда, өзін қазақ тілінің жанашырымыз деп жүрген Мақсұт Оразай есімді азамат, Қазақстандағы «Коммерциялық телеарнаның» (КТК) қызметіне наразылық білдіріп, пикет үйымдастырды. Мақсұт Оразай КТК телеарнасын қазақ тіліндегі бағдарламаларды эфирден түнгі уақыттары беріп, мемлекеттік тілді қорлайды деп кінәлайды.

Дүйсенбі күні Алматының шетіндегі «Сарыарқа» кинотеатрының жанындағы саябақта пикетке шыққан Мақсұт Оразайдың мәлімдемесін тыңдауға 15 шақты адам жиналды. Сағат 11 болғанда Мақсұт Оразай жиналғандарда өз талабын оқи бастады.

«Ондаған телерадиокомпаниялар өз ұлтына, өз халқына, өз тіліне қызмет етіп, тәулігіне жүздеген сағат бойы өз тілінде сөйлейді. Ал, «КТК» телеарнасы болса, мемлекеттік тілдің қолданылуын шектеп, қазақ тіліндегі хабарларды түн ортасынан бастап таң атқанша жүргізіп, қазақ тілінің мемлекеттігін қорлап отыр. Мен мемлекеттік тілге теңдік талап етемін!» - деді Мақсұт Оразай.

Өзінің бұл мәлімдемесін орыс тілінде оқып болғаннан кейін Мақсұт Оразай саябақ алаңқайында ары-бері жүріп, пикетін бір сағат бойы жалғастырды. Себебі, Алматы қаласының әкімшілігі оған пикет ұйымдастыру үшін тура осындай уақыт беріпті.

М.Оразайдың талабына байланысты дүйсенбі күні біз Қазақстанның Коммерциялық телеарнасына (КТК) хабарласып, компания жетекшілерінің пікірін білуге тырысқанымызбен, телеарна өкілдерімен тілдесудің сәті түспеді.

Мемлекеттік тіл мәселесін көтеріп, пикетке шыққан Мақсұт Оразайдың бұл талабын “Тәуелсіздік қарлығаштары” қозғалысының жетекшісі Гүлбаһрам Жүніс те қолдайды, әйткенмен ол пикеттен гөрі белсендіре қимылға көшкен жөн дейді.

«Шараны ұйымдастырғаны дұрыс, бірақ мен айтып отырмын: көтерген мәселе шешілуі үшін, талап қоятын азаматтар да бір ұсыныс, әрекет жасауы керек. Тек пикет ұйымдастырып, мәселені шеше алмаймыз. Біз сол айыптап отырған азаматтарға бар мәселені түсіндіруіміз керек, олардың да жүрегі, намысы бар ғой, олар түсінеді», - дейді Гүлбаһрам Жүніс.

Сонымен қатар, Гүлбаһрам Жүніс арнайы ұйымдастырылған бұл шараның нәтижесі болатынына сенімді.

«Тек айыппұл төлетеді, сонымен құтылып кетеді. Мен өзім осыдан 3 жыл бұрын “31 канал” телеарнасымен соттасқанмын, нәтижесінде олар 8 мың теңге көлемінде айыппұл төлеп, мен ешнәрсені ұтқан жоқпын, ал 8 мың теңге деген телеарнаға дым емес», - дейді Гүлбахрам Жүніс.

Мемлекеттік тіл мәртебесі туралы мәселе көтеріп, пикетке шыққан азаматқа “Жұма-таймс” газетінің құрылтайшысы Жұмаш Кенебай да қолдау білдірді. Жұмаш Кенебай бұл мәселені бірнеше жылдан бері өзі көтеріп келе жатқанын айтады.

«Алматыдағы оншақты телеарнаның ешбірі мемлекеттік тіл заңын толығымен орындап жатқан жоқ, орындамайды да. Себебі, оларға мемлекеттік тіл керек емес. Ал, мұның барлығына жалғыз бір адам жауапты. Конституция бойынша бізде президенттік басқарудағы мемлекет. Сол себепті, мемлекеттік тілдің дамымай отырғанына президент Нұрсұлтан Назарбаев жауапты», - дейді “Жұма-таймс” газетінің құрылтайшысы Жұмаш Кенебай.

Жұмаш Кенебайдың бұл ойымен парламет депутаты, президенттік “Отан” партиясының мүшесі Серік Әбдірахманов келіспейді.

«Ол батырлар бүгін шығып жатыр ғой. Неге олар қазақ тілі мәселесін айтып, Кеңес Одағы кезінде мәселе көтермеді? Негізінен, тілдің қорғайтын заман, дәл сол Кеңес заманы еді ғой. Неге осы азаматтардың үні сол уақытта шықпады, неге олар пикет жасап, Мәскеуге бармады? Міне, осындай «батырлар» бүгін енді байбалам салып жатыр. Әрине, кемшілік бар, бірақ бұрынғымен салыстырғанда тілдің жағдайы жақсарды. Мен бүгін базарға бардым, жолдың барлығы балшық, лас. Кейбір азаматтар осы жағдайға да президентті кінәлайды».

Ал, мемлекеттік тілдің бүгінгі жағдайына көпшіліктің назарын аударып, дабыл қағып жүрген азаматтар, бұл мәселені шешу үшін алдағы уақытта да пикет ұйымдастыруды жалғастыратынын айтады.
XS
SM
MD
LG