Accessibility links

Алматы қаласында Конституцияның 10 жылдығы мерекеленді

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Жыл сайын 30 тамыз күні Алматы қаласындағы “Республика” алаңында Конституция күнін мерекелеу дәстүрге айналды. Сейсенбі күні де осы дәстүр бұзылмай, Алматы қаласының кейбір тұрғындары Конституция күніне орай ұйымдастырылған мерекелік шараны тамашалау үшін Республика алаңына жиналды.

Тамыздың 30-күні Алматыдағы орталық алаңға келген азаматтардың бірі Көпболсын Панзабековтың, қабылданғанына он жыл толып отырған Ата заңға да және осыған қатысты өтіп жатқан мерекеге де көңілі толмайтын болып шықты.

«Конституцияның ең бір осал жері, ондағы жазылған кейбір баптардың іске аспауында болып отыр. Сондықтан біз оны қандай мағынада тойлауымыз керек. Бүгін Ата Заңның 10 жылдығына орай Алматыдағы бас алаңға келсек, жан-жағының барлығын темір бағандармен қоршап тастапты. Оның ішінде ешкім жоқ. Бір жақта өлең айтылып, екінші жақта сенделген адамдар, үшінші жақта бастықтар жүр. Осылайша билік күннен-күнге халықтан алшақтап барады», - деді, Көпболсын Панзабеков.

Ал, мерекелік шара кезінде еңбектерін сатып жүрген, Монғолиядан келген суретші Өмірзақ Рыстанұлы, қабылданғанына он жыл толып отырған Ата Заңның, бүгінгі заманның талабына сәйкес келмейтін жақтары да бар деп санайды екен. Оның айтуынша, дәл қазіргі уақытта барлық биліктің бір Президенттің қолында шоғырланғаны дұрыс емес.

«Қазақстан алғаш тәуелсіздігін алғанда, биліктің бір қолда шоғырланғаны дұрыс еді. Енді заман өзгерді. Біз тоқырау кезеңінен өтіп, өркендеу заманына бет бұрып келе жатырмыз. Сондықтан біз Ата заңға өзгертулер енгізіп, негізгі билікті Парламентке беруге тиіспіз. Өйткені бізде Парламенттің күші жоқ болғандықтан, сайланған депуттар министрлерді қызметінен алып тастай да, тағайындай да алмайды. Бәрін тек Президент қана шешеді», - дейді, суретші Өмірзақ Рыстанұлы.

30 тамыз күні “Республика” алаңында өткен мерекеге Конституцияның он жылдығына орай Шымкенттен Алматыға шейін жаяу жүріп, бейбіт шеру өткізгендер де қатысты. Олардың ішінде 30 тамыз күні 10 жасқа толып отырған Дінмүхамет есімді оқушы да бар екен. Дінмұхамет дүниеге келген кезде, оның әкесі әскери борышын өтей жүріп, қаза тауыпты. Бейбіт шеруді ұйымдастырушылардың бірі Салғараев Сейтқазының айтуынша, оның басты мақсаты Қазақстанда тұратын көп халықтың өкілдерін бірлік-берекеге шақыру болып табылады.

Сондай-ақ, мереке кезінде осы бейбіт шеруге қатысқан сегіз ұлттың өкілдері сырты темірмен қоршалған алаңға шығып, өз өнерлерін көрсетті. Ал, біз микрафон ұсынған Асқарбек есімді азамат, бейбіт шеруді ұйымдастырушылардың өнерінде жасандылық байқалады деп санайды екен.

Мереке барысында біз Конституция күнін тамашалау үшін Қытайдан арнайы келген Бикен Нұрғалиеваға өз микрофон ұсынғандық. Ол келешекте атамекеніне қайтып оралғысы келетін ниеті бар екендігінен хабардар етті. 30 тамыз күні Алматы қаласындағы “Республика” алаңында өткен мерекеде негізінен қазақ әндері шырқалды.
XS
SM
MD
LG