Accessibility links

Қырғызстанның газға деген сұранысын Қазақстан қанағаттандырмақшы


Қырғызстанның газға деген сұранысын Қазақстан қанағаттандырмақшы. Бұл жөнінде Қырғыз ресми өкілдері сейсенбі күні мәлімдеді. Дүйсенбі күні Өзбекстанның Қырғызстанға газ беруден бас тартқаны белгілі болған-ды. Бұл қылық астарында саяси теке-тірес жатыр, дейді сарапшылар.

Қырғызгаз директорының орынбасары Қуанышбек Жүсіпов дүйсенбі күні Өзбек өкіметінің кейбір газ жеткізу көздерін тоқтатуға шешім шығарғандығын жариялаған болатын. Сейсенбі күні болса ол өкіл елдің солтүстігіне газдың Қазтрансгаз арқылы жеткізілетіндігін мәлімдеді. Ал, Қырғыз жерінің оңтүстігіне, бұрынғы келісімшарт бойынша, Өзбек газы жеткізілмекші. Қырғыз сарапшыларының сөзіне қарағанда, бұған дейін Өзбек газының әрбір 1000 текше метріне олар 42 АҚШ долларын төлеп келген екен. Енді міне сондай көлемдегі газ үшін Қазақстанға 43 доллардан қаржы төлемекші.

Жыл сайын Қырғыз тарапы 700 миллион мен 800 миллион текше метр арасында өзбек газын сатып алып келген екен. Оның жартысын ресми Бішкек ақшалай, ал қалған жартысын Қырғызстанда жасалған тауарлармен өтеп келген болатын. 1990-шы жылы өзбек газының құны көтерілгеннен кейін, оның өтемін қайтару қырғыздар үшін қиынға соғып қалған-ды. “Қарызын өтей алмауда” деген себеппен ресми Ташкент бұрынғы жылдарда газ тасымалын тоқтатып тастайтын еді.

Жүсіповтың айтуынша, ресми Ташкенттің бұл жолғы газ беруден бас тарту шешімі бірнеше жүздеген өзбек босқындарын Қырғызстанның Румынияға жөнелтуімен тікелей байланысты болып отыр. Әндіжан оқиғаларынан кейін қырғыз жеріне босып келген өзбек босқындарының 439-ын БҰҰ-ның көшіріп әкетуіне ресми Бішкектің рұқсат бергені белгілі. Жалпы сарапшылардың айтуынша, Өзбекстан өз газын беру-бермеуді Орта Азиядағы көршілеріне қатысты негізгі қыспақ құралына айналдырып алған.

Ал, Қазақстан болса, газдан қысылған көршісіне қолұшын беру арқылы өзара байланыстарды нығайта түспекші. Қырғызгаз басшысының орынбасары Жүсіповтың айтуынша, алдағы қыста дағдарысқа ұшырамас үшін Қазақстаннан алдағы уақытта бұдан да көп көлемде газ сатып алуы тиіс болады. Ол үшін ең әуелі ресми Астанаға 17 жарым миллион доллар шамасындағы қарызын Қырғыз тарапы өтеуі тиіс.

Осы айтылған қадамның өзі Қазақстанның экономикалық ықпалының Орта Азияға одан әрі өсе түсетіндігін аңғартуда. Сондай-ақ энергия көздеріне бай Қазақстанның көрші Қырғыз еліне экономикалық ықпалының өсе түсетіндігі де белгілі болып отыр. Бұған дейін Қырғызстанның банк жүйесінде Қазақстан басым күшке айналып үлгерген еді.
XS
SM
MD
LG