Accessibility links

Еуропада білім беру жүйесінде әріптестік нығаймақшы.

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Қазіргі таңда жастардың шетелде жоғарғы білім алу мүмкіндігі шектеулі болып отыр. Сондықтан олар негізгі білімдерін өз елдерінде алуға мәжбүр. Күндердің-күнінде бұл жағдайдың да өзгерері кәдік. Осы орайда Еуропа елдерінің алға тартып отырған “Бологна үдерісінің” болашағы үміт артарлықтай дәрежеде.

Еуропа одағына мүше елдерге ортақ шекараның тән болуы ендігі жерде білім алу жүйесінде де ортақ нысандардың болуына әкеліп отыр. Бұған дейін әр ел өзінің тарихы мен мәдениетіне сай түрлі оқу жүйесін қолданып келгені белгілі. “Бологна үдерісі” деп аталатын бастама бойынша Еуропаның 40 шақты елі және оның сыртындағы мемлекеттер де білім беру жүйесінде өзара әріптестік орнатуға ұмтылып отыр. Бұған мүше елдер ортақ білім беру жүйесін қалыптастыруға және бір-бірінің дипломдарын тануға уәде беруде. Мұның өзі студенттер үшін Отанынан басқа елдерде де еркін білім алып, кейде тіпті жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Италияның Бологна қаласында бастау алғандықтан да бұл бастама “Бологна үдерісі” деп аталған.

1999-шы жылы ілкі сәтте оған төрт ел ғана мүше еді. Ендігі мақсат- 2010-шы жылға дейін Еуропаның 40 елін қамтитын ортақ Білім беру жүйесін қалыптастыру. Бұл үдеріс бойынша, талапкер студент басқа елде оқу үшін білім алу несиесін өз елінен оңайырақ алатын болады. Білім сапасы мен деңгейі де бір жүйеге түсірілмекші. Бакалаврлыққа үш жыл, магистрлікке екі жыл оқу қажет болады. Одан әрі докторлық ізденістерге жол ашылмақшы. Еуропа студенттерінің Ұлттық ұйымы бас хатшысы Томас Нилсон: “Бұл түбірімен өзгеше болатын түрі бар. Көптеген елдер өз білім беру жүйесіне Бологна үдерісін енгізуге ұмтылуда. Мысалы, Бологна үдерісіне дейін Италияда алты жылдық білім алу жүйесі бар болатын. Демек, егер алты жыл толық оқымай, оның тек бес жылын оқыған жағдайда ешқандай диплом берілмейді деген сөз”, - деп пікір айтады.

Оның сөзіне қарағанда соңғы өзгерістер Италия студенттеріне әбден қолайлы болып отыр. Яғни олар оқуларын ертерек тәмамдап, жұмысқа ерте араласа алады. Сондай-ақ артық оқу жылына жұмсалатын қаржыларын да үнемдеп қалуға мүмкіндіктері бар.

Өзара дипломдарын мойындау саясаты, әсіресе, шағын мемлекеттер үшін аса маңызды болып отыр. Әрине мұндай өзгерістер университеттердің білім сапасының жоғары болуын қадағалауы тиіс екендігін білдіреді. Еуропа университеттерінің қауымдастығы атты ұйым Бологна үдерісі бастамасы аясында білім сапасын тексеруде саяси мәртебеге ие.

Қауымдастық өкілдерінің сөзіне қарағанда білім сапасын жақсарту деген сөз барлық университеттерге бірдей, ортақ бағдарламаларды енгізу дегенді білдірмейді. Әр елдің мәдени өзгешеліктеріне байланысты түрлі бағдарламалар негізінде білім беру жүргізілмекші. Ең басты мақсат - ортақ жүйеге енетін университеттер арасында білім беру үдерісін бір-бірінің өзара түсінулері. Бологна үдерісі бастамасы тек Еуропамен ғана шектеліп қалмай, әлемнің кез-келген түкпіріндегі елдердің білім беру жүйесімен әріптестік орнатуға тырысуда. Бологна үдерісі Еуропа одағына мүше 25 елмен қатар Румыния, Болгария, Түркия, Сербия-Черногорье, Албания, Босния, Ресей, Әзірбайжан, Армения, Грузия, Исландия, Норвегия елдерін қамтып отыр.
XS
SM
MD
LG