Accessibility links

Баспасөзге шолу. 09.01.2005 жыл.

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Бейсенбі күнгі жарық көрген басылымдар Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың республика жұртшылығымен тікелей зфир арқылы сұхбаттасқандығына айрықша назар аударыпты. Қазақстан Президенті тікелей эфир арқылы республика жұртшылығымен сұхбаттасқан кезде, оның атына 23 мыңнан астам азаматтардан сауал келіп түсіпті. Президент әкімшілігі таратқан мәліметтерге жүгінсек, ол сауалдардың 60-70 проценті зейнетақы, еңбекақы және әлеуметтік көмекпен байланысты екен.

Журналист Гүлжан Ерғалиева “Свобода слова” басылымында жарық көрген мақаласында мемлекет басшысының республика жұртшылығымен сұхбаттасуы кезінде, шын мәнісінде де оған халықтың көкейінде жүрген сауалдардың қойылғандығына күмән келтіріпті. Өз мақаласында Гүлжан Ерғалиева кезінде өзінің де республикалық теларналарда жұмыс істегендігін айта келіп, журналистік тәжірибе барысында мұндай қойылымдардың талайын көргендігіне тоқталыпты. Мақала авторының айтуынша, Мемлекет басшысы алдын-ала дайындалған сауалдарға жауап беріп, Президент әкімшілігінің көмегінің арқасында жұртшылықтың алдында Нұрсұлтан-шоу деген қойылым ұйымдастырылды. Газет тілшісінің сараптамасына сүйенсек, бұл ұйымдастырылған Нұрсұлтан-шоу сынды қойылымның көздеген мақсаты, Мемлекет басшысынан халық сүйетін Президенттің бейнесін жасау болды. Сондай-ақ автор өз мақаласында шын мәнісінде Нұрсұлтан Назарбаев еш уақытта да халықтың сауалына тікелей эфир арқылы жауап бере алмайтындығы туралы өз ойын білдіріпті. Оның себебін Гүлжан Ерғалиева тікелей эфир барысында Мемлекет басшысының көңіліне жақпайтын сауалдардың қойылуы мүмкін екендігімен және оған Нұрсұлтан Назарбаевтың жауап бере алмайтындығымен түсіндіріпті. Саясаткер Петр Своик та “Свобода слова” басылымына берген сұхбатында Мемлекет басшысының тікелей эфирде айтқан кейбір дәйектерінің шындыққа үйлеспейтіндігін сөз қылыпты. «Көрші мемлекеттерде орын алған түрлі-түсті төңкерістерді тек ол елдегі кедейшілікпен байланыстыру халықты ғана емес, тіпті өзін-өзі алдау болып табылады. Мысалы Украинадағы ауылда тұратын халық Қазақстанмен салыстырғанда анағұрлым жақсы өмір сүріп жатыр» дейді, саясаткер Петр Своик.

“Московский комсомолец в Казахстане” басылымы болса, Қазақстан Президенті тікелей эфир арқылы республика жұртшылығымен сұхбаттасқан кезде, оның атына 23 мыңнан астам азаматтардан сауал келіп түскендігін хабарлапты. Президент әкімшілігі таратқан мәліметтерге жүгінсек, ол сауалдардың 60-70 проценті зейнетақы, еңбекақы және әлеуметтік көмекпен байланысты.

“Жас Алаш” басылымында Мемлекет басшысының республика жұртшылығымен тікелей эфир арқылы жүздесу кезіндегі “Қазақстанда, қазақтарда ешқандай шекара болған жоқ. Бүгінгі шекара шегінде ешқашан да мемлекеттілік болмаған” деп, айтқан сөздері сынға алыныпты. Газет тілшісі Әмірхан Меңдекенің осыған байланысты жарық көрген бас мақаласында Президенттің бұл айтқан сөздерінің шындыққа үйлеспейтіндігі айтылып, осыған байланысты тарихтан біраз мысалдар келтіріліпті. Мақала авторының айтуынша, Мемлекет басшысы осындай мағынадағы сөздерді айтқаннан кейін, “Қазақстанның біраз жері біздікі” деп көз алартып жүрген саяси топтар бұл мәселені қайтадан көтеруі ықтимал.

«Қазақ жерінің шекарасы болмады, мемлекет енді ғана пайда болып жатыр” деген қауесетті тарату - өз мемлекетіне қарсы аңдалмай жасалған әрекет сияқты», - депті, саясаткер Болатхан Тайжан “Жас Алаш” басылымына берген сұхбатында. Сондай-ақ Болатхан Тайжан, “қазақ халқын біріктіріп жатқан тек қана – Назарбаев, одан бұрын мемлекет болған емес” деген пікірлердің бұрыннан айтылып келе жатқандығын сөз қылыпты. Ғалым Мұрат Әуезов болса, Нұрсұлтан Назарбаевтың айтқан сөзін “Қазақстанда шекара болмады деп айту мүлде орынсыз. Бұл - Жириновскийдің айтқан сөзін қайталау” деп бағалапты.

Таяуда ғана жарық көрген “Президент және халық” атты басылым өз газеттері арқылы Мемлекет басшысына “Отбасы ішіне жік салып, баланы әкеге, әкені балаға қарсы қойып жүрген миссионерлік ұйымдардың іріткі жұмысына қашан тосқауыл қойылады?” және “жарнама рыногында мемлекеттік тіл үлесін 50 де 50 процентке көтеруге болмай ма?” деген екі сауал қойыпты.
XS
SM
MD
LG