Accessibility links

Қазақстан президенті Н.Назарбаев алдағы сайлауды әділ өткізуге уәде берді

  • Досан БАЙМОЛДА

Қыркүйектің 1-і күні Астанада, Қазақстан парламенті палаталарының біріккен отырысында Қазақстан президенті Н.Назарбаев алдағы болатын президент сайлауын еркін, ашық әрі әділ өткізуге уәде етті. Сонымен бірге ол елде 2006-2011 жылдары аралығында демократиялық реформалар жүргізудің жалпыұлттық бағдарламасын талқылау үшін бүкілхалықтық референдум өткізу жөнінде ұсыныс жасады. Алайда, елдегі оппозиция өкілдері президенттің сөзіне күмәнмен қарайды.

«Мемлекет басшысы ретінде алдағы президент сайлауының еркін, әділ болуы және оның қортындысының қазақстандықтардың да, әлемдік қауымдастықтың да күмәнін туғызбас үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын», - деді Н.Назарбаев.

Алайда, Қазақстанның демократиялық күштер форумының тең төрағасы Әміржан Қосановтың пікірінше Қазақстандағы қазіргі сайлау жүйесі билікке бағынышты жағдайда елде еркін, әділ сайлау өткіземін деген президенттің айтқанына сене қою қиын болмақ.

Ал журналист Ермұрат Бапидің айтуынша Қазақстан парламенті мәжілісі президент сайлауы қашан, қалай өтетіндігі жөніндегі ресми түрде жария етпей жатып, президенттің бұлай ашықтан ашық сайлау әділ, еркін өтеді деп уәде етуі түсініксіз, сондай-ақ сайлау өткізу мәселесі болсын, елде жалпы ұлттық демократиялық реформалар өткізу мәселесі болсын - бұлар орталық сайлау комиссиясының құзырындағы мәселе болмақ.

«Алайда бұл орталық сайлау комиссиясы бүгінгі күні билікке бағынышты жағдайда», - дейді Е.Бапи.

Ал Қазақстандағы адам құқықтарын қорғау және заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюроның қызметкері Сергей Дувановтың пікірінше, сайлау өткенге дейін 3 ай уақыт мерзім қалғанда президент тарапынан бұндай мәлімдемелердің жасалуы өзіне қарсы оппозицияның демократиялық ұсыныстарын кейінге ығыстыруға, олардың халық арасындағы бет-беделін төмендетуге бағытталған кезекті пиар акция болмақ.

«Ал президент тарапынан демократиялық реформалар жүргізетіндігі жөнінде айтқандары бұл сайлау өткен соң ұмытылып қалады, әрине, анда-санда бір еске түсіріп айтып қояды да, жүре береді, бірақ та бәрібір ешнәрсе болмайды», - дейді С.Дуванов.

Қазақстанның «Ақ Жол» демократиялық партиясының төрағасы Әлихан Бәйменов болса: «демократиялық реформалар өткізу керек болса, онда ол ең дұрысы президент сайлауы алдында халық талқысына салыну керек еді, оның қашан басталатындығы да белгісіз, сондықтан бұл сәл күмән туғызады», - дейді.
XS
SM
MD
LG