Accessibility links

Ғалымдар кіші Аралды қалпына келтіру арқылы Арал теңізін қайта толықтыруға болады деп санайды

  • Гүлмира ХАМЗА

Қазақстандық ғалымдар Аралдың солтүстік жағын сақтап қалатынына және бір-екі жылда кіші Аралды балыққа толтыратынына сенімді. Бұл туралы қыркүйектің 2-күні, Алматыда өтіп жатқан арнайы конференция жұмысы кезінде айтылды.

Мамандардың айтуынша, егер кіші Арал жобасы сәтті аяқталса, осы арқылы Аралды да қалпына келтіруге болады, бірақ, бұл жоспарды іске асыру үшін көп уақыт керек дейді. Қазақстандық ғалымдар алдағы бір-екі жылда кіші Арал жобасын аяқтап, Аралдың солтүстік жағын су мен балыққа толтыруды көздеп отыр. Мамандардың пікірінше, бұл Қазақстан жағының қол жеткізген жетістігі.

«Осы жылғы тамыз айының басында біз кіші Аралды үлкен Аралдан бөліп тұратын бөген құрылысын аяқтадық. Егер, бұл жобамыз іске асып, ары қарай дамыса, оның көп пайдасы болады. Себебі, ол су деңгейін 4,5 метрге дейін көтереді, сосын Арал қаласына жақындайды. Осының нәтижесінде бұл өңірде балық пайда болады, балық аулайтын шаруашылықтар дүниеге келеді. Ал жалпы, Аралды қалпына келтіру үшін біраз уақыт керек, көптеген жұмыс жасау қажет», - дейді академик Сейфулла Абдраимов.

Арал теңізін толығымен аман сақтап қалу үшін, мамандардың пікірінше, күллі әлем мемлекеттері, әсіресе, Орта Азия елдері атсалысып, аймақ үшін аса маңызды бұл проблеманы шешу жолдарын іздеуі керек. Бұл мәселені зерттеп жүрген мамандардың сөзіне жүгінсек, әзірге көрші елдер тарапынан мұндай әрекет байқалмайды.

«Әрине, бір күнде шешілетін мәселе емес бұл. Қазақстан жағы қолынан келгенше әрекеттеніп жатыр. Мәселен, кіші Арал жобасын іске асыру үшін 86 миллион доллар ақша жұмсалып отыр. Оның 23 миллионы Қазақстан үкіметінің ақшасы болса, қалған соманы республика үкіметі Дүниежүзілік қайта құру банкінен алды. Енді осы қаржымен кіші Арал жобасы іске аспақшы», - дейді Орта Азиялық аймақтық экологиялық орталығының маманы Мәлік Бүрлібаев.

Қазақстандық ғалымдар кіші Аралды суға толтыратынына сенімді. Ал, экология мәселесін зерттеп жүрген Ғалымжан Қалымбетов деген азамат солтүстік Аралды суға толтыру үшін арнайы салынған арналарды ретке келтіру керек деп есептейді.

«Жылда көктемде мына Сырдария мен Әмурдарияда су тасиды. Ал Шардара су қоймасына симаған су Өзбекстанның шөлейт жерлеріне тасталады. Бұл мәселені 1960 жылдардағыдай су арналарын тазартып, артық суды Өзбекстанның шөлейт жерлеріне жібермей, Аралға жіберсе болар еді. Арал осы арқылы айтарлықтай толар еді», - дейді Ғалымжан Қалымбетов.

Бұған мамандар аталған мәселені шешу үшін айтарлықтай қаржы керектігін айтады. Ал техника ғылымының докторы, Орталық Азиялық экологиялық орталықтың маманы Мәлік Бүрлібаев бұл мәселенің тиімді шешімін табатынына сенімді.

«Ақлақ сияқты, тағы да бірнеше гидротораптарды Қазақстан жағы қайта жөндеуден өткізіп жатыр. Қыс маусымында Қызылорда төңірегін су басу мәселесі де қарастырылып жатыр. Бұл жерге артық төгілетін суды Сырдарияға өткізу үшін ғимараттардың барлығы қайта жөндеуден өткізіліп жатыр», - дейді Орталық Азиялық аймақтық экологиялық орталықтың маманы Мәлік Бүрлібаев.

Егер ғалымдардың айтып отырғанындай, Кіші Арал толса, онда Айбек Битуғанов туған ауылына оралуға дайын. Ол Арал теңізі суалған кезде, экологиялық босқын болған азамат. Қазіргі кезде ол бұл жобаның толыққанды іске асатынына күмәнмен қарайды.

«Ең болмағанда кіші Арал жобасы іске асып, Аралға су келсе, бұл тұрғын халықтың сол жерде қалуына, өсіп-өнуіне, кетіп қалған халықтың қайта оралуына үлкен көмегі болар еді», - дейді Арал маңынан Алматыға көшіп келген Айбол Битуғанов.

Аралдың қазіргі жағдайы мен болашағын қазақстандық және халықаралық ғалымдар Алматыда талқылап жатыр. 4 күнге созылатын бұл басқосуға келген ғалымдар, мұндай жиын Кеңес Одағы кезінде де жиі болып тұрғанын айтады.
XS
SM
MD
LG