Accessibility links

Қазақстан президенті Н.Назарбаев Парламент депутаттарын Адам құқығы жөннідегі халықаралық пактілерді тезірек ратификациялауға шақырды


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бейсенбі күні халықаралық «Азаматтық және саяси құқықтар туралы» және «Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы» пактілерді Қазақстан Парламентінің жақын уақытта ратификациялауы қажеттігін атап өтті. Адам құқығына қатысты осы құжаттарға қосылу туралы президент жарлығы 2003-ші жылы шыққан болатын. Алайда, бұл мәселенің енді ғана қозғала бастауын бірқатар сарапшылар алда келе жатқан президенттік сайлау науқанымен байланыстырады. Сонымен бірге Қазақстан президенті Президент әкімшілігіне Қазақстанның 2009-шы жылы Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуінің әзірлігі үшін кешенді бағдарлама жасауды тапсырды.

«Азаматтық және саяси құқықтар туралы» және «Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы» пактілерді ратификациялау Қазақстан азаматтарына көптеген құқықтар береді. Оның ішінде, азаматтардың өз құқықтарын халықаралық деңгейде қорғауына жол ашады дейді, қазақстандық адам құқығын қорғау және заңдылықты сақтау бюросының сарапшысы Айнаш ШОРМАНБАЕВА:

«Әсіресе, саяси құқықтар жөніндегі пакті. Мәселен, егер кез-келген Қазақстан азаматы өз еліндегі сот жүйесінен әділдік таба алмаса, адам құқығы бойынша Еуропа сотына шағымдануға мүмкіндік алады».

Ал адам құқығы жөніндегі бюро жетекшісі Евгений ЖОВТИС бұл пактілерді ратификациялау аз, оларға қосымша Қазақстан, бірқатар хаттамаларға қол қоюы керек деп санайды:

«Мысалы, өлім жазасын алып тастау туралы немесе Қазақстан азаматтарының өз елінде соттан әділеттілік таба алмаса, халықаралық институттарға, оның ішінде БҰҰ-ның адам құқығы бойынша комитетке шағымдануына мүмкіндік беретін актілер. Алайда, әзірге бұл бағыттағы талпыныстар байқалмайды».

Сонымен бірге аталмыш пактілерді ратификациялаған жағдайда халықаралық талаптарға сай бірқатар заңдарға өзгеріс енгізуге тура келеді дейді Е.Жовтис:

«Енді адам құқығы мен оның бостандықтары туралы түсіктерімізді халықаралық ұғымдарға сәйкестендіру қажет болады. Ал ол үшін Қазақстан саяси және азаматтық құқықтар туралы заңдарын қайта қаруы керек. Себебі, олар халықаралық пактілерге сәйкес келмейді. Яғни, бұл азаматтардың бейбіт шерулер мен жиындар өткізу құқығы, сөз бостандығы, ұйымдарға бірігу құқығы, ар-ождан құқығы сияқты салаларды қамтиды».

Бұл пактілерге Қазақстанның қосылуы туралы президент Жарлығы 2003-ші жылы шыққан. Алайда, оларды ратификациялау енді ғана қолға алына бастады. Бұл бір жағынан алда келе жатқан президенттік сайлаумен байланысты болса, екінші жағынан Қазақстан халықаралық деңгейде жақсы жағынан көрсетуге талпынып отырған болар дейді, Алматыдағы Адам құқығын қорғау бюросының қызметкері Айнаш Шорманбаева:

«Мұнда екі себеп те бар. Бұған дейін Қазақстанның адам құқығына байланысты талай сынға алынғаны белгілі. Сондықтан, Қазақстан өзін халықаралық деңгейде нағыз демократиялық ел ретінде көрсеткісі келсе, онда осы адам құқығы бойынша негізгі құжаттарды ратификациялауы тиіс».

Ал осы жақында халықаралық қауымдастықты Варашава қаласында өткен конференцияда Орталық Азиядағы демократиялық процестерге ықпал етуге шақырған, Қазақстанда әлі тіркелмеген оппозициялық «Алға» партиясының жетекшісі Асылбек ҚОЖАХМЕТОВ Қазақстан президентінің адам құқығына қатысты сөздерін президенттік сайлау алдындағы кезекті уәдесі дейді:

«Соңғы сегіз жылда бірде-бір рет Қазақстанда әділ сайлау болған жоқ. Оларды ЕҚЫҰ халықаралық талаптарға сай деп тапқан жоқ. Олай болса, бұрын сайлаулар солай өтті деп, соларды дұрыс жолға қоюы керек қой. Ал олар: «болашақта жасаймыз» дейді. Бұл – тек қана сөздер, алдағы сайлаумен байланысты халықты алдау үшін айтылған сөздер».

ҚР президенті жанындағы адам құқығы жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Жабайхан ӘБДІЛДИН болса, Қазақстанның халықаралық пактілерге қосылу мүмкіндігін Қазақстанның адам құқығы саласындағы жетістігінің көрінісі ретінде бағалайды:

«Біз қазірдің өзінде негізгі деген халықаралық пактілер мен конвенцияларға қол қойдық. Бұл – біздің демократия жолымен адам құқығын қорғауда жақсы келе жатырмыз дегеннің көрінісі. Егер енді осы пактілерге қол қойсақ, онда халықаралық ұйымдарда, халықаралық қатынаста Қазақстанның адам қорғау, демократиялық статусы өте жоғары деген ұғым туғызады».

Қазақстан президенті сонымен бірге бейсенбі күні Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақстастық ұйымына 2009-шы жылы төрағалық етуін басты мақсаттардың бірі ретінде атады. Ол Президент әкімшілігіне бұл орайда кешенді бағдарлама әзірлеуге тапсырма берді. Жабайхан Әбділдиннің пікірінше, бұл халықаралық ұйымға төрағалық ету тек Қазақстан үшін ғана емес, Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы үшін де тиімді болмақ:

«Біз үшін абырой болмақ. Екінші жағынан, ЕҚЫҰ үшін де бұл жақсы. Себебі, бұған дейін бұл ұйымға тек еуропалық елдер төрағалық етіп келді. Енді Қазақстан сияқты еуразиялық мемлекет басшылық жасаса, Еуропаның қауіпсіздікті, адам құқығын қорғауда тең тұрғыда қарайды дегенді көрсетеді».

Бірақ, Алматыдағы қазақстандық Адам құқығын қорғау бюросының жетекшісі Евгений Жовтис:

«Егер өзіміз ЕҚЫҰ талаптарын орындамасақ, оған қалай ол ұйымға төрағалық етпекпіз? Мәселен, соңғы кезде республика бұл ұйым тарапынан заң тұрғысынан да, іс-шаралар бойынша да бірнеше мәрте сынға алынды», - дейді.

Ал Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның адам құқығына қатысты халықаралық пактілерді толықтай ратификациялап қана қоймай, Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының халықаралық форумын өз жерінде өткізуге де даяр екендігін мәлімдеді. Қазақстанды тәуелсіздік алған кезінен бері басқарып отырған Нұрсұлтан Назарбаев, биылғы жылы желтоқсан айында өтуі мүмкін кезекті президент сайлауына өзінің тағы түсетінін бұған дейін бірнеше мәрте мәлімдеген болатын.
XS
SM
MD
LG