Accessibility links

Алматы облысы, Іле ауданында бір топ адам тамақтан уланған

  • Досан БАЙМОЛДА

Қыркүйектің 4-і күні Алматы облысы, Іле ауданы, Өтеген батыр ауылында төтенше бір оқиға орын алды. Алғашында Алматы облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі және төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің берген ақпараттарында Іле ауданында көп адамның тамақтан улануына Ресейде өнідірілген «Ролтон» атты дайын кеспе өнімі себепкер болғаны хабарланды. Осы уланудан бір Қырғызстан азаматы қайтыс болып, тағы Қырғызстанның бес азаматы мен Қазақстанның екі азаматы аудандық ауыруқанаға жатқызылған. Алайда, кейіннен әлгі адамдар тамақтан емес, ас тұзы деп тағамға қосуға пайдаланған селитрадан уланғаны айтылды.

Осы төтенше оқиғаның себептерін анықтау үшін арнайы комиссия құрылып, кеспе сатып алынған ауылдағы дүкендегі барлық «Ролтон» өнімдері тәркіленіп, сараптамаға жіберіліпті. Алайда, дүйсенбі күні «Азаттық» радиосына берген сұқбатында, Алматы облыстық Іле аудандық ішкі істер департаментінің тергеу, тексеру бөлімінің бастығы Айдар Имашев алғашында тамақтан уланды делінген бұл оқиғаға Ресейдің «Ролтон» дайын кеспесі емес, осы кеспеден жасалған тамақты дайындау барысында аспаздың тамақ дәмін кіргізу үшін тамаққа ас тұзы деп оған ұқсас улы химиялық зат - селитраны қосқаны себеп болғанын хабарлады.

«Қазір тергеу-тексеру жұмыстары жүріп жатыр, оқиға болған жерден кішкене ыдысқа салынған түрі ас тұзына ұқсас, негізінен жерге химиялық тыңайтқыш ретінде пайдаланылатын, тіпті кейде ұсақ құрт-құмырсқа, жәндіктерді өлтіруге қолданылатын селитра улы химиялық заты табылған. Оның осындай зат екендігі лабораториялық тексеру арқылы да расталды», - дейді ол.

Ал Іле аудандық аурухананың бас дәрігері Бақытгүл Тұрсынмұратованың айтуынша, жексенбі күні түстен кейін сағат 15 кезінде тамақтан уланды деген алғашқы адамды - Қырғызстан азаматын жедел жәрдем машинасы ауруханаға жеткізіпті. Алайда, жарым сағат болмай ол қайтыс болған. Ал қалған жетеудің екеуінің жағдайы ауыр болғандықтан, оларды реанимация бөліміне дереу жатқызған да, қалған бес адамды Алматыдағы токсикология орталығына жатқызыпты. Кейіннен олар дәрігерлер кеңесімен Қаскелеңдегі ауруханаға апарылған.

«Қазір екеуінің жағдайы жақсарып қалды, ал үшеуінің жағдайы орташа», - дейді бас дәрігер.

Уланған 8 адамның бесеуі Қырғызстан азаматтары, ал қалған екеуі Қазақстан азаматтары дейді полиция өкілі.
XS
SM
MD
LG