Accessibility links

“Ақ жол” партиясы елде президент сайлауымен бір мезгілде референдум өткізу туралы бастама көтерді


Қыркүйектің 6-күні Алматыда «Ақ жол» саяси партиясының төрағасы Әлихан Бәйменов бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жоғарғы билікке арнап, елде алдағы президент сайлауымен бір мезгілде қоғамды демократияландыру жайлы бүкілхалықтық референдум өткізу туралы мәлімдеме жасады.

Ә.Бәйменов бұған дейін де Қазақстан қоғамына саяси реформалардың керектігі туралы әңгіменің жиі айтылғанымен олардың сөз жүзінде қалып келгенін атап өтті. Ал, жақында президент Назабаевтың парламент мінберінен елде демократияландыру мәселелеріне байланысты көтерген бастамасында айтылған кейбір жайттар «Ақ жол» демократиялық партиясының бағдарламасында жазылғанын айтқан партия жетекшілері енді Нұрсұлтан Назарбаевты тиісті конституциялық өкілеттілігін пайдалана отырып, алдағы президент сайлауымен бірге бағыты мен орындалу уақыты нақты көрсетілген саяси реформалар жөнінде референдум жариялауға шақырып отыр.

«Өкінішке қарай, президенттің аузынан саяси реформалар жүргізуге байланысты айтылып жатқан жақсы бастамалар сөз жүзінде ғана қала береді. Көбінесе ол мұны уақытты ұтуға да пайдаланады. Егер шын мәнісінде де мемлекет басшысының саяси реформаларды жүзеге асыруға байланысты пейілі бар болса, оны іс жүзінде дәлелдеп, референдумға шығарсын», - деді Әлихан Бәйменов.

“Ақ Орда” саяси сараптама орталығының басшысы Айдос Сарым болса, “Ақ жол” партиясының төрағасы Әлихан Бәйменовтың мұндай мағынадағы мәлімдемесін саяси ойын деп бағалап отыр.

«Әлихан Бәйменов саяси аренада қалу үшін, осындай мағынадағы мәлімдеме жасап отыр», - дейді ол.

Саясаттанушы Нұрболат Масанов референдум өткізу өте қиын процесс болғандықтан, уақыттың тығыздығына байланысты оны жүзеге асыру мүмкін емес деп есептейді. Оның айтуынша, Әлихан Бәйменов мұндай мағынадағы мәлімдеме жасау арқылы, бір ғана мақсатты - өзінің саяси беделін көтеруді көздеп отыруы ықтимал. Ал, “Нағыз Ақ жол” партиясының тең төрағасы Алтынбек Сәрсенбайұлы референдум өткізу туралы бастама ақылға симайды деп санайды.

«Президент сайлауының алдында Әлихан Бәйменовтың жасап отырған ұсынысы мүлдем ойға қонымсыз. Себебі, президенттің сайлауында “келесі жеті жылда елді кім басқарады?” деген мәселе шешіледі. Қосымша референдум жариялап, халықтың көңілін референдумға бұрып, оны сайлауға түскелі жатқан кандидаттардың таласына түсіріп, біз халықты ырың-жырың жасауымыз мүмкін», - дейді А.Сәрсенбайұлы.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев “Ақ жол” партиясының төрағасы Әлихан Бәйменовтың референдум туралы бастамасының жүзеге асатындығына күмәнмен қарайды. Оның себебін саясаттанушы президент сайлауының алдында ресми биліктің референдум өткізуге жол бермейтіндігімен байланыстырып отыр.

Қазақстан парламентінің мәжілісі елде кезекті президент сайлауының мерзіміне байланысты мәселені қыркүйектің 7 күнгі жалпы отырысында талқыламақшы.
XS
SM
MD
LG