Accessibility links

«Катрина» табиғат апаты АҚШ-қа саяси дауылдарды да ала келді


Құрама Штаттарында болған «Катрина» табиғат апаты елге саяси дауылдарды да ала келді. Себебі, осы Харикейн дауылынан кейін аймаққа Буш әкімшілігі дер кезінде көмектесе алмағаны үшін қатты сынға душар болуда. Елбасы Джордж Буштың Луизиана мен Миссисипиге екінші сапары дәл осы кезеңге сәйкес келіп отыр. Апат аймағына көмек қолын созушы елдер саны әлем бойынша көбейе түсуде.

Нью Орлеанда болған бұл табиғат апаты материалдық шығындар әкелумен қатар жергілікті, мемлекеттік, федералдық билік деңгейлерінде саяси дағдарыстарға да алып келуде. Демалыс күні радио арқылы сөйлеген сөзінде Буш мырза “бұл табиғат апатынан зардап шеккендерге көмек беруде федералдық өкімет тым баяу қимылдады” деп, өздеріне бағытталған сынды кері қайтарғысы келген еді. Елбасының бұл сөзіне Луизиананың ресми өкілдері қайта шабуылға шыққан болатын. Олар Буш әкімшілігін Нью Орлеанды қорғайтын бөгесіндерді нығайту үшін шаралар қолданбауда, деп сынады. “Көмекті кешіктірді” деп, жергілікті биліктің іс-әрекеттерін сынаған елбасы Бушты болса да, басқаны болса да жұдырықтайтындығын Луизиана сенаторы Мари Ландри ескертті. Буш мырза қазір халықтың жіті бақылауы астында қалып отыр. Ол оны біледі. Сондықтан да апат аймағына екінші сапары барысында оның жүзінен қатыңқылық байқалып тұрды. Осындай қиын-қыстау кезде халықтың рухын басшы ретінде көтере алмады, деп сынға ілінді Буш.

“Біз Лаура екеуміз Луизианаға қайта келдік. Содан кейін Миссисипиге барып, жақсы адамдарға мұнда көп істің тындырылып жатқандығын айтпақшымыз. Біз жергілікті және мемлекеттік өкілдермен бірге жұмысты жалғастырудамыз. Ең әуелі, әрине, тірі қалғандардың өміріне араша түсу”, - деді елбасы Буш.

Құтқару жұмыстарына 50 мыңдай әскерилер мен Ұлттық гвардия жасақтары жұмылдырылған. Бұрынғы елбасылары үлкен Джордж Буш пен Билл Клинтон көмек қорын ашып, қаржы жинауда. Сондай-ақ Билл және сенатор Хиллари Клинтондар дағдарысты ауыздықтау ісін Конгреске мәселе етіп қойып отыр.

“Апат аймақтарында негізінен афро-америкалықтар тұратындықтан федералдық өкімет көмекті кешіктірді” деген сындар айтылған болатын. Осыған жауап бере отырып, Мемлекеттік хатшы Кондолиза Райс ханым бұл істің расистік көзқарастарға ешқандай қатысы жоқ, дегенді айтты. АҚШ әкімшілігі мен жергілікті билік бір-бірін осылайша айыптаумен айналысып жатқан кезде әлемдегі талай ел дауылдан жапа шеккендерге көмек қолдарын созуда.

Мысалы, әлемдегі ең кедей елдер қатарынан саналатын Бангладеш бір миллион доллар, ал Ауғанстан 100 мың доллар көмек беретіндерін хабарлады. Құтқарушылар тобының көмегін ұсына отырып, Ресейдің кейбір ресми өкілдері “бұл табиғат апаты Құрама Штаттарының әлем бойынша ұлы держава болуға мүмкіндіктерінің шектеулі екендігін көрсетті”, деген пікірлерін де жариялауда.

Бірнеше араб елдерінің қатарында Кувейттің бір өзі 500 миллион доллар көмек ұсынып отыр. Орта Азия елдері көңіл айту білдірсе, Әзірбайжан елі 500 мың доллар жөнелтпекші.

Құрама Штаттарымен ресми байланыстары жоқ немесе бұл ел саясатына сын тұрғысынан қарайтын елдер де өз көмектерін ұсынуда. Мысалы, зардап шеккендерге көмек көрсету үшін Куба елі бір жарым мың дәрігердің жәрдемін ұсынған екен. Алайда елбасы Фидель Кастроның айтуынша, арада екі тәулік өтсе де, бұл ұсынысқа Вашингтон жағынан жауап бола қоймаған. Американы қатты сынға алып жүретін Венесуела елбасы Хуго Чавез аймаққа арзан отын мен қайырымдылық көмек ұсынып отыр. Ширек ғасырдан бері Вашингтонмен дипломатиялық байланысы жоқ Иран Ислам республикасы Қызыл Жарты ай ұйымы арқылы зардап шеккендерге көмегін ұсынуда. Солтүстік Корея болса арнайы көмек берместен, тек Қызыл айқыш ұйымы арқылы Құрама Штаттарына тілектестік ниетін жолдаған. Халықаралық ұйымдар да өз көмектерін аямай отыр. Кондолиза Райс ханымның айтуынша, İшкі Қауіпсіздік департаментімен бірлікте Мемлекеттік департамент ол көмектердің аса қажетті аудандарға тезірек жеткізілуін қадағалауда.
XS
SM
MD
LG