Accessibility links

Баспасөзге шолу. 09.06.2005 жыл


Қыркүйектің 6-сы күні Қазақстанда жарық көрген мерзімді басылымдарда республика президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың елдің оңстүстік аймақтарына сапары жан-жақты баяндалыпты.

Өз сапарын Оңтүстік Қазақстан облысынан бастаған президент Назарбаев оы облыстағы жұмыстарға жақсы берді деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Президент сапары кезінде облыстағы бірқатар елді мекендерді аралап, жұртшылық өкілдерімен, Шымкенттегі Оңтүстік Қазақстан мемлекетік университетінде білім алып жатқан жастармен кездескенін жазыпты. Газеттің жазуына қарағанда, президентті қайда бармаса да көңілдері қуанышқа толы, шат-шадыман жұрт қарсы алған. Жалпы, газеттің сейсенбі күнгі санындағы алғашқы үш бетте президенттің әтүрлі жағдайда түскен көлемді он суреті беріліпті.

«Айқын» газетінің жазуынша, Оңтүстік Қазақстан облысынан кейін ат басын Алматыға бұрған президент Назарбаев мұндағы атқарылып жатқан шаруалармен танысып, жұртшылықпен кездескеннен кейін Алматын қаласының әкіміне «Жарайсың, Иманғали, жақсы жұмыс істеп жатырсың!» деп баға берген. Президент осы сапары кезінде жексенбі күні Алматының орталық алаңында аталып өткен Қазақстан халықтары Ассамблеясының 10-жылдығына арналған мерекелік шараға қатысып, дүйсенбі күні қаладағы орталық стадионда студент жастардың қатысуымен өткен көпшілік шараға кездескен.

Ал «Жас Алаш» газетінде жарияланған «Жеке басқа табынудың «Жеті күндік» үлгісі» атты мақалада автор Мұхтар Жанұзақұлы президенттің Оңтүстік Қазақстан облысына сапары республикалық «Хабар» агенттігінен қалай көрсетілгенін тәпіштеп жазыпты. «Президенттің Оңтүстік Қазақстан облысына сапарына жарты сағатын бөлген «Хабар» осы аралықта 20 шақты адамның президентке «жүрекжарды» сезімін жеткізіп үлгерді» дей келе, автор «Бірін-бірі қайталаған ақсақал-қарасақалдар, бірдей киім киіп, бірдей ту ұстап, қаздай тізілген жастар... Жарыса қол соғып, бас шұлғыған депутаттар... Өте қарабайыр пиар. Таяз түсінік» деп баға береді. «Бұл көріністер Ким Чен Ир туралы, Түркіменбашы жайындағы, Қытайдағы бүкілхалықтық жиналыс отырысы туралы сірескен хабарларды еске түсіреді» деп жазады Мұхтар Жанұзақұлы. Мұнан соң автор жақында газет редакциясына қоңырау шалған ұзынағаштық бір тұрғынның сөзін келтіреді. Әлгі адамның айтуынша, «президент жүріп өтетін Ұзынағаш-Қарғалы тас жолының бойы осы маңдағы мектептерге бөлініп беріліпті. Әр мектеп шар мен транспарантқа өздері ақша жинап, өздеріне тиесілі жерде Президентке күлімсіреп, қол бұлғап тұруы керек» деп жазады «Жас Алаш» басылымы.

«Литер» газеті президенттің Алматыда шағын және орта бизнес өкілдерімен кездескені туралы жазыпты. Нұрсұлтан Назарбаев іскер алматылықтарға билік пен бизнестің міндеті ортақ екенін айтып, «біздегі бизнеске қазір бұрынғыдан үлкен істерді шешетін кез жетті» деген сөзін келтіріпті. Президент отандық бизнесмендерді Қазақстандағы мұнай-газ, мұнай-химия және дәрі-дәрмек жасау салаларындағы ірі өндірістік жобаларға атсалысуға шақырып, елде туризмді дамтуға үндеді. Бұл орайда президент кәсіпкерлерге «Сіздер маған және үкіметке туристік бизнесті көтеруге көмектесуге тиіссіздер» депті. Сондай-ақ, мемлекет басшысы кәсіпкерлердің назарын ауылшаруашылық саласына да бұрды. Президент Назарбаев іскер қауымға «Егер сіздер осындай жобаларға қатысатын болсаңыздар мен сіздерге күнделікті көмектесетін боламын» деп уәде бергенін жазады «Литер» басылымы.
XS
SM
MD
LG