Accessibility links

Баспасөзге шолу. 09.07.2005 жыл

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Сәрсенбі күнгі жарық көрген басылымдар, Жаңа Орлеандағы Катрина дауылынан зардап шеккендердің тағдырына айрықша назар аударыпты. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ экс-президенті Билл Клинтонмен кездесуі кезінде АҚШ-тағы табиғат апатынан зардап шеккендерге қаржылық жағынан қолдау көрсетуге уәде беріпті.

“Навигатор” интернет-басылымында жарық көрген “Америкадағы үрей” атты мақалада Луизиана штатының сенаторы Дэвид Виттердің Жаңа Орлеанда қаза тапқандар санының 10 мыңға жуықтап қалуы ықтимал екендігі туралы айтқан болжамы беріліпті. Мақала авторының айтуынша, Жаңа Орлеанда орын алған оқиғаға байланысты Америка Құрама Штаты өзінің тарихында тұңғыш рет басқа елдерге қол созып, көмек сұрай бастаған. Газет тілшісінің хабарлауынша, қазіргі уақытта Ресейден құтқарушыларымен бірге екі самолет, ал, Қытайдан 5 миллион доллар қаржылай көмек келген. Сондай-ақ автор өз мақаласында Жаңа Орлеанда болған оқиғадан кейін біраз уақыт бойы Америка Құрама Штаты демократия мен адам құқығына байланысты мәселелерді кейінге шегере тұруы мүмкін екендігі туралы болжам жасапты.

Саясаттанушы Сәбит Жүсіпов “Навигатор” интернет-парақшасына берген сұхбатында, Жаңа Орлеанда Катрин дауылының соғатындығының алдына-ала белгілі болғандығына тоқталып, Америка Құрама Штатының геосаяси мәселелерге қатты көңіл бөліп, өз еліндегі қауіпсіздік мәселелерін назардан шығарып алғандығына атап өтіпті. Сәбит Жүсіповтың пайымдауынша, егер Алматы қаласында осындай оқиға орын алса, оның қасіреті Жаңа Орлеандағыдан да зор болуы ықтимал.

“Газета kz” апталығы болса, Америка Құрама Штаты Ұлттық Қауіпсіздік министрі Майкл Чертофтың Жаңа Орлеандағы жағдайдың толық бақылауда екендігін мәлімдегендігін хабарлапты. Сондай-ақ мақалада Америка Құрама Штатының Президенті Джордж Буштың Жаңа Орлеандағы жағдайды “Бойнг 747” самолетінен бақылағандығы және оны Американың тарихындағы ең ірі зауал деп бағалағандығы айтылыпты. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, Жаңа Орлеандағы полиция жүздеген қызметкерлерін таба алмай қалған. Дауылдан кейін екіжүзден астам полицейлер жұмысқа шығудан бас тартқан.

“Аргументы и факты” газетінде “Американдық азаматтық инженерлер қоғамының” “Гардиан” атты ағылшын басылымы арқылы барлық қаржының Ирактағы соғысқа кеткендігіне байланысты, Жаңа Орлеандағы бөгесіндердің күрделі жөндеуден өтпегендігін хабарлағандығы айтылыпты.

“Экспресс К” басылымындағы “Нью Йорк таймс” газетінен көшіріліп басылған мақалада, Америка Құрама Штатының экс-президенті Билл Клинтонның Хюстонда болып, баспанасыз қалған Жаңа Орлеан тұрғындарымен кездескендігі баяндалыпты. Мақала авторының айтуынша, кейбір сарапшылар экс-президент Билл Клинтонның Жаңа Орлеандағы орын алған оқиғаға байланысты АҚШ-тың президенті Джордж Бушқа көмектесуге ниет білдіруінің артында саяси есеп жатыр деген қорытынды жасап үлгіріпті.

“Литер” басылымы Америка Құрама Штатының экс-президенті Билл Клинтонның Алматыға келіп, Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескендігін хабарлапты. Автор өз мақаласында қазіргі уақытта Америка Құрама Штатының экс-президенті Билл Клинтонның Катрин дауылынан зардап шеккендерге көмек көрсету жұмыстарымен айналысып жүргендігіне баса назар аударыпты.

Ал, “Айқын” басылымында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың АШҚ экс-президенті Билл Клинтонмен кездесуі кезінде, АҚШ-тағы табиғат апатынан зардап шеккендерге қаржылық жағынан қолдау көрсететінін айтқандығы сөз болыпты. Өз кезегінде АҚШ-тың экс-президенті Билл Клинтон Қазақстанның соңғы жылдардағы жетістіктеріне сүйсінетінін жеткізіп, бұл жолда Нұрсұлтан Назарбаевқа үлкен табыстар тілепті.
XS
SM
MD
LG