Accessibility links

Оппозициялық «Алға» партиясы Н.Назарбаевты алдағы президент сайлауына түспеуге шақырып отыр

  • Досан БАЙМОЛДА

Қыркүйектің 2-сі күні Алматыда Қазақстанның сот, прокуратура орындары тарапынан іс-қызметіне тиым салынған бұрынғы «Қазақстанның демократиялық таңдауы» саяси партиясының орнына жаңадан құрылып жатқан «Алға» халық партиясын ұйымдастыру комитеті Қазақстандағы саяси реформалар мен алдағы болатын президент сайлауына қатысты арнайы мәлімдеме таратты.

Саяси мәлімдеме Қазақстан президенті Н.Назарбаевтың жуырда Қазақстан халқымен тікелей телеэфир арқылы сұхбаттасқан кезде және Қазақстан парламенті палаталарының біріккен отырысының ашылуында сөйлеген сөздеріне қарап, президент алдағы жеті жыл бойы тағы да билік басында отырғысы келетіндігі аңғарылады делінген.

«Егер де шынымен ол билік басында осылай отыра берсе, Қазақстанда ешқандай саяси реформа болмайтындығына көзіміз жеткендіктен осы мәлімдемені таратуға мәжбүр болып отырмыз», - деді «Алға» халық партиясын ұйымдастыру комитетінің төрағасы Асылбек Қожахметов.

Ал осы партияны ұйымдастыру комитетінің мүшесі Бақытлы Түменованың айтуынша, ең дұрысы президент алдағы сайлауға қатыспай, басқа үміткерлерге жол бере отырып, сайлауды әділ, таза өткізіп берсе, онда тарихта аты қалмақ. Сондай-ақ, жаңадан құрылып жатқан осы саяси партияны құрушылар өкіметке арнап бірқатар талаптарын қойып отыр. Б.Түменованың айтуынша, ең алдымен билік алдағы сайлауды өткізерде электронды дауыс беру жүйесінен бас тартуы керек, сондай-ақ, сайлауға үміткер ретінде түсетін кандидаттарға бірдей мүмкіндік берілуі керек және сайлау учаскелерінде барлық саяси партиялардың өкілдеріне бақылаушы ретінде қатысуға мүмкіндік берілуі керек.

«Ең дұрысы, Орталық сайлау комиссиясы Қазақстанда қанша сайлаушы, яғни сайлау жасындағы адамдар бар екендігін анық, ашық түрде жариялағаны жөн болмақ», - дейді Б.Түменова.

«Алға» халық партиясын құрушылар өз мәлімдемелерінде биліктен елдегі оппозицияға қарсы түрлі қыспақтар мен қуғындауды жасамауға шақырыпты. «Қазақстандағы оппозициямен шынайы диалог әңгіме құратын уақыт жетті, сондықтан Қазақстанда саяси реформалар өткізуге қатысты мәселені бірлесіп талқылайтын кез келді деп санаймыз» делінген аталмыш мәлімдемеде.

Ал, алдағы президент сайлауына қатысты «Алға» халық партиясы біріккен оппозиция атынан алдағы президент сайлауына ортақ үміткер - «Әділетті Қазақстан үшін» қоғамдық қозғалысының төрағасы Жармахан Тұяқбайды қолдап дауыс береді, деді А.Қожахметов.
XS
SM
MD
LG