Accessibility links

Ирақ елбасы Талабанидің айтуынша, Саддам Хусейн өз айыптарын мойындауда

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Ирақ елбасы Талабанидің айтуынша, Саддам Хусейн өз айыптарын мойындауда. Зерттеу комиссиясы оның билігі кезінде орын алған кісі өлтірулерді Саддам Хусейннің қылмыс ретінде мойындауына қол жеткізген. Оның соты қазанның 19-да болады, деп өткен айда Ирақ өкіметі хабарлаған болатын.

Ирақ елбасы Жалал Талабанидің айтуынша, Саддам Хусейн өз билігі кезіндегі кісі өлтірулер мен басқа да қылмыстарын мойындаған. Оның ішінде 1980-ші жылы мыңдаған күрдтерді қыру да бар. Өзі де күрд өкілі Талабани былай деген еді: “Оның мойындаған қылмыстары қатарында, мысалыға айтқанда, күрдтерге қарсы әл-Анфал және басқа кісі өлтірулер де бар. Саддам: “бұл бұйрықтарды мен бердім”, деді. Саддам өлім жазасына 20 есе лайық. Бұл жерде оны өлім жазасына кесуге дәлел ретінде 100 шақты себеп бар”, - деді Ирақ елбасы.

Саддам Хусейннің сотын тездетуді Ирақ өкіметінің талап етіп отырғаны жөнінде елбасы Талабани мәлімдегеннен кейін мұндай қадаммен кейбір сарапшылар келіспеуде.

Лондонда орналасқан Жейн ақпарат тобы деп аталатын ұйымның Таяу Шығыс бойынша маманы Девид Хартвел Азаттық радиосына берген сұхбатында Саддам Хусейннің соты саяси ахуал жағдайында өткелі отыр, деді. Сарапшы Хартвелдің пікірінше Талабанидің бұл мәлімдемесі елдегі сүнні азшылығына тізе батыруға тырысудың бір қадамы болса керек.

“Ата заң жобасын дауысқа салу барысында Талабанидің бұл жасап отырған мәлімдемесі Сүнні қауымдастығына өктемдік көрсетуге тырысушылық болар”, - дейді сарапшы.

Сүнні басшылары ел Ата заңы жобасына қарсы шығуда. Әсіресе, федерализм ұсыныстарын олар қолдамай отыр. Ол бойынша елдегі көпшілік боп табылатын шиилер және солтүстіктегі күрдтерге көп билік берілмекші.

Саддамға тағылатын алғашқы айыптың бірі 1982-ші жылы Дужайл қаласында шиилерді қырудағы рөлі үшін болмақшы. Ол жолы сол қалада Саддамның өміріне біреулер қол салмақ болған екен. Хусейн мырзаның кезіндегі жақын көмекшілері де сотқа тартылатын болады.

Елбасы Талабани өз мәлімдемесінде Саддам өлімге 20 мәрте лайық десе де, ондай бұйрыққа қол қоймайды екен. Баспасөз көмекшісінің айтуынша, Талабани өзінің орынбасары, доктор Адел Абдел Мехдиге өз атынан осындай шараны атқаруға бұйрық берген.

Сарапшы Хартвелдің пікірінше Талабанидің мәлімдемесіне қарап, сот ісі басталмастан жатып Саддамға өлім жазасы шығарылып қойған ба, деген ойда қаласың. Заңдық тұрғыдан келгенде мұндай мәлімдеменің жасалатын реті жоқ. Бұл Талабаниге де, сот үдерісіне де абырой әкелмейді. Елбасы Талабанидің мұндай мәлімдемесін Саддам Хусейннің заңгерлері шүбамен қарсы алып, мәлімдеменің сотқа кесірі тиетіндігін ескертті. Сондай-ақ оның заңгерлер тобы толық дайындық жүргізуге уақыттың аз бөлінгендігін айта отырып, келер айға белгіленген сот жұмысын кейінге шегертпекші. Саддам отбасының заңды кеңесшісі Абдел Хақ Алани болса, Ирақтық прокурорымен кездескенде Саддамның ешқандай мойындау жөнінде айтпағандығын хабарлап отыр. АҚШ әскерилері 2003-ші жылдың желтоқсан айында ұстап алғалы бері Саддам Хусейн түрмеде отыр. Оған тағылатын айыптар өткен жылы жарияланған болатын.
XS
SM
MD
LG