Accessibility links

Чернобыль апаты әсері жайлы БҰҰ баяндамасы сынға ұшырап отыр

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Чернобыль пататынан зардап шеккен елдердегі табиғат қорғаушы белсенділер мен зерттеушілер БҰҰ жариялаған баяндаманы сынға алуда. Баяндамада айтылғанындай, аталған апат салдары күткендегідей аса қатерлі болмай шыққан. 100-ден аса ғалымдар қатысқан зерттеу тобы осындай тоқтамға келісті.

Чернобыль форумы деп аталатын топтың жариялаған баяндамасы бойынша, апаттың алғашқы күндерінде уланып, қаза болған жұмысшылармен қосқанда барлығы 4 мыңдай адам қаза болған. Бұл- күткендегідей аса қатерлі көрсеткіш емес. Аталған топ құрамында БҰҰ-ның сегіз агенттігінің сарапшылары және Халықаралық атом энергиялық агенттігі өкілдері де бар. Мұндай қорытынды Беларусия, Украйна және Ресейге көрсетілетін ұлттық және халықаралық көмек бағдарламаларына кері әсерін тигізуі мүмкін.

Баяндама қорытындысымен Чернобыль апатынан зардап шеккен елдер өкілдері келіспеуде. Солардың бірі - “Украин балаларын Чернобыль апатынан сақта” деп аталатын қайырымдылық қорының басшысы, Украина Парламентіндегі Радиация қауіпсіздігі комиссиясының кеңесшісі Наталя Преображенска. Оның айтуынша 1986-шы жылы Чернобыль ядролық бекетінде болған жарылыс салдарлары халық денсаулығына әлі әсер етіп келеді.

“Бұл-сұмдық! Атом энергия агенттігі мәлімдемесі тағы да қылмыстық боп шықты. Менің ойымша, біздің қолымыздағы мәліметтер мен Атом энергия агенттігінің не айтып отырғандығын Гаага сотының салыстырып қарайтын уақыты жетті”, - деді Преображенска.

Оның айтуынша елдегі рак ауруына шалдығудың 150 мыңнан аса жағдайы 2003-ші жылы ғана тіркелген екен. Сондай-ақ радиациялық улану зардаптарының Беларустық зерттеушісі Юри Бандажевский де БҰҰ баяндамасымен келіспеуде. Ол Гомел университеті ректоры болып тұрғанда студенттерді шетелде оқыту үшін пара алды деген айыппен 7 жыл түрмеге жабылған еді. Мұндай айыптауларды ол мойындамауда. Үстіміздегі жылдың тамыз айында 4 жыл отырғаннан кейін бостандыққа шығарылған болатын. Өзінің айтуынша, Чернобыль апаты жайлы ашық айтқаны үшін Беларус билігі одан осылайша өш алған. Баяндаманы дайындау барысында БҰҰ ғалымдарының қолданған зерттеу тәсілдерін ол сынға алып отыр.

Чернобыльге байланысты мәселені көптен бері зерттеп келе жатқан ғалым және Беларус Ғылым Академиясының мүшесі Иван Никитчанка да БҰҰ тобының баяндамасын сынауда.

“Аталған форумнан ешқандай пайда жоқ. Себебі Беларус елбасы Александр Лукашенко жолдас: “2001-ші жылдан бастап ешқандай Чернобыль проблемасы жоқ”, деген болатын. Мәселе міне осымен бітті”, - деген ойларын ғалым «Азаттық» радиосына берген сұхбатында ортаға тартты.

Келесі бір зардап шеккен елдер - Ресей мен Норвегия да аталған баяндамаға көңілдері толмауда.

“Баяндамада сол апат әсерінен ерте қаза болғандар саны қаперге алынбай отыр”, - дейді Ресей Жасылдар қозғалысының үйлестірушісі Владимир Чупров.

Халықаралық Атом энергиялық агенттігінің ұйымдастыруымен Венада сейсенбі күні Чернобыль форумы өз жұмысын бастады. Кейбір сарапшылардың пікірінше Чернобыльдің радиациялық әсерінен гөрі әлеуметтік салдары- басымдау. Сондықтан сол аймақ адамдарына көмек бөлетін кез жетті, дейді олар.
XS
SM
MD
LG