Accessibility links

АҚШ Конгресінің өкілдер палатасы мен Сенатының лидерлері “Катрина” дауылынан шыққан апат салдарымен күрестің барысын тергейтін бірлескен комиссия құру жөнінде уағдаласты. АҚШ-тың Демократиялық партиясынан сайланған сенатор Хиллари Клинтон 2001 жылдың 11 қыркүйегіндегі шабуылға тергеу жүргізгендей, 2 партияның өкілдерінен жасақталған комиссия құруды ұсынды. Оның алдында президент Дж.Буш федералдық биліктің іс-қимылын өзі тергейтінін мәлімдеген болатын. Бірақ “Катрина” дауылының салдары үшін президенттің өзі тікелей айыпты деп сынағандар Дж.Бушты осы сөзі үшін тағы келеке етті. Соңғы қоғамдық сауалнаманың нәтижесіне сәйкес, оған қатысқан халықтың 42 пайызы Дж.Буштың апат салдарымен күресін “нашар” немесе “тіпті нашар” деп бағалауы осындай мәселені көтеруге түрткі болып отыр. Онымен қарама-қатар президент Дж.Буш апат салдарымен күреске Конгрестен 50 млрд. доллар қаржы бөлуді сұрамақшы.

Нью-Орлеандағы су қайта бастаған кезде, Вашингтондағы саяси күрес-тартыс керісінше қыза түсті. “Катрина” дауылынан келген апатқа байланысты доғарылғандай болған саяси теке-тірес қайта өрши бастады. Президент Дж.Бушқа “қолынан іс келмейді”, “жаны ашымайды”, “менмен”, “өзімшіл” дегендей ащы сындар жан-жағынан қардай борады. Президенттің атына бірінші болып өткір сын айтқандардың бірі сенатор Х.Клинтон ханым болды.

“Катрина” дауылы соққаннан кейін 27 тамыз күні президент (АҚШ президенті Дж.Буш. Ред.) төтенше жағдай туралы құжатқа қолын қойған кезде, федералдық билік осы апаттың салдарымен күресуді өз қолына алатынын мәлімдеді және қандай себеп болмасын, бірақ ол жұмысты жөнімен атқармады”, - деді сенатор.

“Федералдық үкіметтің атқарған ісін өзім тергеймін” деген Дж.Буштың сөзін Х.Клинтон да күлкі етті.

"Мен үкімет өзінің ісін өзі тергей алады деп ойламаймын. Міне сол себепті де мен тәуелсіз тергеу жүрзізуге шақырып отырмын”, - деді Х.КЛИНТОН.

Дегенмен де Сенаттағы демократтардың лидері Нэнси Пелозидің президентті жермен-жексен етіп сынаған пікірімен салыстырғанда Х.Клинтонның бұл сөздері жұмсақтау көрінеді. Н.Пелози Дж.Буштың төтенше жағдайлар жөніндегі федералдық агенттіктің басшысы етіп тағайындаған Майкл Браунды қызметінен алуды талап етіп отыр. М.Браун - бұрын ат спорты мерекелерін ұйымдастырушы қызметін істепті. Нэнси ханымның мәлімдеуінше, барлық жауапкершілікті Дж.Буш өз мойнына алуға тиіс.

“Төтенше жағдайлар жөніндегі федералдық агенттіктің басшылығына ондай қызметтен ешқандай тәжірибесі жоқ Майкл Браунды таңдап қойған сол - Дж.Буш. Мен президентке “М.Браунды қызметтен босат” дегенімде, оның маған: “Менің оны неге босатуым керек!?” деп жауап бергенін сіздер білесіздер. Өткен аптада істің атүсті атқарылып жатуын көрген соң мен оған осылай дедім” – деді Н.ПЕЛОЗИ.

Бірақ “Катрина” дауылынан кейінгі апатқа душар болған аймақтардағы федералдық биліктің атқарған іс-әрекетіне сын көзбен қарайтын жалғыз демократттар емес. Вашингтонда саясаткерлер бір-бірімен осылайша тіресіп жатқанда, Нью-Орлеан қаласында, қала әкімінің бұйрығы бойынша, армия жауынгерлері мен полиция қызметкерлері аула-аула, үй-үйді аралап, қалада қалған ең соңғы тұрғындарды күштеп көшіріп жатыр. Апатқа дейін 500 мың халық мекендеген қалада 10 мыңға да жетпейтін тұрғын қалған тәрізді. Жұқпалы аурулар етек жаяды деген бастапқы үрей орынсыз болып шықты. Денсаулық сақтау мекемесінің өкілдері судағы түрлі бактерияның мөлшері үйреншікті деңгейінен 10 есе ғана көбейген деп мәлімдейді. Бірақ әлі де сүзек пен тырысқақ сынды жұқпалы аурулар жайыла ма деген қауіп бар. “Катрина” дауылы соққан штаттардың әлеуметтік-экономикалық жағдайына қаншалықты зиян келгенін мынадан байқауға болады: осы аймақтар алдағы бірнеше ай бойы 400 мыңдай жұмыс орнын қажет етеді. Қаржы сарапшыларының есебі бойынша, “Катрина” дауылы сақтандыру компанияларын 35 млрд. доллар шығынға түсіреді. Алайда құнды қағаздармен жұмыс істейтін бір компанияның сарапшысы Эдам Клобер қайта қалпына келтіру жұмыстары ойлағандағыдан әлдеқайда ерте аяқалады деп санайды.

“Бұл дауылдың салдарын жұтып қоя алатындай өнеркәсіптің (экономиканың. Ред.) халі қазір өте жақсы. Бірнеше жылға созылған күрт қымбаттаудан кейін өнеркәсіптің капиталы жақсарды”, - дейді сарапшы Э.КЛОБЕР.

Э.Клобердің айтуынша, қайта қалпына келтіру жұмыстары басталысымен бизнес те жөнге келеді. Луизиана, Миссисипи және Алабама штаттары өздеріне тиген 100 млрд. доллар шығынды жабудың қамын қарастыруға тиіс. Президент Дж.Буш осы штаттарды қалпына келтуруге Конгрестен 50 млрд. доллар ғана қаржы сұрап отыр.
XS
SM
MD
LG