Accessibility links

Қазақстан дәрігерлерін елде демікпе дертінің өршіп бара жатқандығы алаңдатып отыр

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Әлемде жас, жыныс талғамайтын аллергия, демікпе ауруларына шалдыққандар саны артып отыр. Ресми дерек бойынша Қазақстанда бұл аурудың тауқыметін тартушылар өткен 2004 жылы 4 млн 54 мың адамға жеткен. Мамандар бұл ауруға шалдыққандарға Қазақстанда жеңілдіктер қарастырылмағанын айтады. Мамандар бұл дертке қарсы дәрі-дәрмектердің көбі алыс және жақын шетелдерден әкелінетіндіктен жетіспей жататын айтады.

Рымжан Тілекова аллергиялық аурулармен 6 жылдан бері науқастанады.

“Ауылды жерде тұруыма байланысты дәрігерге көріне алмай уақытымды өткізіп алдым. Алғашында тұмау ма деп мән бермедім. Кейіннен дәрігерге бардым, бірақ олар ұзақ уақыт диагноз қоя алмады”, - дейді Рымжан.

Алматыдағы №1 қалалық клиникалық ауруханасының аллергология бөлімінің меңгерушісі Шолпан Төремұратова:

“Уақыт өткен сайын аллергиялық аурулардың жаңа түрлері пайда болып, тамырын тереңге жайып келеді. Бұл науқасқа уақытында нақты диагноз қойып емдеуге кедергі келтіріп жатады. Өсімдіктің тозаңынан болатын аллергияның түрлері өте көп. Аурудың басты қоздырғыштары - шаң-тозаң, темекі түтіні, көктем кезінде аллергия тудыратын құрт-құмырсқа мен өсімдіктер. Бұл ауру бүгінде үлкендер арасында да, балалар арасында да кең таралып отыр. Үлкендер арасында 30 жастан асқан әйелдер көп сырқаттанады”, - дейді.

Ал науқас Рымжан Тілекова соңғы жылдары асқынып бара жатқан бұл науқастан шаршағандығын айтады.

«Бұл аурудың жазылмайтыныа көзім жетті. Дәрігерге қараласың, дәрі-дәрмек қабылдайсың - бәрі уақытша», - декп шағынады науқас әйел.

Ресми дерек бойынша дүние жүзінде демікпеге шалдыққандар саны 150 млн болса, олардың 4 млн 54 мыңы Қазақстанда тұрады екен. Мамандар Қазақстанда демікпемен ауыратындарға үкімет тарапынан ешқандай жеңілдіктер қарастырылмағанын, тек 5-жасқа дейінгі сәбилер мен жүкті әйелдер, соғыс ардагерлері мен мүгедектер ғана жеңілдіктер пайдалана алатынын айтады. Олар бір науқасты емдеу үшін жылына 2 мың АҚШ доллары көлемінде қаржы қажет екендігін айтады. Тері және венерологиялық аурулар ғылыми-зерттеу институтының директоры Гүлсім Асқарованың айтуынша, аллергия, демікпе ауруларына қажетті дәрі-дәрмектердің көбі алыс және жақын шет елдерден әкелінеді екен.

“Мамандарға дәрі-дәрмектердің жетіспеушілігі тосқауыл болуда”, - дейді ол.

Оның айтуынша, науқасты емдеуге қажетті дәрілердің көбісі Қазақстанда тіркелмеген. Тіркелмеген дәріні дәрігерлер қолдана алмайды. Алматы қалалық денсаулық сақтау департаментінің мәліметі бойынша Алматы қаласында бронхитті демікпе мүгедектігіне шалдыққан 87 бала ресми тіркеуге алынған. Қалада жаңа туған сәбиден бастап естияр балалардың 1000-нан астамы азық-түліктің немесе дәрі-дәрмектің кейбір түрінен аллергиялық ауруларға шалдыққан.

“Мұндай көрсеткіш мамандарды алаңдатып, қалалық департамент №1 қалалық клиникалық ауруханасының “аллергология” бөлімін қалалық орталыққа айналдыру жөнінде бұйрық шығарды”, - дейді сол бөлім меңгерушісі Шолпан Төремұратова.

Ол орталық қайта құрылатын болса мамандар да, құрал саймандар да көбейеді дейді.
XS
SM
MD
LG