Accessibility links

Баспасөзге шолу. 09.09.2005 жыл

  • Досан БАЙМОЛДА

Жұма күні Қазақстанда жарық көрген басылымдардың басым көпшілігі Қазақстанда алдағы болатын президент сайлауы тақырыбын көтеріпті.

«Айқын» басылымы өзінің жұмалық санында Орталық сайлау комиссиясының ел президенттігінен үміткерлерге бірдей мүмкіндік берілетіндігі туралы айтқан мәлімдемесіне ерекше тоқтала кетуді жөн санапты. Газет тілшісі Бесбоғда Алтайдың жазуына қарағанда Қазақстан Республикасы президенттігіне үміткерлерді ұсыну басталып кеткен. Президенттіктен үміткерге қойылатын басты талаптарға келер болсақ, ол адам тумысынан Қазақстан азаматы болып табылатын, қырық жасқа толған, мемлекеттік тіл - қазақ тілін еркін меңгерген болуы тиіс. Сонымен қатар, үміткер өзін қолдайтын сайлаушылардан кем дегенде 85989 қол жинауы тиісті. Егер үміткер осы заң талаптарын орындаса онда Орталық сайлау комиссиясының есеп-шотына 460 мың теңге мөлшерінде сайлау жарнасын төлеуі тиіс дейді газет тілшісі. Ал осы жолғы сайлауды өткізуге үкімет қоржынынан 3 миллиард теңге қаржы бөлген. «Айқын» газетінің хабарлауынша, президент болудан үміткер алғашқы адамның есімі белгілі болды. Ол - сенатор Уәлихан Қайсар. Ал кейбір партиялар сайлау алдында қәзіргі президентті қолдау үшін халықтық коалиция құруға шақырып отыр. «Асар» партиясының саяси кеңесі көтерген бұл ұсынысты Қазақстан демократиялық партиясы мен «Отан» партиясы қолдап отыр деп жазады «Айқын» басылымы жұма күнгі санында.

Ал осы алдағы сайлау тақырыбын көтерген «Азамат.kz» басылымы жұма күнгі санында «Сайлау басталмай жатып, үрей басталды» деген тақырыппен тілші Асқат Еркімбайдың мақаласын жариялапты. Оның жазуынша алдағы сайлаудың қалай өтетіндігінен үрейленген саясаттанушы, журналистерден құралған бастамашыл топ «Әділ сайлау үшін» атты қоғамдық қозғалыс құрғандарын жариялап отыр. Күні ертең сайлау нәтижесі белігіл болғанда екі топ (билік пен оппозиция) сайлау дауысын әркім өзінің жағына бұра тартуға тырыспақ, сол кезде қоғам атынан біз «еxit-poll» тәсілімен өткізген сайлау қортындысын ұсынамыз, яғни халыққа билік пен оппозициядан бөлек дәлелдер келтіреміз депті белгілі саясаттанушы Сәбит Жүсіпов өзінің осы басылымға берген сұқбатында.

Ал осы сайлау тақырыбын қозғаған «Апта.kz» басылымы жұмалық сауалнамасында «президент сапарлары сайлау науқанының ерте басталғандығын көрсете ме?» деген сұрақты бірқатар саясаткер, саясаттанушыларға қойыпты. Саясаткер Болатхан Тайжан елде сайлау науқанының ақпан айынан бері жүріліп келе жатқандығын президенттің республиканың барлық облысытарын аралап әр түрлі әлеуметтік топтармен кездесулер өткізуі ашықтан ашық сайлауға дайындық деп айтса ал саясаткер Әміржан Қосанов президенттің облыстарды аралған сапарларында бюджеттік мекемеде қызмет істейтін азаматтар әкімшілікке кіріптар болғандықтан өз қошеметін, қолдауын көрсетуге мәжбүр жағдайда ал оған президент алданып жатса ол өзінің жеке мәселесі деген жауап берген.

Апталық «Қазақ әдебиеті» басылымы жұма күнгі санында ақын, мәжіліс депутаты Мұхтар Шахановтың «Керексіз адамдар мәселесі» деген тақырыппен жазылған депутаттық мәлімдемесін жариялапты. Ақын М.Шаханов Қазақстандағы жұмыссыздық мәселесін қозғай отырып, бұған барлық мекемелер мен кәсіпорындарында, фирмаларда жасы 40-тан асқан адамдарды жұмысқа алмаудың жазылмаған заңға айналғанын айта отырып, осыған тосқауыл қою қажет деген өз ойын үкімет назарына ұсыныпты.

Ал, апталық «Ана тілі» басылымында жарық көрген тілші Мырзан Кенжебайдың «Қазақ обалы жоқ халық па?» деген мақаласында Қазақстанға шеттен ядролық қалдықтарды әкеліп көмуді қос қолдап қоштап осыны қалайда іске асыруды ойластырып жүрген үкімет шенеуніктерін сынға ала отырып бұның қаншалықты қиын күрделі мәселе екендігіне тоқталыпты. «Қазақстан кеңес заманынан бері онсыз да осы атом полигонына айналғаны өтірік емес, оның зардабын осы күнге дейін тартып отыр. Енді біреудің ядролық қалдықтарын әкеліп қазақ топырағына көмсек онда бұл адамзат баласына жасалған қылмыс болмай ма?», дейді газет тілшісі.
XS
SM
MD
LG