Accessibility links

Жарылғыш зат туралы суыт хабар Жаркенттегі мектептерде оқуды тоқтатып қойды


Қыркүйектің 9-күні Алматы облысындағы Жаркент қаласы мен қала маңындағы ауылдардағы - барлығы 12 мектептің оқушылары сабаққа барған жоқ. Белгісіз біреулер Жаркент қаласының мектептерінде жарылғыш заттар бар деп телефон шалған соң, мектептердің бәрінде төтенше жағдайлар жөніндегі министрлік мамандары жарылғыш затты іздеп, әуреге түсті.

Жұма күні түстен кейін Алматы облысындағы төтенше жағдайлар жөніндегі департамент қызметкерлері Жаркент қаласының 12 мектебінде жарылғыш заттардың жоғын анықтады. Бұл жөнінде департаменттің кезекші қызметкері Владимир Пономарев былай деп хабарлады:

«Жаркенттің 12 мектебі тексеруден өтті, бірақ ешқайсынан жарылғыш зат табылмады».

Бұл мектептерді мамандар қыркүйектің 8-күні кешкісін келіп түскен телефон қоңырауынан кейін тексере бастаған еді. Белгісіз біреу қол телефоны арқылы қала мектеп ғимараттарында жарылғыш зат бар деп хабарлаған. Қазіргі кезде мамандардың айтуынша, арнайы қызмет өкілдері әлгіндей суық хабарды, айтып кім телефон шалғанын анықтап жатыр. Алматы облысы әкімшілігінің баспасөз қызметкері Ерлік Құсмановтың айтуынша, телефон шалып, жалған ақпаратпен жұртты дүрліктірген азаматтар ол ісі үшін Қазақстан заңдары бойынша жауапқа тартылады.

«Егер бұл азаматтар қолға түссе, онда олар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Сондай-ақ, оған кеткен материалдық шығынды, кей жағдайларда моральдік шығынды да өтейді. Себебі, әлгіндей ақпараттан кейін, жарылғыш зат бар деген ғимаратта жұмыс істейтін қанша мекеменің жұмысы тоқтап тұрады, көптеген қызмет жұмыс жасайды».

Негізінен, мұндай жалған ақпарат таратып, телефон шалатындардың арасында мектеп оқушылары жиі кездеседі дейді мамандар. Мәселен, Алматыдағы төтенше жағдайлар мекемесінде көмек көрсететін арнайы қызмет өкілі Нина Петунинаның айтуынша, аптасына мұндай бірнеше телефон қоңырауы болып тұрады екен.

Алматы қаласы бойынша мұндай ісі үшін 8 адам жауапқа тартылған, ал биылғы жылдың 8 айында тек Алматы қаласы бойынша, 20-дан астам адам телефон шалып, жалған ақпарат таратқаны тіркеліпті. Алматы қалалық ішкі істер басқармасының баспасөз қызметінің маманы Ернұр Зейнешұлының айтуынша, жауапқа көп жағдайда әлгіндей «телефондық терроризммен» шұғылданатын балалардың ата-аналары тартылады.

«Мұндай телефон шалушылардың арасында мектеп оқушылары да бар, үлкен азаматтар да бар, мәселен бір рет бір әйел телефон шалған болатын. Кейіннен ол қолға түсті, ал жүргізілген сараптама оның психикалық ауруға шалдыққаны туралы қорытынды шығарды», - деді ішкі істер органының өкілі.
XS
SM
MD
LG