Accessibility links

11 қыркүйек күні Америкаға террорлық шабуыл жасалғанына төрт жыл толды


Содан бері төрт жыл өтсе де, американдықтар 3 мыңға жуық адамның өмірін қиған террорлық шабуылдарда қираған ғимараттарды қалпына келтіруде. Біз 11 қыркүйек оқиғасын еске алуға арналған, үш тараудан тұратын әңгімеміздің алғашқысында - қыркүйек трагедиясы балалардың тағдырына қалай әсер етті, олардың өмірінде қандай із қалдырды деген тақырыпты қозғайтын боламыз.

Бұл қайғы мен қасірет әкелген шабуыл Нью-Йорк қаласында 2001 жылғы 11 қыркүйек күні таңғы сағат 8-ден 46 минут өткенде басталды. Дүниежүзілік сауда ғимаратының солтүстік мұнарасына алғашқы ұшақ - Боинг 757 жолаушы ұшағы келіп соғылған кезде жан шошырлық дыбыс және осы бір үрейлі сәтті төменде көшеде өз көздерімен көрген адамдардың айқайынан құлақ тұнатын еді.

Осылайша көптеген жанды қас пен көздің арасында опат қылған 11 қыркүйек күнгі террорлық шабуылдардың үрей мен қорқыныш ұялатар дыбыстары мен көріністерін сол оқиғадан бері төрт жыл өтсе де, түстеріне кіргенде шошып оянып, бір ғана "11 қыркүйек" деген сөздің өзі тұла бойларын түршіктіретін адамдар көп. Әсіресе, олардың көпшілігі балалар десек болады.

«Біз балалардың қыркүйекке қатысты айтқанын қаламаймыз. Менің атым Джон, менің әкем осы 11 қыркүйекте қаза тапты, - дейді психолог-дәрігер.

Донна Гаффни Нью-Йорктегі кәсіби психолог дәрігер. Ол 11 қыркүйек қасіреті әсер еткен балаларға алғашқы болып көмек қолын созған жандардың бірі:

«Біз балалардың өмірде қиындық көрмей өскенін қалаймыз. Олар бақытты жағдайда, өмірге құштарлықпен өсіп, адамдармен қарым-қатынаста жақсы тұрғыда болса, біз білеміз, баланың жан-дүниесі де солай жарқын да жайлы болып қалыптасады».

11 қыркүйек шабуылы өз өмірлеріне әсер еткен, ата-анасын немесе достарын жоғалтқан балалардың сол бір қаралы күннің қайғысын көтере алмай өліп кеткендері де болды.

АҚШ Білім министрлігінің 2002 жылғы зерттеулері қыркүйек террорлық шабуылдарынан кейін көп айлар бойына Нью-Йоркта ондаған мың баланың психологиялық проблемалардан арыла алмай, адам көп жиналған жерден қорқып, ұйықтағанда неше түрлі қорқынышты түстер көріп шошитындығын көрсеткен.

Гаффни көптеген проблема уақыт өте келе ұмтылғанымен, балалардың санасында террорлық шабуылдың қорқыныштары не себепті жылдар бойы өшпей, олардың психологиясына әсер етеді деген сұраққа, оның себебі - бала жүрегінің нәзіктігінен деп өзі жауап береді.

Бұл күндері Америкада 11 қыркүйек террорлық шабуылының төрт жылдығына байланысты көптеген еске алу шаралары өткізіледі, теледидар арналары болса, сол қасірет әкелген күннің қаралы көріністерін көрерменнің көз алдына қайта әкеледі:

«Сол сәтте көптеген адамдар терезелерден секіріп жатты. Менің өзім ең кем дегенде 13-14 адамның секіріп кеткенін көрдім. Бұл бір жаншошырлық жайт еді, мен оған әлі күнге сене алмаймын. 11 қыркүйек күні таңертеңгісін Әлемдік сауда үйінің алғашқы мұнарасы құлағаннан кейін бірер минут өткеннен бастап, Америка телеарналары талай күндер бойына осындай үрейлі сәттер көріністерін қайта-қайта көрсетіп жатты.

Гаффни болса, телеарналардан немесе басқа да БАҚ-нан осы бір жантүршіктірген минуттардың қайталанып көрсетіле беруі - әсіресе сол қасіретті күнді ұмытуға тырысқан балалар үшін өте қиын деп атап көрсетеді:

«Мен Нью-Йорктағы Әлемдік сауда үйі тұрған жерге жақын маңайдағы мектеп балаларымен жұмыс істеген едім. Бақытқа орай олардың ешқайсысына бұл жайттың жеке әсері бола қоймаған, балаларды батыс жақтағы жолмен эвакуациялаған екен. Олар үшін сол сәтте қанша қиындық болғанымен, олардың бәрі бірге болған. Олардың бірқатары ашық күнді қара түнекке айналдырған сол шабуылдың түтінін иіскеп, соның өзі естерінде жатталып қалған сәбилер».

Гаффни мен тағы басқа да жандар 11 қыркүйек шабуылы тағдырларына әсер еткен балаларға арналған талай бағдарлама жасауға көмектескен. Биыл сәуір айында Американың Қызыл крест ұйымы апатты жағдайлармен күрес агенттігі балалардың 11 қыркүйек оқиғасының зардаптарын ұмытуына көмектесетін телевизиялық бағдарламалар жасауды жалғастыруға 9 миллион доллар грант бөлетіндігін хабарлаған.
XS
SM
MD
LG