Accessibility links

Павлодарда “Хизб-ут-Тахрир” ұйымының үнпарақтарын таратып жүрген азамат ұсталды

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Қыркүйектің 12-сі күні Павлодар қаласында Қазақстан аумағында жұмысына тиым салынған “Хизб ут-Тахрир” діни ұйымының үнпарақтарын таратып жүрген бір азамат ұсталды. Құқық қорғау қызметкерлері ұсталған азаматтан 165 дана үнпарақ тәркілеген.

Бұл туралы сейсенбі күні “Азаттық” радиосына Павлодар облыстық Ішкі істер басқармасының баспасөз қызметкері Нина Цис растады. Оның айтуынша, құқық қорғау қызметкерлері дүйсенбі күні Павлодар қаласы көшелерінің бірінде күндізгі сағат 11-30 шамасында қала дүкендерінің бірінде сатушы болып жұмыс істейтін 19 жастағы азаматты ұстап, оның сумкасынан “Хизб-ут-Тахрир” ұйымының 165 дана үнпарағын тәркілейді.

“Үнпарақтармен ұсталған азаматтан қала аумағынан ешқайда кетпеу жөнінде қол хат алынып босатылды”, - дейді Нина Цис.

Жалпы бұл биылғы жылы Павлодар көшелерінде “Хизб-ут-Тахрир” үнпарақтарын таратудың үшінші оқиғасы болып отыр. Бұған дейін шілденің 27-сінде 19 жастағы екі студент пен 27 жастағы жұмыс істемейтін қала тұрғынынан 800-ден астам үнпарақтар тәркіленген.

“Бұған дейін тәркіленген үнпарақтар сараптамаға жіберілген болатын”, - дейді Павлодар облыстық ішкі істер басқармасының баспасөз қызметкері Нина Цис.

Ал Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының баспасөз қызметкері Оңғар қажы Өмірбек: “Жұмысына тиым салынған ұйымның үнпарақтарын тарату оқиғасы биылғы жылы Алматы қаласында орталық мешіт алдында екі рет тіркелді. Оның бірі – құрбан айт кезінде өздерін “Хизб-ут-Тахрир” ұйымынанбыз деген қыз-жігіттер жұма намазға жиналған халыққа үнпарақтарын таратпақшы болған. Екіншісі – осы жуырда ғана болды. Бұл оқиғалардан кейін Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы баспасөз арқылы халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізді”, - дейді.

“Қазақстан құқық қорғау қызметкерлері республика заңына сәйкес ұсталып жатқан азаматтардың жасына немесе басқа да себептеріне назар аудармайды. Оның бәрі техникалық тұрғыдан қарағанда заңға сиып тұр. Бірақ осындай іс-шаралардың адамдардың қоғамдық-діни өміріне әсерін ешкім зерттеп жатқан жоқ. Жастарды тәрбиелейтін, оларға тәрбиелік мәні бар іс-әрекеттерді жасауымыз керек. Бұл тек қана процессуалдық іс-әрекеттермен шешілмейтін мәселе. Бізде сондай бір солақай көзқарас бар. Ол діни ұйымдармен жүйелі түрде жұмыс істейтін мекемелер болса, адамдар өздері жасап, қалыптастырып отырған кез-келген проблеманың шешімін өздері табар еді”, - дейді дінтанушы Мұртаза Бұлұтай.

Оның айтуынша, бұл мәселе бірнеше рет көтерілген. Алайда құзырлы орындар “Қазақстан зайырлы мемлекет. Біз дін мәселесіне араласпаймыз”, деген уәж айтқан.

“Егер дін мен мемлекет бөлек болса, онда неге мемлекет діни ұйым өкілдерін тұтқынға алады? Мемлекет дін мәселесіне атүсті қарауды қойып, бұл мәселемен дұрыс шұғылдану керек. Ол ұсталған азаматтарды кінәлағаннан біз ештеңеде ұтпаймыз”, - дейді Мұтаза Бұлұтай.

Сондықтан ол, мемлекет құқығын дұрыс қорғау үшін азаматтардың да діни-сенім бостандықтары мен еркіндіктерін жүзеге асыру үшін оның мехнаизмдерін ойластыруымыз керек, дейді.
XS
SM
MD
LG