Accessibility links

Баспасөзге шолу. 09.14.2005 жыл

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Сәрсенбі күнгі мерзімді және кейбір электронды басылымдарда жарық көрген мақалаларда алдағы Президент сайлауының қалай өтуі мүмкін екендігіне байланысты түрлі болжамдар жасалыныпты. Кейбір сарапшылар, Конституция бойынша бір азаматтың тек екі мерзімге Президент болып сайлануға құқысының бар екендігіне қарамастан, он бес жыл бойы билік басындағы Нұрсұлтан Назарбаевтың тағы да жеті жылға сайланатындығын сөз қылыпты.

“Газета kz” апталығында жарық көрген ақпараттар ағымында алдағы Президент сайлауына түсу үшін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Орталық Сайлау комиссиясына өз құжаттарын тапысырғандығы хабарланыпты. Газет тілшісінің хабарлауынша, Мемлекет басшысының Орталық Сайлау комиссиясының атына жазған өтінішін, Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді өкілдері табыс етіпті. Автор өз мақаласында президенттікке үміткерлердің тіркеуге шейін Орталық Сайлау Комиссиясына 90 мың теңге төлеуі керектігіне және ол қаражаттың кері қайтарылмайтындығына тоқталыпты. Заң бойынша, сайлаушылардың өз үміткеріне қаржылық көмек көрсетілуіне тиым салынбайды. Алайда ол қаржының көлемі 90 миллион теңгеден аспауы тиіс. Сондай-ақ мақалада Мемлекет басшысы алдағы сайлауға түсу үшін арыз бергенде, Орталық Сайлау комиссиясының ресми сайтының жұмыс істемей қалғандығы да баяндалыпты.

“Айқын” басылымы Астанада Қазақстанның Демократиялық партиясының құрылтайы өткендігі және онда президенттікке үміткер ретінде Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын ұсыну туралы шешімнің қабылданғандығын хабарлапты. Сонымен қатар Президентті жақтаушы Қазақстанның Демократиялық партиясы “Қазақстанның халықтық кооалициясы” блогына қосылу жөнінде шешім қабылдапты.

Ресей саясаттанушысы, “Саяси тап” журналының бас редакторы Виталий Третяков “Литер” басылымына берген сұхбатында Нұрсұлтан Назарбаевтың Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Елдері басшыларының арасындағы беделінің зор екендігін айрықша атап өтіпті. Өз сөзінде Виталий Третьяков Мәскеудің Нұрсұлтан Назарбаевқа қолдау көрсетіп отырғандығын және алдағы уақытта да оны жалғастыра беретіндігін тілге тиек етіпті.

“Нави” интернет-басылымында жарық көрген тәуелсіз журналист Сергей Дувановтың мақаласында Конституция бойынша бір адамның екі мерзімге ғана Президент болып сайлануға құқысының бар екендігіне қарамастан, он бес жыл бойы билік басындағы Нұрсұлтан Назарбаевтың тағы да жеті жылға сайланатындығы сөз болыпты. Сергей Дувановтың айтуынша, алдағы президент сайлауының науқаны “түрлі-түсті төңкерістерге” қарсы күрес жүргізумен бірге өткізіледі. Сол себептен де мақала авторы Қазақстандағы оппозицияның қойып отырған талабына қарсы қатаң соққы жасалатын болады деп есептейді. Мақала авторының болжамына сүйенсек, Назарбаевтың командасы Ресей Президенті Владимир Путиннің көмегінің арқасында қандай да бір төңкерісті болдырмау үшін қолдарынан келген барлық айла-амалдарын іске қосады. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, дәл қазіргі уақытта Қазақстандағы Жоғарғы оқу орындарындағы студенттердің Нұрсұлтан Назарбаевқа дауыс беруі үшін, олардың басшыларына қатаң талаптар қойылыпты. Осыған орай мақала авторы Нұрсұлтан Назарбаевтың алдағы уақытта да ешқандай демократиялық реформалар жасауға байланысты қадамдарға бармайтындығы туралы өз ойын ортаға салыпты.

“Куб” интернет-парақшасында жарық көрген “Назарбаев әдемі кетпейді” атты талдау мақалада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың алдағы сайлаудың ашық өтуін қадағалауға байланысты Жарлыққа қол қойғандығымен және оны жеке бақылауына алатындығын мәлімдегенімен, оның таза, әрі ашық болатындығының, қоғамда үлкен сенімсіздік туғызып отырғандығы айтылыпты. Мақала авторы мысалға келтірген саясаттанушы Досым Сәтпаевтың талдауына сүйенсек, ақпараттық және саяси ресурстардың барлығы да биліктің қолында тұрғандықтан, әділ, әрі ашық сайлау өткізу туралы әңгіме қозғаудың ешқандай да реті жоқ. Сарапшының пікіріне жүгінсек, тәуелсіз басылымдардың бәрі де жабылып жатқандықтан оппозицияның өз ойын ашық жеткізуге байланысты мүмкіншілігі де шектеулі.
XS
SM
MD
LG