Accessibility links

Қазақстандық саясаткерлер алдағы сайлау екі тұлғаның арасында ғана өтеді деп болжайды

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Қыркүйектің 14-і күні Алматыда “Альфа” қоғамдық қозғалысының жетекшісі Жаксыбай Бәзілбаев өзінің президенттік сайлауға қатысатынын мәлім етті. Алайда оппозиция өкілдері үміткерлер санын көбейтетін мұндай тұлғалар сайлау додасын қыздыра алмайды. Биылғы сайлау тек Нұрсұлтан Назарбаев пен Жармахан Тұяқбайдың арасында ғана өтеді, дейді.

Қазақстан президенттігіне үміткерлікке өзін-өзі ұсынып отырған Жақсыбай Бәзілбаев осы апта ішінде Орталық сайлау комиссиясына құжаттарын тапсыруға даяр екендігін айтады. Ол: “Бүгінгі Қазақстан халқының әл-ауқаты мені көбірек мазалайды. Қазақстан аяғынан тұрды. Енді келешекте қандай бағдарламада қандай мемлекет құрамыз деген мәселеге бас ауыртуымыз керек. Бұл жерде өткен 13 жыл ішінде Нұрсұлтан Назарбаев не істеді?- деп бір ауыз сұрауға болады. Әрине, көп нәрсе істелді. Істелгенді істелді деп айтуымыз керек. Бірақ істелмей жатқан шаруаларда бар. Мүмкін оған уақыт мұрсат бермеген шығар, мүмкін басқа себептері болған шығар. Оны да ескеруіміз керек”, деді.

Не істелінбей жатқандығын ашып айтпаған Жақсыбай Бәзілбаев болашақта алдына қойған мақсаты мен ой-пікірі ұштасып жатқан кез-келген үміткермен күш біріктіру ойы бар екен.

«Н.Назарбаевпен бірігемін бе, әлде Ж.Тұяқбаймен бірігемін бе - оны қазір тап басып айта алмаймын. Халықтың бірлігі үшін бір келісімдерге келсек, оның несі айып?» – дейді Жақсыбай Бәзілбаев.

Дүбірлі додада кіммен күш біріктіретінін білмей отырған Жақсыбай Бәзілбаев 60 пайыз халықтың қолдауына ие болатынына сенімді екендігін айтады. Саясаткер Алтынбек Сәрсенбаев: “Бәзілбаев сынды халыққа белгісіз тұлғалардың ҚР президенттігіне үміткер ретінде тіркелуі тек қара көбейту. Дайындығы мол кандидаттар көп болса, әрине жақсы болар еді. Өкінішке орай, ондай кандидаттар жоқ. Үлкен дайындығы бар бұл сайлауға екі кандидат түсе алады. Ол Жармахан Тұяқбай мен Нұрсұлтан Назарбаев” дейді.

Орталық сайлау комиссиясының сәрсенбі күнгі мәліметі бойынша Қазақстан президенттігіне үміткерлікке тіркелгендер саны 4 адамға жетті. Саясаткер Серікбай Әлібаев: “Заң бойынша әр азаматтың сайлауда үміткер ретінде тіркелуге мүмкіндігі бар. Бірақ қазіргі жағдай бойынша көп үміткерлерді билік өзі шығарып отыр. Менің ойымша, елдің болашағын, халықтың қамын ойлайтын адамдар Жармахан Тұяқбайдың командасына жиналып бірге шығу керек. Бүгін Назарбаев мырзаның 15 жыл қызметін көріп отырмыз. Ал Уалихан Қайсаров, Бәзілбаев сынды үміткерлер 1 пайызда халық даусына ие бола алмайды”, дейді.

“Руханият” партиясының Алматы қалалық бөлімінің жетекшісі Тамара Хабиева: “Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің аяғынан тұруына қазіргі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сіңірген еңбегі көп”, дейді. Оның айтуынша, саяси реформаларын одан әрі жалғастыру үшін халық осы сайлауда қазіргі президентке сенім білдіруі керек.

«Кеңес жүйесінде Ленин жаман, Сталин жаман, Хрущев тіпті Горбачевке дейін жаман дедік. Енді бізге сол мінезді қою керек. Әр адамның халыққа сіңірген еңбегі туралы айтып соны бағалауымыз керек. Әр адамның минусы мен плюсы болады», - дейді Тамара Хабиева.

Ал саясаткер Нұрлан Ерімбетов мұндай пікірмен келіспейді. Оның айтуынша, елдегі өзгерістер мен жетістіктерді тек бір адамның еңбегі, деп бағалау қателік болады.

“Біз 15 млн халық екенімізді ұмытпауымыз керек. Халық әр 5 жыл сайын президент сайлауын өткізіп тұруға үйреншікті көзбен қарау керек. Президент келеді, кетеді халық қалады. Біз осыған үйренуіміз керек сияқты. Менде осындай үзілді-кесілді пікір бар. 5 жыл деген біздің елімізге көп өзгерістер алып келеді”, - дейді Нұрлан Ерімбетов.

Оның пікірінше, 5 жылда кеткен қателікті ертең түзетуге де жағдай болады.
XS
SM
MD
LG