Accessibility links

Ауған сайлауларында бармақ басу әдісі тағы да қолданылмақшы

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Өткен қазан айында Ауғанстанда болған елбасылық сайлаулар барысында сайлаушылардың саусақ ізін сайлау бюллетеньдеріне түсіру үшін өшпейтін сия қолданылды деген еді. Алайда, аталған сиялардың оп-оңай өше салуы сайлаушылар тарапынан дауыс беру қорытындыларының әділ шығатындығына күмәнін және соған орай наразылығын тудырған болатын. Бұл жолғы Парламенттік сайлауларда ондай қателерге орын берілмейді, деп отыр сайлау комиссиясы өкілдері.

Бір адамның екі қайтара дауыс беруіне жол бермеу мақсатында Ауғанстанның қазанда болған елбасылық сайлауларында олардың саусақтарына өшпейтін сия жағылып, бюллетеньге басылды, деген еді ресми өкілдер. Алайда, іс жүзінде ол сиялар оп-оңай өшірілетін болып, соның нәтижесінде сайлаушылардың дауыс беру қорытындыларының дұрыстығына деген күмандары пайда болған еді. Оның соңы едәуір дауға ұласқаны белгілі. БҰҰ мен Ауғанстанның біріккен Сайлау мекемесі басшысы Фаруқ Вардак «Азаттық» радиосына:

“Біз өткеннен сабақ алдық. Сол жолы жіберіп алған кейбір қателіктеріміз Парламент сайлаулары барысында қайталанбайтын болады. Мұның өзі біраз күрделі болайын деп тұр”, - деген болатын.

Былтырғы сайлауларда қателіктердің орын алуының бір себебі, сайлау бекеттеріндегі қызметкерлер сияны дұрыс қалай пайдалану қажеттігін жақсы меңгермеген екен. Біріккен Сайлау мекемесі өкілінің бірі Ричард Атвудтың айтуынша бұл жолы сия қаламсабы емес, сия толтырылған сауыт қолданылатын болады. Сиялардың жұғымдылығы әбден тексеруден өткен екен. Сондай-ақ әрбір сия сауыттың сыртында оны қалай пайдалану қажеттігі жөнінде нұсқау жазылған. Сауыттың ішінде сия сорғыш бар. Онымен сайлаушының бармағы толық боялады. Бұл үдеріс сайлаушының қолына бюллетень табыс етілмей тұрып жүзеге асуы тиіс. Сияны жақпас бұрын сайлау бекеті өкілі сайлаушының бармағын арнайы затпен мұқият сүртеді. Сол арқылы сияның жұғуына кедергі болатын нәрсе алынып тасталмақшы. Алғаш сияның түсі күлгін көрінуі мүмкін. Біраз минуттан кейін ол қарая бастайды. Атвудтың айтуынша, бояу жағылғаннан кейін сайлаушының оны үрлеп біраз кептіруіне кеңес берілмекші. Сайлау бекеттерінде 160 мың мүше қызмет атқармақшы. 69-дай Парламенттік және аймақтық сайлауларда 5 мың 800-дей түрлі үміткерлерге дауыс берілетін болады. Сондықтан да кейбір бюллетеньдегі тізім тым ұзақ болатын түрі бар. Барлығын қосқанда 40 миллиондай сайлау қағаздары шығарылған.

Жексенбідегі сайлаулардан кейін Дауыс санау орталығына тасылатын қағаздардың салмағы шамамен 1 тонна 142 мың кило болмақшы. Ел бойынша жұмыс істейтін 26 мыңдай сайлау бекеттеріне қызметкерлерді жеткізудің өзі оңайға соқпайтын түрі бар. Бюллетеньдерді сайлау бекеттеріне қарай және одан санақ орталығына дейін тасу үшін 9 тікұшақ қызмет етпекші. Сондай-ақ жүк машиналары, есек, түйе, ат көлік ретінде қолданылмақшы.

Дауыс берісімен сайлаушылардың тіркеу қағазына тесу арқылы арнайы белгі соғылады. Осы арқылы бірнеше қайтара дауыс беру құбылысына тосқауыл қойылмақшы. Сондай-ақ бюллетень қағаздарының өзіне арнайы қорғаушы белгілер соғылған. Сайлау үдерісін 84 мыңдай бақылаушылар бақыламақшы. Олар сондай-ақ дауыс беру қағаздарының тасымалына да бақылау жасайтын болады.
XS
SM
MD
LG