Accessibility links

Баспасөзге шолу. 09.16.2005

  • Досан БАЙМОЛДА

Жұма күні Қазақстанда жарық көрген басылымдардың басым көпшілігі Қазақстанда алдағы болатын президент сайлауы тақырыбын көтеріпті.

«Айқын» басылымында белгілі жазушы Дулат Исабековпен алдағы президент сайлауына байланысты өткізілген сұхбат «Бізге тәуелсіздігімізді шайқалтпай ұстап отыратын азамат керек» деген тақырыппен аталыпты. Жазушы Д.Исабеков алдағы жеті жылда қазіргі президент Н.Назарбаевтың билікті сақтап қалғанын қалайтындығын, өйткені егерде билік басына басқа біреу келсе осы уақытқа дейін қол жеткізген бар дүниеден айырылып қалмаймыз ба деп қорқатындығын айтыпты. «Айналадағы елдерді қарап отырып тәуелсіздігімізді шайқалтпай ұстайтын азамат керек-ақ, ол - қазіргі президент Н.Назарбаев» депті Д.Исабеков «Айқын» газетіне берген сұхбатында. Ал осы басылымға сондай-ақ Қазақстанның ЮНЕСКО ұйымындағы өкілі, ақын Олжас Сүлейменов те қысқаша сұқбат беріпті. О.Сүлейменов өзінің алдағы президент сайлауына үміткер ретінде түсу ойында жоқ екендігін, алдына қойған басқа жоспарлары барлығын, өзі үшін ең қымбат нәрсе ол президенттік кресло емес, жазу мен шығармашылық екендігін айтыпты. Ал алдағы президент сайлауына байланысты қазіргі президенттің өз миссиясын ойдағыдай орындап жатқандығын жеткізіпті.

Апталық «Жас Қазақ» басылымы өзінің жұма күнгі санында «Әр кәллада бір қиял» немесе соғып алынбаған түлкі терісінен үміткерлер саны көбейе бастады» деген тақырыппен Берік Тұрғанбекұлының сараптамалық мақаласын жариялапты. «Президенттік сайлау науқаны өз логикасымен дамып келеді. Қазақстан президенті Н.Назарбаев, «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының жетекшісі Ж.Тұяқбай, сенатор Уәлихан Қайсаров, кәсіпкер Сәлім Өтен қатарлы азаматтар Орталық Сайлау комиссиясында тіркеліп те үлгерді. Ал әзірше өз кандидатурасын ұсынып отырған мәжіліс депутаты Ерасыл Әбілқасымов, тіркеуден өтпеген «Отандастар» партиясының жетекшісі Жақсыбай Бәзілбаев, «Табиғат» экологиялық одағының жетекшісі Мэлс Елеусізов мырзалар әзірше құжаттарын дайындау үстінде, ал тағы бір потенциалды үміткер - «Ақ Жол» партиясының жетекшісі Әлихан Бәйменов үнсіз жағдайда. Алдағы уақытта үміткерлер саны тағыда толыға түсері анық. Олардың арасында нешетүрлі экзотикалық тұлғалар болып жатса таң қала көрмеңіз деп жазады Берік Тұрғанбекұлы өзінің мақаласында.

«Апта.кз» басылымы жұмалық санында осы сайлау тақырыбына қатысты «Сайлау науқаны басталды ал тәуелсіз бақылаушылар жылу жинауға кірісіп кетті» деген газет тілшісі Алуа Қозыкенің мақаласында қыркүйектің 12-сі күні Қазақстанның үкіметтік емес ұйымдарының бір топ өкілдерінің алдағы президент сайлауына тәуелсіз мониторинг өткізетіндіктерін мәлімдегені туралы жазыпты. Ал газет бетінде жарық көрген «Билік алдағы сайлаудың қалай өтетіндігін білгендіктен соңғы резервтері яғни ауыр артиллериясын іске қоса бастады» деген тақырыппен жарияланған мақалада қыркүйектің 15-күні О.Сүлейменов, М.Әуезов, Қуаныш Сұлтанов қатарлы бір топ белгілі қоғам, мәдениет және мемлекет қайраткерлерінің алдағы президент сайлауын бақылайтын қоғамдық комитет құрғандықтары жайында хабарланыпты. Алайда, газет тілшісі Шәріп Диқанбайұлы, елге кеңінен танымал осы азаматтардың тәуелсіз адамдар ретінде сайлау барысын өздері бейтарап бақыламай осындай топ құруының астарында бір сыр бар секілді, бәлкім бұл дағы президент әкімшілігінің кезекті жобасы емес пе екен деген сұраулы ой тастапты.

Ал «Ақ Жол-Қазақстан» басылымы өзінің жұмалық санында президент сайлауының мерзімі жақындаған сайын елдегі кейбір саяси партиялардың бірігіп,бір жағадан бас бір жеңнен қол шығаратын саяси блоккқа айналып кетуі ғажап емес екендігін қозғапты. Әсіресе, билікке жақын жүретін партиялар оқ бойы озып шығатындықтарына сене алмағандықтан осындай қадам жасауға мәжбір жағдайда деп жазады «Ақ Жол-Қазақстан».

Оппозициялық «Жұма-Таймс» басылымы өзінің жұмалық санында Қырғызстаның «Еркіндік» партиясының жетекшісі, Қырғызстандағы «Наурыз революциясы» жетекшілерінің бірі Топчубек Тұрғаналиевпен өтілген сұқбатты жариялапты. Т.Тұрғаналиев алдағы Қазақстанда өтетін президент сайлауына байланысты өз пікірін білідіріпті. Ол «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының құрылтайына арнайы қонақ ретінде қатысқанын, біріккен оппозиция атынан президентіктен үміткер Ж.Тұяқбайды тұйықтан шығаратын тұлға деп есептейтіндігін, ал өзінің қуғында жүрген қазақстан оппозициясының серкесі Әкежан Қажыгелдинмен 1998 жылдан бері жақсы дос екендігін айта отырып, Орта Азиядағы демократиялық ұйымдардың бірігуіне осы Ә.Қажыгелдин себепкер болған, сондықтан оны әлем мойындайды деген пікір білдіріпті.
XS
SM
MD
LG