Accessibility links

Қазақстан мен Ресейде есірткі саудасы өршіп барады

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Сарапшылар бүгінгі таңда Қазақстанның заңсыз есірткі тасымалы өтетін мемлекеттердің біріне айналғанын айтып отыр. Мамандардың деректеріне жүгінсек, Қазақстан арқылы заңсыз тасымалданатын есірткі заттарының басым бөлігі Ресейге өтеді екен. Қыркүйектің 16-күні Қазақстан Республикасының Ұлттық Қауіпсіздік комитеті Ресейдің федеральдық қызметімен, Есірткі заттарының заңсыз тасымалымен күресу үшін, өзара ынтымақтыстық туралы келісімге қол қойылғандығы туралы ақпарат таратты. Осыған орай “Азаттық” радиосына сұхбат берген кейбір сарапшылар, Қазақстанда заңсыз есірткі тасымалының азаймауының салдарынан, әсіресе қазақ жастарының арасында нашақорлар саны жыл өткен сайын артып келе жатқанын айтады.

Алматы қаласындағы наркологиялық орталықта емделіп жатқан Мәлік есімді 25 жастағы нашақор жігіттің есірткімен әуестенгеніне үстіміздегі жылы бес жыл толыпты. Ол үйленгеннен кейін әйелімен қатты ұрысып қалған кезде, ең алғаш есірткінің дәмін татып көріпті. “Азаттық” радиосына берген сұхбатында Мәлік өзінің осыдан бес жыл бұрын ғана бақытты ғұмыр сүргендігін, алайда, осы есірткіге әуестенгеннен кейін, бақытсыз жағдайға душар болып, неше түрлі қиыншылықты басынан кешіргендігін әңгімелеп берді.

Мәліктің айтуынша, адамның есірткіге әуестенуі жас кезінде басталады. Ал, осы есірткіні қайдан алып тұрдың деген сұрағымызға, ол “есірткіні сатып алудың ешқандай қиыншылығы жоқ. Бұл бәле қазір барлық жерлерде де сатыла береді” деп, жауап қайтарды. Алматы қалалық наркологиялық орталықтың дәрігері Сапар Рахманшиев қазіргі уақытта есірткі сатып алу оңай болып кеткенін растап отыр.

Сарапшылардың айтуынша, көп жағдайда заң қызметкерлері де есірткі заттарының заңсыз сатылуына ықпал жасайды екен. Мысалы, биылғы жылғы тамыздың 6-сында Шымкентте есірткі саудасына қатысы болуы ықтимал деген күлікпен, лауазымы жоғары полиция қызметкерінің ұсталғандығын Оңтүстік Қазақстан облысының полиция басшылары баспасөз өкілдеріне хабарлаған-ды. Ал, есірткі заттарын сатуға әрекеттенгенде ұсталып, сот үкімімен бас бостандығынан айырылып, жазасын өтеп шыққан Самат есімді азамат Алматы қаласында есірткі саудасының полиция қызметкерлерінің тікелей қатысуымен жасалады дегенді айтады.

«Есірткі сату үшін сенің міндетті түрде полицейлердің арасында қорғаушың болуы қажет. Көп жағдайда олар есірткі заттарын кафелерге алып келеді де, оны сатып алып жатқан нашақорларды ұстап, өз жоспарларын орындайды», - дейді Самат. Сондай-ақ, ол полицейлердің нашақорлардың үйлерін де тартып алған жайттардың болғанын айтып, өзінің бір досының осындай жағдайда баспанасынан айырылып қалғандығын мысалға келтірді.

«Заң орындарының қызметкерлері ол досымның үйін қорқытып-үркіту жолымен тартып алды. Баспанасынан айырылған ол үйсіз-күйсіз жүріп алдымен өзі, кейіннен ағасы қайтыс болды», - дейді Самат.

Ресми мәліметтерге жүгінсек, қазіргі таңда Қазақстанда 45 мыңнан астам нашақор тіркелген екен. Алайда, Алматы қалалық наркологиялық орталықтың дәрігері Сапар Рахманшиев нашақорлар санының одан он, тіпті он бес есе көп болуы мүмкін деп есептейді. Оның себебін ол нашақорлардың ішінде тек ілеуде біреуінің ғана есепте тұратындығымен түсіндірді. Ал, мыңдаған нашақорлар ақылы емханалар мен жеке адамдардың үйлерінде емделетіндіктен, олар ресми түрде тіркелмейді екен. Мамандар мұндай жағдайдың, Қазақстанмен көршілес елдердің бірі - Ресейде де орын алып отырғандығын айтып отыр. Ол елдің Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметі бойынша, Ресейде 321 мың нашақор тіркелген. Ал, ресейлік “Коммерсант” газеті, бүгінгі таңда Ресейдегі нашақорлардың саны 9 миллионнан асқан деген деректер келтіреді.

Ресейде жылына 9 миллиард доллардың заңсыз есірткі заттары сатылып, жыл сайын 500 мың нашақор емделеді екен. Сарапшылар көп жағдайда заңсыз есірткі заттары Ресейге Қазақстан арқылы тасымалданады дегенді айтады. Қыркүйектің 16-күні “Азаттық” радиосына берген сұхбатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің қызметкері Мұхтар Анарбеков Мәскеуде Ресейдің Федералды қызметі мен Қазақстанның Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті арасында есірткі заттардың заңсыз айналымымен күрес саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғандығын хабарлады. Бұл келісімге, Ресей жағынан Есірткі айналымын бақылау жөніндегі федеральды қызмет директоры Виктор Черкесов, Қазақстан жағынан Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің төрағасы Нартай Дүтбаев қол қойыпты.

Есірткі тақырыбына мақала жазып жүрген журналист Жұмабай Құлиев “Азаттық” радиосына Қазақстанда есірткіге қарсы күрестің пәрменді жүргізіліп жатқандығына өзінің күмәнмен қарайтындығын айтты. Журналист елде тәркіленген есірткі заттарының да қайтадан заңсыз айналымға түсіп жатуы ықтимал деп санайды. Жұмабай Құлиев өзі келтірген, бейресми ақпарат көздерінен алынған мәліметтерге жүгініп, тәркіленген есірткілер Алматыда көбінесе түнгі клубтар мен казинолар арқылы сатылады дегенді айтады.

Ал, Алматы қалалық наркологиялық орталығында емделіп жатқан 25 жастағы Мәлік қазіргі таңда осы дерттен айығып шығуды ғана армандайды. “Азаттық” радиосына берген сұхбатында ол өзі жазылып шыққаннан кейін, жаңа өмірді бастап, әйелімен қайтадан табысқысы келетіндігін айтты.
XS
SM
MD
LG