Accessibility links

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы бұқаралық ақпарат құралдарын бақылайтын болады

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

16 қыркүйек күні ҚР Бас прокуратурасы елде президент сайлауы қарсаңында мемлекеттік лауазымды қызмет атқаратын адамдардың жеке ар-ұжданына тиетін ақпараттар жариялаған бұқаралық ақпарат құралдарына жауапкершілікті күшейту туралы мәлімдеме таратты. 17 қыркүйек күні осы мәселеге байланысты “Азаттық” радиосына пікір білдірген кейбір сарапшылар бұл оқиғаны Президент сайлауының алдындағы тәуелсіз басылымдарға қарсы қысымды күшейту мақсатында жасалып жатқан шара ретінде бағалады.

Ресми ақпарат құралдарының хабарлауынша, ендігі уақытта Бас прокуратура республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуді, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіру секілді әрекеттерді жүзеге асыруға тырысқан басылымдарды қатаң бақылауға алады. 17 қыркүйек күні Қазақстандағы оппозицияның кейбір өкілдері, бұл шараларды биліктің алдағы сайлауды әділ өткізгісі келмеген мақсаттан жасап отырған қадамы ретінде бағалады. Саясаттанушы Досым Сәтпаевтың пікірінше, Бас прокуратура тарапынан жасалатын мұндай қадамдар ресми биліктің оппозициялық басылымдарға қатысты саясатымен тығыз байланысты болып отыр.

“Бұл әрекеттердің оппозицияның өз ойын айтқысы келген ақпараттық кеңістігін тарылту мақсатындағы жүзеге асырылып жатқан саясатпен тікелей байланысы бар деп ойлаймын. Сондықтан да мұны Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының оппозициялық басылымдарға жасаған қатаң ескертуі ретінде бағалауға болады. Қалай болған күнде де осы кезге дейін жабылған басылымдардың көбі, жолын тауып әлі күнге дейін шығып жатыр. Сондықтан мұның бәрі Президент сайлауының алдында билікке ұнамай отыр”, - дейді саясаттанушы Досым Сәтпаев.

“Қазақ әдебиеті” газетінің бөлім меңгерушісі Қуанбек Боқаев қазіргі уақытта ресми биліктің мұндай мағынадағы алаңдаушылық білдіруінің ешқандай да негізі жоқ деп есептейді екен. Оның себебін Қуанбек Боқаев Қазақстанда түрлі-түсті төңкеріс алуы мүмкін ешқандай да себептердің жоқ екендігімен байланыстырды.

Алдағы сайлауда бағын сынағалы отырған және онда жеңіп шығатындығына сенімді екендігін мәлімдеген саясаткер Жақсыбай Әбішұлы Бәзілбаев болса: «расында да еркінсіп кеткен кейбір басылымдардың қарқынын тежеу керек» деген пікір айтады. Осы сөздеріне дәлел ретінде ол “Жұма таймс/Дата недели”, “Республика”, “Свобода слова” басылымдарында мемлекет басшысының жеке басына тиісетін мақалалардың, оны мазақ қылып көрсететін фотосуреттердің жиі басылып тұратындығын мысалға келтірді.

Ал, “Жұма таймс/Дата недели” апталығының оқырмандарына басылымының бас оқырманы ретінде танылып жүрген журналист Ермұрат Бапидың пікірінше, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы бір-ақ адамның, атап айтқанда - Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ғана жеке бас мүддесін қорғау үшін осындай қатқыл қадамдарға барып отыр.

«Бұның астарында, қазірде АҚШ сотында қаралып жатқан «Қазақгейт» шатағы да бар, осы былық-шылыққа Қазақстан билігінің араласы бар екені туралы ақпаратты Қазақстан жұртына жеткізбеуді көздейтін далбаса әрекет бұл», - дейді Ермұрат Бапи.

Ал ақын Мейірхан Ақдәулетұлы ресми билік тарапынан мұндай қадамдар елдегі тұрақтылық пен тыныштықты сақтап қалу мақсатында жасалып жатуы ықтимал деген ойын айтады. Алайда, кейбір сарапшылар Президент сайлауының алдында елде ресми билік тарапынан әлі талай қатқыл қадамдардың жасалатындығын күтуге болады деген болжам жасап отыр.
XS
SM
MD
LG