Accessibility links

Баспасөзге шолу. 09.17.2005 жыл

  • Гүлмира ХАМЗА

Қыркүйектің 17 күні жарық көрген қазақстандық мерзімді басылымдарда Жармахан Тұяқбайдың Нұрсұлтан Назарбаевты пікірталасқа шақыруды көздеп отырғаны туралы жазылған. Сонымен қатар сенбілік газеттерде республиканың бас премьер-министрі Даниал Ахметовтың Жамбыл облысына жасаған сапары туралы баяндаған.

«Нұрсұлтан Назарбаевты міндетті түрде ашық пікірталасқа шақырамын, деді президенттіктен үміткер Жармахан Тұяқбай» деп жазады «Жас Алаш» газеті сенбі күні жарық көрген санында. Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясының жетекшісі Оңалсын Жұмабеков Сайлау алдындағы үгіт-насихат кезінде үміткерлер өзара келісіп өтініш берсе, телеарналардан ашық пікірталас ұйымдастыруды қарастырамыз деген болатын. Негізі, саяси мәдениеті жоғары елдерде кез-келген сайлау ашық пікірталассыз өтпейді. Телеарналарда, яғни ел-жұрттың алдында мемлекет басқарудан үміткер тұлғалар бетпе-бет тұрып, бір-бірімен ашық пікірсайысқа түсіп жатса, кімнің кім екені анық болмай ма. Жармахан Тұяқбай мұндай додаға түсуге дайын, деп жазады мақала авторы Руслан Ерболұлы.

Бұл орайда «Егемен Қазақстан» газеті сенбі күнгі санында президенттікке үміткерлердің саны өсе түскенін хабарлап жазыпты. Бүгінгі таңда президенттікке үміткерлердің алғашқылары лингвистикалық комиссияның мемлекеттік тілді еркін меңгеру жөніндегі сынағынан мүдірмей өтті, деп жазады “Егемен Қазақстан” басылымы. Мұндай сынақтан өткен аптада Демократиялық күштердің блогы - “Әділетті Қазақстан” қозғалысының төрағасы Жармахан Тұяқбай, “Дәстүр” атты жауапкершілігі шектеулі серіктестік жетекшісі Сәлім Өтен деген азамат өткен. Қазіргі кезде президенттіктен үміткерлердің саны 8 адамға жетіп отыр. “Егемен Қазақстан” газеті сонымен қатар сенбі күнгі санында республиканың бас министрі Даниал Ахметовтың Жамбыл облысына жасаған сапары жайында жазыпты. Онда Даниал Ахметов Жамбыл ГРЭС-ін аралап, бұл ГРЭС-тің қуаты үлкен, бірақ осы тамаша электр стансасының бір жылдың ішінде 3 ай ғана жұмыс істейтіні өкінішті, сондықтан бұл ойланатын мәселе дегенді айтқан. Сол себептен мен жақында шешім қабылдап, Жамбыл ГРЭС-інің жақсы жұмыс істеуін қамтамасыз етуге күш саламын, деп өз сөзін жалғастырды, деп жазады, “Егемен Қазақстан” басылымы. Премьер-министр Даниал Ахметовтың атына сауалнама жолдап, «ПетроҚазақстанды» сатудың қажеттілігіне сенімсіздік білдірген депутат Кенжеғали Сағадиев көтерген мәселені “Айқын” басылымы да назардан тыс қалдырмапты. «ПетроҚазақстан» Қытайдың қанжығасына байланып кете бара ма?» деген мақалада, бұл мәселеге байланысты Қазақстан үкіметінің әлі келісімді сөзі айтылмағаны жазылған. “Айқын” басылымының хабарлауынша, сарапшылар бұл мәселеге байланысты түрлі пікір білдіреді. Мәселен, «ПетроҚазақстанды» қытайлық СNPC компаниясы сатып алатыны туралы шешіліп, екі тараптың да директорлар кеңесі қол алысты, бірақ тәуелсіз сарапшылар бұл шешім басқаша айналып алып кетуі де ғажап емес деген пікір білдіріп отыр, деп жазады басылым. Бұл мәселеге байланысты шешімді республика үкіметі қазан айында шығарады, деген болжам бар.

«Казахстанская правда» газеті қыркүйектің 17-күні жарық көрген санында Қазақстан президенті жанындағы демократияландыру және азаматтық қоғам мәселелері жөніндегі ұлттық комиссияның үш күнге созылған көшпелі отырысына назар аударыпты. Еліміздің барлық аймақтары секілді, алматылықтардың да мемлекетімізде жүргізіліп отырған саясатты шынайы қолдайтынына куә болдық. Біздің қоғамымыздың бүгінгі таңдағы ең басты құндылығы – саяси тұрақтылық, ұлтаралық келісім, қандай да бір төңкерістер мен бүліктерсіз бейбіт өмір екеніне тағы да көз жеткіздік, деді өз сөзінде комиссия жұмысы қатысқан Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы тұрақты өкілі Олжас Сүлейменов, деп жазады, “Казахстанская правда” газеті.
XS
SM
MD
LG