Accessibility links

БҰҰ саммитінде сөйлеген өзбек министрі Әндіжан оқиғасын ауызға алмады

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

Нью Йоркта өткен БҰҰ бас ассамблеясының саммитінде Өзбекстан сыртқы істер министрі Элйор Ғаниев сөз кезегі тигенде, Орта Азия елдерін терроршылық, әсірешілдік және есірткі саудасы індеті жайлады деген мәлімдемесінен бастады. Сондай-ақ, министр халықаралық қауымдастықты Ауғанстандағы саяси тұрақтылық орнатуға шақырып, Орта Азиядағы шетелдік әскери шаралардан тазалау қажеттігіне де тоқталды.

Өзбекстандық министр Орта Азиядағы тұрақсыздық алдымен Ауғанстандағы жағдаймен байланысты деді. Оның айтуынша, тәліптер режимінің құлатылғанынан бері 4 жыл өтсе де Ауғанстандағы есірткі саудасы әлемдік базар орталығы болып қалып отыр. Ал халықаралық донорлар берген уәдесін орындамады, деді министр.

«Орта Азиядағы тұрақсыздық қаупін Ауғанстандағы жағдайдан бөліп қарауға болмайды. Бірақ, өкінішке орай, Ауғанстандағы соғыстан кейінгі жағдай назардан тыс қалып отыр», - деді өзбекстандық министр Ғаниев.

Өзбекстан сыртқы істер министрі неліктен ә дегеннен өз сөзін Ауғанстан мәселесінен бастап отыр? Әндіжан қырғынынан кейін 4 ай ғана өтті. Ол қырғынға айыпкер - ісламшыл, әсірешіл терроршы топтар, дейді Өзбекстан үкіметі. Ал АҚШ-тағы 2001 жылғы террорлық шабуылдан кейін АҚШ пен одақтастар Лаңкестікке қарсы науқан деп, Ауғанстанда соғыс ашқан болатын. Ол соғыс кезінде Өзбекстан лаңкестікке қарсы күресте АҚШ-ты қолдап өз аумағынан американдық әскери ұшақтарға орын да берді. Бірақ, уақыт та, саясат та өзгерді. Әндіжанда мамыр айының 13 күні адам қырғыны орын алды.

Бірақ, БҰҰ алдында Ганиев бұл жөнінде айтпауға тырысты. Әңгімені аймақтық, халықаралық мәселелерге бұрғысы келді. Орта Азияны әскери соғыс аймағынан алыстату қажет деген ұсыныс айтып жатты.

«Орта Азиядағы жағдайға байланысты, қазіргі негізгі нәрсе - аймақты әскерисіздендіру қажет. Келесі бір мәселе - аймақтық бейбітшілік және әлеуметтік экономикалық жағдай. Нарықтық ортақ базар мәселесі тағы бар. Міне, осы мәслелер аймақтық ынтымақтастыққа кепілдік беріп, Орта Азиядағы кен байлықтарын ұтымды пайдалануға мүмкіндік берген болар еді», - дейді министр.

Соңғы кездері АҚШ-Өзбекстан байланыстары нашарлай түскені белгілі. АҚШ Әндіжан қырғынына байланысты тәуелсіз халықаралық тергеу қажет дегенімен Өзбекстан қарсы болды. Ал Қырғызстан мен өзбек босқындары мәселесіне орай өзара араздастық жөніне Елйор Ғаниев БҰҰ алдында тоқталмады. Дегенмен, қырғызстандық өкілдер БҰҰ саммиті кезінде бұл мәселені назардан тыс қалдырмады. Қырғызстан президенті Қ.Бақиев ол мәселені БҰҰ-ның бас хатшысы Кофи Аннаның өзімен талқылады.

Ал жұма күні таңертең Румыния сыртқы істер министрі Михаи Разван Унгурану өз елінде баспаналап отырған 439 өзбек босқынына Руминия өкіметінің қажетті көмек беретіндігін айтып өткен.
XS
SM
MD
LG