Accessibility links

Ғ.Жақияновты бостандыққа шығару жөніндегі қоғамдық комитет мүшелері үндеу таратып, акция өткізді

  • Досан БАЙМОЛДА

Қыркүйектің 20-күні таңертең ертемен Ғ.Жақияновты бостандыққа шығару жөніндегі қоғамдық комитеттің бір топ мүшесі Алматыдағы «Хабар» агенттігі мен «Қазақстан» телерадиокорпорациясы орналасқан ғимараттар алдында арнайы акция өткізді. Кеуделеріне «Ғалымжан Жақияновқа бостандық берілсін» деген жазу жазылған, 8 адамнан тұратын топ үндеу қағаздарын мемлекеттің бюджетінен қаржыландырлатын осы ақпарат құралдарының басшылары мен журналистер қауымына таратпақшы болды.

Алайда, күзет бөлімінің қызметкерлері акция өткізушілерді ғимарат ішіне кіргізбеді. Олар ғимарат сыртында, көше бойында таңертең жұмысқа келе жатқан журналистерге Ғ.Жақияновқа қатысты үндеу жазылған парақшаларды тарата бастады. Ғ.Жақияновты бостандыққа шығару жөніндегі қоғамдық комитеттің мүшесі Маржан Аспандиярованың айтуынша, қоғамда Ғ.Жақиянов туралы шынайы пікір қалыптастыру ісінде журналистер қауымының рөлі жоғары болмақ.

«Алайда, қазір елдегі мемлекеттен қаржы алатын ақпарат құралдарында оппозиция мен оның қайраткерлері туралы хабар таратуға цензура орнаған. Ғ.Жақияновтың түрмеде отырғанына алдағы қазан айының 2-сі күні 3,5 жыл толады, яғни ол өзіне берілген жазаның жартысын өтейді. Сондықтан Қазақстан заңы бойынша ол жазасының қалған бөлігін шартты негізде өтеу үшін бостандыққа шығуға құқылы. Алайда, билік түрлі нәрселерді сылтауратып қазір Ғ.Жақияновты бостандыққа шығармауды ойластырып жатыр. Әрине, авториталық билік президент сайлауы алдында Ғалымжанды шығара қоюы да екіталай. Әйткенмен де біз Ғалымжанды босату жөніндегі өз талабымызды тоқтатпаймыз», - дейді М.Аспандиярова.

Ал «Әділетті Қазақстан үшін» қоғамдық қозғалысының мүшесі Виктор Ковтуновскийдің айтуынша, бұл акцияның мақсаты Шідерті қоныс-колониясында жазасын өтеп жатқан Қазақстан оппозициясының көшбасшыларының бірі - Ғ.Жақияновтың тағдырына ең алдымен журналистер назарын аудару, сол арқылы билік пен қоғамға бұл мәселенің маңыздылығын түсіндіру болмақ.

«Егерде билік Ғ.Жақияновты түрмеден босатпай, оның азаматтық құқығын аяққа таптап отыра берсе, онда біз де осындай акцияларымызды тоқтатпай жалғастыра береміз», - дейді ол.

Ғ.Жақияновты бостандыққа шығару жөніндегі қоғамдық комитет таратып отырған бұл үндеуде «саяси тұтқын Ғ.Жақияновтың бостандыққа шығуына баспасөз, ақпарат құралдарының атқаратын рөлінің жоғары» екендігі айтылған.
XS
SM
MD
LG