Accessibility links

Баспасөзге шолу. 09.20.2005 жыл


Сейсенбі күні жарық көрген қазақстандық басылымдар негізінен алдағы президент сайлауы мен экология тақырыптарына баса назар аударыпты.

Республикалық “Жас Алаш” газеті президеттікке үміткер “Аттан” қозғалысының жетекшісі Амантай қажы Асылбектің мемлекеттік тілден болған емтиханнан өткендігін жазыпты. Мақала авторы Жұлдыз Әбділда “президенттік додаға түсуге ниет білдірген қолдан жасалған үміткерлердің қарасының көбеюі, билік тарапынан елді адастыру үшін әдейі жасалған іс, осы арқылы ел арасында оппозицияның беделін түсіргілері келеді” деп түйіндепті.

Сонымен қатар осы газетте “Айбат” жастар қозғалысы жетекшілерінің бірі Ғаділбек Әкімовпен өткен сұхбат та жарияланыпты. Онда жаңадан құрылған жастар қозғалысының өкілі алдағы президент сайлауында “Әділетті Қазақстан үшін” демократиялық қозғалысын қолдайтындарын білдірген.

“Экспресс К” газеті Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерасыл Әбілқасымовтың президенттікке үміткер ретінде тіркелуіне назар аударыпты. Президенттіке үміткер ретінде “Қазақстанның халықтық коммунистік партиясының” атынан ұсынылған Ерасыл Әбілқасымов жайлы мақаланың авторы Тимур Неталиев “депутат Әбілқасымов партия съезінде өзін радикал атады, расында да оның іс-әрекеттерінде радикалдық сипат бар” деп жазады.

Ал “Известия Қазақстан” газеті Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының президент сайлауы науқанындағы үгіт-насихат жұмыстарына қатысты жасаған мәлімдемесі туралы жазыпты. Мақала авторы “Бас Прокуратураның Қазақстан Республикасының мемлекеттік тұтастығын, Конституцияны күштеп өзгертуге, діни және ұлтаралық дүрдараздық туғызуға, президенттікке үміткерлдің ар-ожданына нұқсан келтіруге бағытталған кез-келген әрекеттің әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылатындығы жөніндегі мәлімдемесіне “қара пиардың” алдын-алу” деген баға береді.

Экология тақырыбы да сейсенбілік газеттерде басты назарда болып шықты. “Казахстанская правда” газетінде жарияланған мақалада Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау министрі Айткүл Самақованың парламент депутаттарымен кездескен кезінде, келесі жылдан бастап экологиялық айыппұл мөлшері бірнеше есе қымбаттайтыны жөнінде айтылғандығы сөз болыпты. Газет тілшісінің баяндауынша, министрмен кездесу кезінде депутат Нехорошев, экологиялық айыппұл мөлшерін жергілікті билік орындары белгілейтіндіктен, зияны жағынан бірдей экологиялық зардаптар үшін әр жерде әрқалай төлейтінін айтып, алдағы уақытта бұл істі министрлік құзырына өткізуді ұсыпты. Мақалада сонымен қатар, қоршаған ортаны қорғау министрлігінің тарапынан экологиялық кодекстің жобасы әзірленіп жатқандығы жазылыпты.

Ал “Айқын” газеті сейсенбілік санында жарияланған мақалада Парламент Мәжілісінің депутаты Нұрпейіс Мақашевтің Қазақстаннның су-ауа бассейнін қатігездікпен былғап жатқандықтан Ресейді халықаралық сотқа беру керек деген бастама көтергендігі туралы жазылыпты. Мақала авторы “депутат Қазақстанның Ресеймен шектесетін аудандарында экологиялық ахуалдың асқынып кеткендігі жөнінде бернеше дерек келтірді, қоршаған ортаны қорғау министрі Айткүл Самақова парламент депутаттарының осы және басқа да Қазақстанның экологиялық проблемаларына қатысты сұрақтары мен талаптарына мардымды жауап бере алмады” деп түйіндепті.
XS
SM
MD
LG