Accessibility links

Өзбекстанда мамыр айында Әндіжанда болған көтеріліс және қырғын бойынша сот ісі басталды


Әндіжандағы толқулар және кісі қырғынынан кейін жарты жыл өтпей жатып, ол оқиғаларға кінәлі делінген 15 өзбек азаматының үстінен сот ісі басталып кетті. Ал Әндіжан қырғынына ресми топты емес, өз азаматтық құқықтарын талап еткен қатардағы азаматтарды айыптап отырған үкіметтік шараны айыптау қажет деген Лондондағы халықаралық «Амнести интернашнал» және Нью Йорктағы «Хьюман Райтс уач» адам құқықтары ұйымдары АҚШ пен ЕуроОдақтан Әндіжан оқиғаларына байланысты ақиқатты ашу мақсатында халықаралық тәуелсіз зерттеулер жүргізуге шақырып отыр.

Әндіжан оқиғасына орай адам құқықтары жөніндегі зерттеуші Мейси Уейшердің айтуынша, «Өзбекстан үкіметі Әндіжанда болған ол көтеріліс және қырғын жөніндегі ақиқат-шындықты бұрмалап көрсетуге тырысуда. Сол мақсатта Әндіжандағы ол уақиға жөнінде шындықты ашуға тырысқан кез келген адамға тіс-тырнағымен қарсылық көрсетуде. Қысқасы, ақиқатты жауып тастамақ».

Міне енді, сол мамыр айындағы қанды қырғынға себепші деген айыппен, қыркүйектің 20-сы күні Өзбекстан ресми заң орындары 15 азаматтың үстінен сот ісін бастады. Ол 15 өзбекстандық, бас прокурор орынбасары Анвар Набиев айыптаманы оқыған кезде, темір қапаста отырды. Оларға лаңкестік, кепілдік тұтқынға алуда, кісі өлімінде және мемлекеттік төңкерісте қатысқан деген айыптар тағылған.

Мұндай сот өзбекстандық тағы да 100-ден астам адамның үстінен жүргізілмек. Өзбекстан өкіметі мамырдың 13-інде Әндіжанда 187 адам өлді деп халықаралық ұйымдардың көпсанды құрбандар жөніндегі өзге деректерін назарға алмай отыр. Бірақ, ол арада болған куәлардың дерегі негізінде құрбан болғандардың санын адам құқықтары ұйымдары ең кемінде 700-800 дегенді айтады.

Сол кездің өзінде Әндіжанда болған және ол алаңда БТР-лер жұртты оқ астына алды, деп шындықты жариялаған Ғалима Бухарбаева секілді журналистердің таратқан деректерін президент Кәрімов жоққа шығармақ болды. Сол кезден-ақ, алдымен шетелдік журналистерді қудалау басталды. Ал өз елінде жүрген журналистер шындықты айтудан қашқалақтап, ақиқатты бұрмалап көрсетуге мәжбүр болды.

«Ақиқатты айтқан, жазған журналистерді қорқытып-үркітіп, бірқатарын таяққа жыққан, қамауға тыққан, тіпті Өзбекстаннан шетелге қуып жіберді. Мысалы, мамырдың 13-күні өз әріптестерімен бірге Әндіжанда болып, ол арадағы көтеріліс және қырғынды өз көзімен көрген тәшкендік журналист Ғалима Бухарбаева сол күні-ақ Әндіжанда тұрып, СиЭнЭн және басқа да халықаралық жаңалықтар агенттіктеріне хабар берген. Міне, сол Ғ.Бухарбаеваны Өзбекстандағы мемлекеттік БАҚ-дары сатқын деп айыптап, ақыр соңында ол журналист Өзбекстаннан шығып кетуге мәжбүр болған. Сондай-ақ, Ғалиманың әріптесі, Лондондағы Соғыс және Бейбітшілік жөніндегі халықаралық ақпарат институтының қызметкері Толқын Қараевта шетелден баспана алуға мәжбүр болған», - дейді «Амнести интернашнал» ұйымының өкілі Уейшердин.

Сол мамыр айында Әндіжанда көргендерін бірнеше күн хабарлап тұрған, «Азат Еуропа/Азаттық» радиосының өзбек тілінде хабар тарататын бөлімі - «Озодлик» радиосының журналисті Ғафуржон Йолдошев артынша, қауіпсіздік қызметі және полиция күштерінің бұйрығымен өз туған жерін тастап, өзге елге қоныс аударуына тура келгенін айтады.

«Олар мені бір шетке апарып алып, қолымдағы сумкамды тінтті. Дыбыс жазғыш, фотоаппараттарымдағы диск, таспаларды алып, ондағы дүниелерді жойды. Мен өзімнің әндіжандық екендігімді айтқан едім, егер өлгің келмесе, бұл арадан тез жоғал деді», - дейді әріптесіміз Ғафуржон.

Ал «Азат Еуропа/Азаттық» радиосының Өзбек бөлімі директоры қызметін атқарушы Сожида Жахфарованың айтуынша Өзбек ресми орындары Тәшкен қаласындағы бюро лицензиясын мерзімінен бұрын жойып, ондағы қызметкерлерді қудалауға кіріскен.

«Тәшкендегі бюродағы 5-6 қызметкерімізді аккредитациялық, лицензиялық құқымыз аяқталмай жатып қауіпсіздік қызметі қорқыту, қудалау астына алды. Ол арадағы тілшілерімізге телефон шалып, «Әлі тірі жүрсіңдер ме, ойпырмай, қалай аман жүрсіңдер?» деп қорқытып, жүйкесін қажайды екен. Сондықтан олар Әндіжандағы шындық, ақиқат жөнінде айтуға жүрексінеді. Адам құқықтары жөнінде айту да қиын, Жалпы, халықпен бірге олар да қорқыныш-үреймен өмір сүруде», - дейді Сожида Жахфарова.

Өзбекстанда қудалау, қысымға кезіккен шетелдік БАҚ-дары арасында халықаралық БиБиСи қызметі де бар. Бұл жөнінде БиБиСи-дің ЕуроАзия аймақтық бөлім басшысы Бехруз Афағ Табризи бізге былай деді:

«Әндіжандағы мамыр толқуларынан кейін Өзбекстандағы қызметкерлерімізді қудалау, қысым жасау күшейді. Жетекші тілшіміз үкіметтік қысымға шыдай алмай биылғы маусым айында ол арадан кетуге мәжбүр болды. Оның артынша, БиБиСи-дегі 6 қызметкеріміз де қудаланып, олардың екеуіне БҰҰ босқындық мәртебесін беріп үлгерді,».

Ал мұндай кезде бірер шара қолдай алмағандығы үшін «Хьюман Райтс уач» және «Амнести интернашнал» халықаралық ұйымдары АҚШ пен ЕуроОдақты сынап, айыптап, олардың әлі де болса бірер әрекет жасауын талап етеді. Бұл 2 ұйым, Өзбекстанға түрлі санкциялар жариялап, Өзбекстандық ресмилерге АҚШ пен Еуропаға виза берілмеуін, сауда-саттық саласындағы жеңілдікті алып тастап, Әндіжан қырғынына байланысты халықаралық тергеу жүргізу керек деп санайды.
XS
SM
MD
LG