Accessibility links

АҚШ ғарыш агенттігі 2018 жылға таман Айға қайтадан адам ұшырамыз деп мәлім етті. Жаңа жобаға 104 миллиард доллар жұмсалмақ. Америкалық "Аполло" кемесі Айға алғаш қонғалы 30 жылдан уақыт өтіп кетіпті. АҚШ-тың шаттл кемелерін ұшыру жобасы қысқарып жатқан сәтте НАСА агенттігі жаңа жобаны іске асыруға аса үлкен ниет танытып отыр. Айға адам ұшыру жобасы ғарышты игеруде халықаралық әріптестікті арттырмақ.

Айға адам ұшыру сапары қайтадан іске асырылмақ деген мәлімдемені дүйсенбі күні Вашингтонда НАСА агенттігі әкімшілігінің бастығы Мишель Гриффин жариялады. Жаңа жобаны ғарыш бәсекелесінде алдыңғы қатарда болу әрекеті деп қабылдаса болады. Ғарышқа адам ұшыру қазір Ресей мен Қытайдың да қолынан келеді. Қытай 2010 жылға таман Айға зерттеу аппаратын ұшырамыз деп жариялады. Басқа кейбір елдер де ғарыш жобаларын дамытуға құштар. АҚШ президенті Джордж Буш Ай сапарлары Марсқа және Күн жүйесінің басқа планеталарына ғарыш сапарларын ашады деп сипаттады. Еуропа ғарыш агенттігінің өкілі Франко Боначина АҚШ-тың Ай сапарлары барша халықаралық қауымдастыққа пайда әкеледі, АҚШ басқа елдерді әріптестікке қазірдің өзінде шақырған дейді:

- Ғарышкерлер Айға табан тіреді деген сөз – халықаралық әріптестікке жол ашық деген сөз. Президент Буш айтқандай, жобаға халықаралық серіктестер шақырылады. Халықаралық әріптестік үлгісі бізде қазірдің өзінде бар, ол Халықаралық ғарыш станциясында іске асырылып жатыр. Біз осы мүмкіншілікті нақты пайдаланып, біраз шаруаны бірге асырамыз деп ойлаймын.

Айға адам ұшыру жобасы НАСА агенттігіне АҚШ-тың қаржы тапшылығы кезінде жасалынып отырған үлкен инвестициясы болып отыр. АҚШ жағалауын соққан "Катрина" теңіз дауылының салдарын жоюға 200 миллиард доллар қажет болуы мүмкін. НАСА агенттігінің бюджеті тым үлкен деген пікірталас көп қазір. НАСА агенттігі әкімшілігінің бастығы Мишель Гриффин "Катрина" дауылы сияқты табиғи апаттардың дағдарысы болашаққа негізделген кең-қанатты жобаларға әсер етпеу керек дейді:

- Ғарыш бағдарламасы дегеніміз – болашаққа салынатын ұзақ мерзімді инвестиция. Қысқа мерзімдегі мәселлерді шешкенде болашаққа бағытталған ұзақ мерзімді инвестициялырымызды құрбандыққа шалмауымыз керек.

НАСА агенттігінің төңірегінде қазір шаттл үлгісіндегі кемелерге байланысты да сын көп. Ескіріп жатқан шаттл кемелерінің бірі "Дискавери" тамыз айында ұшқанда, одан да ақау шықты, кемені ғарыш басында жөндеуге тұра келді. "Колумбия" шаттл кемесі 2003 жылы дәл сондай техникалық себептен, жерден көтерілу сәтінде қапшығынан кейбір бөлшектер сынып түскендіктен қайғылы апатқа тап болған еді. НАСА агенттігінің 2006 жылға арналған бюджеті 16 миллиард доллар деп белгіленді. "Катрина" дауылынан соң АҚШ бюджетінің тапшылығы өсе түсті. Оның үстіне Ирақтағы соғыстың өзі АҚШ бюджетіне ай сайын бес миллиард доллар шығын әкеледі.
XS
SM
MD
LG