Accessibility links

Қазақстанда 82 мың әйел сүт безінің қатерлі ісік ауруына шалдыққан

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Қазақстандық дәрігерлерді қатерлі ісік ауруының кең таралуы алаңдатып отыр. Жыл сайын республикада қатерлі ісік ауруына шалдыққан 30 мың адам тіркеліп, оның 52,6 пайызға жуығы әйелдер еншісіне тиеді екен. Мамандар: “Ауылды жерлерде кадр мәселесін шешіп, аталмыш ауру туралы ақпараттандыру жұмыстары жүйелі жолға қойылмаса бұл сан арта түсуі мүмкін”, дейді.

Сүт безінің қатерлі ісік ауруына шалдыққан Махфуна Юлдашева Алматыдағы Онкология және радиология институтында сомырауына операция жасатқан соң, енді кезекті емін қабылдауда. Махфуна өз сырқатын асқындырып алғанын айтады:

“Үш жылдан бері ауырғанын білмей жүре беріппін. Оның үстіне бізде ауылда маммолог маман жоқ. Қыста қатты ауырып, аудан орталығы Шелекке барып қаралдым. Дәрігерлер мені бірден осы Онкологиялық институтқа жіберді”.

Махфуна Юлдашева сынды сүт безінің қатерлі ісік ауруына шалдыққан әйелдер саны ресми дерек бойынша, республикада бүгінде 82 мыңға жеткен. Мұнымен қоса әйелдер арасында жатыр мойны мен түтікшесінің қатерлі ісігі де көбейіп отыр дейді мамандар. Жыл сайын қатерлі ісік дертіне шалдыққан 30 мың адам тіркелсе, олардың жартысынан астамын әйелдер құрайды. Мамандар бұл дертпен Алматы қаласы мен Павлодар, Қарағанды, Ақмола, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстарының тұрғындары жиі сырқаттанады деп отыр.

“Қатерлі ісік – емделмелі ауру, егер диагноз бастапқы кезеңдерінде қойылып, тұрақты медициналық ем жүргізілсе оны емдеу мүмкіндігі жоғары болады”, - дейді Қазақ Онкология және радиология ғылыми-зерттеу институының директоры, профессор Жеткерген Арзықұлов.

Оның айтуынша, азаматтардың басым көпшілігі бұл мәселеде сауатсыз және іс жүзінде онколог дәрігерлерге қаралуға жүрексінеді.

”Мұның соңы қайғылы деректерге соқтырады. Егер әйелдер уақытында тұрмыс құрып, дүниеге сәби әкеліп, табиғат берген міндеттін дер кезінде атқарар болса, бұл қатерлі ісік дерті бүгінгідей кең тарала қоймас еді”, - дейді профессор Ж.Арзықұлов.

Алматы қалалық №1 емханасының бас дәрігері Тілеуқабыл Тағындықов:

“Сүт безінің қатерлі ісігімен 25 пен 50 жас аралығындағы, ал жатыр мойны түтікшесінің қатерлі ісігі дертімен туу жасынан асып кеткен әйелдер көбірек сырқаттанады. Бұл аурулармен көп бала туған әйелдер ауырмайды. Көбірек аборт жасатқан, гормондық жетіспеушіліктері бар әйелдер сырқаттанады”, - дейді.

Алайда, Махфуна Юлдашева: “Сырқатымның неден, қалай пайда болғанын білмей отырмын. Үш баланы өмірге әкелдім. Екі рет аборт жасаттым. Содан ба, білмеймін. Балаларымды омырау сүтіммен өсірдім. Осы онкология бөлімінде қазір жап-жас 18 бен 20-дағы балалар жатыр. Соларға қарап жаның ауырады. Біздер әйтеуір 50-ге келдік қой,” - дейді.

“Қатерлі ісік ауруын емдеуге медицинада барлық мүмкіндіктер бар. Қазақстанда сырқаттарды тегін емдеу ісі жолға қойылып отыр. Жыл сайын 600 млн долларға дәрі-дәрмек сатып алынады. Оның бәрі сырқаттарға тегін таратылады”, - дейді Алматыдағы №1 емханасының бас дәрігері Тілеуқабыл Тағындықов.

Қатерлі ісік дертіне шалдыққан ерлер саны да әйелдерден аз болмай отыр. Қазақстанда 16 мыңға жуық ер-азамат қатерлі ісікпен ауырады, дейді мамандар. Олардың айтуынша, бірінші орынға өкпенің қатерлі ісігі, екінші орынға асқазан, ал үшінші орынға - тері қатерлі ісік аурулары шығып отыр.
XS
SM
MD
LG