Accessibility links

Алматыда өндіріс орнындағы жарылыстан алты адам зардап шекті


Бейсенбі күні кешке Алматыдағы “Перфект” атты автокөлікке техникалық қызмет көрсету стансасында дәнекерлеу жұмыстары кезінде жарылыс болып, түрлі жарақат алған алты адам ауруханаға жеткізілген. Жұма күні “Азаттық” радиосына түсініктеме берген Алматы қаласындағы төтенше жағдай жөніндегі департаменттің ресми өкілі, бұл оқиғаның орын алуына қарапайым техникалық қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы себеп болған деп хабарлады.

Төтенше жағдайлар жөніндегі Алматы қалалық департаменті бастығының орынбасары Сәбит Имандосұлы Аймағамбетовтың айтуынша, бұл оқиға бейсенбі күні кешкі сағат бес кезінде орын алған.

“Оқиға дәнекерлеу жұмыстары жүріп жатқанда болған. Ғимараттың іші желдетілмейді екен. Содан кейін, жанар-жағармайлардың буы жиналып, от тұтанғанда жарылыс болған. Соның салдарынан алты адам жарақаттанып, оның бесеуі №4-ші қалалық, ал біреуі облыстық ауруханаға жеткізілген”, - деді ол.

Ал, 23 қыркүйек күні кейбір ресми ақпарат құралдары, бейсенбі күні кешке болған жарылыс кезінде алты адамның орташа дәрежедегі жарақат алғандығын хабарлады. Алматыда №4 қалалық ауруханадағы жарақат алған адамдар жеткізілген бөлімдегі медбикелердің бірі Байкенжиева Жеңіскүл, олардың өміріне төніп тұрған ешқандай да қауіптің жоқ дегенді айтты.

Мамандардың келтірген деректеріне сүйенсек, Алматы қаласындағы өндіріс орындары мен түрлі мекемелерде төтенше жағдайлар көбінесе қарапайым ғана қауіпсіздік ережелерінің сақталмауынан орын алып тұрады. Сарапшылар мұндай ахуалдың белең алуын, оны тексеруге тиіс құзырлы мекемелер тарапынан бақылаудың әлсіреп бара жатқандығымен байланыстырып отыр. Біз қалада қауіпсіздік ережелерінің сақтауға байланысты бақылаудың қалай жүргізілетіндігін білу үшін, Алматы қалалық бақылау және қадағалау басқармасымен байланысқанымызда, аталмыш мекеменің аға инженері Гүлшат Дәуренбекова бұл туралы “Азаттық” радиосына мынадай ақпарат берді:

“Бізде бақылау және қадағалау бөлімі бар. Олардың арнайы графигі бар. Олар өздерінің жұмыс жоспарын осы қалалық бөлімге алып келіп тіркейді. Содан кейін де олар кез-келген обьектілерді тексере алмайды. Жоспар бойынша прокуратураға карталарын көрсетеді. Прокуратурадан қағаз алғаннан кейін, ол обьектіні тексермей тұрып, он бес күн бұрын олардың өкілдерін тексеретіндіктерін айтып, хабардар етеді. Осыдан кейін рұқсат алып, сол обьектіні тексереді”.

Мамандардың айтуынша, қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы тек кіші-гірім мекемелерде ғана емес, сонымен қатар ірі зауыттардың өзінде де ескеріле бермейді. Тіпті, кей кездері ірі өндіріс кәсіпорындарында орын алған төтенше жағдайлардан, оны тексеруге тиіс құзырлы орындар да бейхабар болып жатады. 2004 жылы Алматы қаласындағы ірі зауыттардың бірінде жұмыс істей жүріп, ауыр жарақат алған Гүлжан есімді әйел “Азаттық” радиосына берген сұхбатында, зауытта төтенше жағдай орын алғанда басшылықтың оның себеп-салдарын тексеруге тиіс құзырлы мекемелерден ешкімді де шақырмағандығын былайша еске алды:

“Жиырма литрлік баллон жарылғанда тура менің маңдайыма келіп тиді. Сағат таңертеңгі он бірде осы оқиға орын алса да, басымнан қан сауғалағанына қарамастан, олар кешкі сағат төртке дейін кішкентай бөлмеде ешкімді шақырмай, мені ұстап отырды. Жедел-жәрдемнің өзін олар тек түскі сағат үш кезінде шақырды. Ал, заң бойынша олар төтенше жағдайдан, милициядан адам шақырып, бәрі тіркелуі тиіс еді. Оның бірі жасалмады”.

Гүлжанның ауыр жарақат алғанына бір жылдан асса да ол қаржы-қаражаттың жоқтығынан операция жасата алмапты.
XS
SM
MD
LG