Accessibility links

Баспасөзге шолу. 09.23.2005 жыл

  • Досан БАЙМОЛДА

Жұма күні Қазақстанда жарық көрген басылымдардың басым көпшілігі Қазақстан президентінің БҰҰ-ның Бас Ассемблеясының мерекелі 60-шы сессиясына неге қатыспағандығы туралы және алдағы аптада болатын Дүниежүзі қазақтарының ІІІ-ші құрылтайына қатысты сараптама мақалалар мен сарапшылар пікірлерін назарға ұсыныпты.

Жұма күні жарық көрген «Ақ Жол Қазақстан» басылымында осы газеттің тілшісі Шалқар Естен «Назарбаев саммитке неге бармады?» деген мақаласында «әлемдік державалардың барлық басшылары қатысқан, тіпті күні кеше ғана билік басына келген жаңа басшылар да төрт көзі түгел барған айтулы басқосуға неге біздің президентіміз бармай қалды?» деген сұрақ тастайды. Мақалада айтылғанындай, бір кездегі ықпал-беделінен айырылған, қажыр-қайраты мұқалған БҰҰ-ның бұл торқалы басқосуына 170 мемлекеттің жоғары лауазымды өкілдері барса, Қазақстан атынан бұған сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаев ғана қатысқан. Газет тілшісі биылғы жылы шілде айының басында Астанада өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитінде БҰҰ-ын реформалау қажеттігн батыл айтып қалған Қазақстан президентінің бұл сапардан неге шет қалғанын біле алмадық деп жазса, апталық «Жұма-Таймс» басылымы БҰҰ-ның бұл жолғы мерекелі саммитіне әлемінің барлық елдерінің президенттері, премьер-министрлері, король, шейхтары қатысқан болса, осы әлемдік жиынға екі елдің басшылары қатысқан жоқ, «олар - Қазақстан президенті Н.Назарбаев пен Өзбекстан президенті Ислам Кәрімов» деп жазады. Осы басылымға берген сұхбатында «Әділетті Қазақстан үшін» қоғамдық қозғалысының төралқа мүшесі Төлен Тоқтасынов: «бәлкім, президент АҚШ-тың прокурорларынан қорыққан болуы керек, олар саммит кезінде «Казахгейт» ісіне байланысты президентке сұрақтар қоюы ғажап емес, ол сондықтан да саммитке бармаған болуы керек» деген пікір айтыпты. Ал, «Алға» партиясының жетекшісі Асылбек Қожахметов: «Н.Назарбаевтың бармауының екі түрлі себебі бар - біріншіден, оған саммитке келмегеніңіз дұрыс деген ресми емес ақпарат түскен болуы керек, ал екіншіден, Қ.Тоқаев саммит барысында сізге басқа мемлекет басшылары тарапынан жеткілікті көңіл бөлінбей, елеусіз жағдайда қалуыңыз мүмкін, сондықтан ең дұрысы келмеңіз деген ақыл кеңес берген» деген пікір айтқан.

Осы тақырыпты қозғаған тағы бір оппозициялық басылым - «Сөз» газеті «БҰҰ-ның саммитіне АҚШ империализмі туралы үнемі айтып сынға алып жүретін Беларусь президенті Александр Лукашенко, Венесуела президенті Уго Чавес секілді президенттерге дейін қорықпай келіп, жоғарғы мінберден сөз сөйледі. Ал Қазақстанда әлемдік деңгейдегі басшы деп насихатталатын президент Н.Назарбаевтың бұл үлкен жиынға бармай қалуы түсініксіз жайт. Бұл бірінші рет емес, Қазақстан басшысы 2002 жылдан бері АҚШ пен Швейцарияда өткен қандай бір іс-шараларға баруды қойған, ол соңғы кезде тек жақын шет елдер мен ТМД елдерін ғана аралайтын болған» деп жазады.

«Жас Қазақ» басылымы осы қыркүйектің 28-30 аралығында Астанада өтетін әлем қазақтарының ІІІ-құрылтайы тақырыбына арнап «Құрылтай құр сөз болмаса игі» деген газет тілшісі Еренғайып Қуатайұлының мақаласын жариялапты. «Егер де 2002 жылы Түркістанда өткен әлем қазақтарының екінші құрылтайында нақты бір мәселер қаралмай, тек басшыларды құр мақтаумен құрылтай өткенін еске алсақ, осы жолғы құрылтайда нақты бір мәселелер - шетелде тұрып жатқан қазақтарға рухани, мәдени тұрғыдан қолдау, көші-қон мәселесі және олардың Қазақстанда білім алу, бизнес жасау мәселелері қаралатын болғандығы жақсы, бірақ осының бәрі құр сөз болып айтылып қалмай, іс жүзінде орындалса» деп жазады газет тілшісі.

«Қазақ әдебиеті» басылымы жұмалық санында осы құрылтай тақырыбына қатысты Қазақстанға бұрын шетелден көшіп келген бірқатар жазушы, ғалым, ақындардың пікірлерін беріпті. Жазушы Серік Қапшықбайұлы өзінің Қазақстанға көшіп келген соң 7 кітап жазып шығарғанын айта келе, құрылтайда шеттегі қазақтардың ең қиналатын мәселесі - көші-қон мәселесі реттелсе, бөлек заң қабылданса деген пікірін айтыпты. Ал ғалым Оразанбай Егеубаев болса, шетелдегі қандастарды түгелдей Қазақстанға көшіріп алу қажет, сол арқылы Қазақстандағы демографиялық және тіл проблемалары шешіледі және қазақтар жат жұртта жаутаңдап жүріп, тозып кету қаупінен сақталады деген пікір білідіріпті.
XS
SM
MD
LG