Accessibility links

Қарағандылық студенттер өз наразылығын айтып, университет басшысына ашық хат жолдады

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Евней Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік Университетінің журналистика кафедрасының ұстаздары Мартбек Тоқмырза мен Мейрамхан Жәпектің, осы білім ордасында өткізілген конкурстан өтпей қалуы көпшілік тарапынан әр түрлі пікір туғызғандығы туралы “Азаттық” радиосынан хабарланған болатын. Ал, аптаның аяғында, “Азамат kz” басылымында екі оқытушының ұстаздық қызметке өтпей қалуына өз қарсылықтарын білдірген бір топ студенттің Қарағанды Мемлекеттік Университеті ректорының атына жазған ашық хаты жарияланды. Ашық хат авторлары Қарағанды мемлекеттік университеті басшылығының, ұстаздыққа өтпей қалған Мартбек Тоқмырза мен Мейрамхан Жапектің білім дәрежесі туралы студенттердің ой-пікірлерімен санаспағандығына наразылық білдіріпті.

Қыркүйектің 24-күні “Азаттық” радиосымен байланысқан осы ашық хатты жазған студенттер, егер Қарағанды мемлекеттік университетінің басшылығы жазған арыздарын қанағаттандырмаса, Білім министрлігіне шағымданатындықтарын хабарлады. Атап айтқанда, Қарағанды мемлекеттік университетінің журналистика кафедрасының студенттері конкурстың нәтижесін қайта қарап, арнайы комиссия шақырып, әділеттілікті қалпына келтіруді талап етіп отыр. Қарағанды мемлекеттік университетінде білім алып жатқан жастардың бірі Кемпірбай Алдабергеновтың айтуынша, студенттер басшылыққа сұрау салғанымен, осы екі ұстазының «не себептен конкурстан өтпей қалғандығына» байланысты жауап ала алмаған.

Ал, Зұлжақап Ардақ есімді студент, Мартбек Тоқмырза мен Мейрамхан Жәпектің өз саласын өте жақсы білетін ұстаздар екендігін айтып отыр.

«Бізге дәріс берген ұстазымыздың екеуі де, өз саласын жақсы меңгерген, өте білікті мамандар. Олардың конкурстан қалай өтпей қалғандығы бізге мүлде түсініксіз. Кафердрамызда өзінің орны бар ұстаздарымыз көп болса да біз Мейрамхан Жәпек пен Мартбек Тоқмырзаны олардың қай-қайсысынан да бір саты жоғары қоямыз. Өз саласын жақсы білетін ұстаздарымызды университеттен кетіріп жатқаннан кейін, осы білім шаңырағындағы оқыту сапасының деңгейі қандай болады деген сауал бізді де қатты алаңдатады», - деді ол.

Тұрсынғалиев Руслан есімді студент болса, өздерінің осы екі ұстазға қатты бауыр басып қалғандарын және олардың білім деңгейлерін тексерген конкурсқа сенбейтіндігін айтты. Сенбі күні “Азаттық” радиосымен хабарласқан студенттер Мейрамхан Жапек пен Мартбек Тоқмырзаның ұстаздық қызметке өтпей қалуына басқа бір себептердің ықпалы болуы мүмкін екендігі туралы ойларын білдірді.

Студенттер әңгімелеп берген оқиғаның қысқаша тарихына тоқталсақ, кезінде Қарағанды мемлекеттік университетінің жатақханасында орын алған бір келеңсіз жағдайларға байланысты жатақханада үлкен жиналыс болып, Мартбек Тоқмырза батыл сөйлеген екен. Ал, Мейрамхан Жәпек “Арқа медиа” атты интернет-басылымға бұл туралы мақала жазған. Қазір студенттер, сол кезде жастардың намысын қорғаған осы екі ұстаздың өзіндік ой-пікірлері университет басшылығына жақпай қалған деп отыр.

Ұстаздыққа өтпей қалған Мейрамхан Жәпек пен Мартбек Тоқмырза сенбі күні “Азаттық” радиосына Қазақстан Республикасы Қарағанды облысының прокуроры С.Б.Ақылбайға, ҚР Білім министрі Б.Әйтімоваға, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Б.Байқадамовқа, Қазақстан Журналистер Конгресінің төрайымы Дариға Назарбаеваға, республиканың бас прокуроры Р.Түсіпбековке әділдік сұрап, қызметтік хат жолдағандарымен, құзырлы орындардың көбінен әлі жауап ала алмай отырғандарын хабарлады. Әзірше оларға Республика прокурорынан және Адам Құқықтары жөніндегі уәкіл Болат Байқадамовтан ғана қызметтік хат бойынша жұмыстардың жүріп жатқандығы туралы жауап келіпті.

Біз осы мәселеге байланысты түсініктеме беруін өтініп, Қарағанды мемлекеттік университеті ректорының қабылдау бөліміне телефон шалдық. Телефон тұтқасын көтерген хатшы қыз, ректордың іссапарда жүргендігінен хабардар етіп, бұл мәселеге байланысты оның бірінші орынбасары Жұмашев Рымбекпен сөйлесуімізге болатындығын айтты. Осыған дейін де ректордың бірінші орынбасары Жұмашев Рымбекті осы оқиғаға қатысты түсініктеме алу үшін, бірнеше мәрте мазалауымызға тура келген еді.

Алғаш телефон шалғанымызда, ол өзінің асығып отырғанын айтып, кейінірек хабарласуымызды өтінді. Қатарынан бірнеше күн телефон шалғаннан кейін ғана Қарағанды мемлекеттік университеті ректорының бірінші орынбасары Рымбек Жұмашев “Азаттық” радиосына қысқаша ғана түсініктеме беруге келісті. Өз сөзінде Р.Жұмашев мырза, Мартбек Тоқмырзаның жоғарғы оқу орнында істеген үш жыл стажының, ал Мейрамхан Жапектің кандидаттық дәрежесі жоқ деп Білім министрлігіне жауап бергендерін айтты.

Ал қыркүйектің 24-күні «Азаттық» радиосына ос жайтқа қатысты пікір айтқан Қарағанды мемлекеттік университетінің студенттері, егер олардың талаптары ескерілмесе, Білім министрлігіне арнайы хат жолдап, тіпті, университет басшылығының шешіміне қарсылық шараларын ұйымдастыратындықтарын мәлімдеді.
XS
SM
MD
LG