Accessibility links

Қазақстандық баспаханалар оппозициялық газеттерді басудан бас тартып отыр


Қыркүйектің 27-сі күні Алматыда ”Свобода слова”, “Эпоха”, “Сөз”, “Апта.kz”, “Правда Қазахстана”, “Жұма таймс”, “Азат” басылымдардың бас редакторлары: “Президент сайлауы қарсаңында Қазақстанда оппозициялық басылымдарға қысымдар күшейіп отыр. Біз газет шығару мүмкіндігімізден, ал оқырмандарымыз газетімізді оқу мүмкіндігінен айырылды” деп мәлімдеме таратты. Олардың айтуынша, қыркүйектің 26-сы күні аталған басылымдарды осы уақытқа дейін басып келген Алматыдағы “Время-принт” баспаханасы ешқандай ескертпесіз газеттердің келесі санын басудан бас тартқан. Сондай-ақ, қаладағы өзге баспаханалар да бұл басылымдарды басып шығарудан бас тартып отыр дейді редакторлар.

Газетіміз шықпайтын болды деп мәлімдеме жасаған оппозициялық басылымдардың бас редакторлары барлық газеттердің бір уақытта шықпай қалуы Қазақстан тарихында бұған дейін болмағанын айтады.

“Время-принт” баспаханасы газеттерді басудан не себепті бас тартып отырғандары жөнінде ешбір түсініктеме бере алмай отыр. Кеше өзге де “Дәуір” сияқты баспаханаларға газеттерімізді басу жөнінде өтініш жасап көрдік. Бүгін таңертеңгісін олардан қараша айының ортасында ғана сіздердің газеттеріңізді басуды бастай аламыз деген жауап алдық”, - дейді “Апта.kz” газетінің бас редакторы Ахас Тәжутов.

”Свобода слова” басылымының бас редакторы Гүлжан Ерғалиева президент сайлауы алдында демократиялық күштердің нығаюынан қорыққан билік оппозициялық баспасөзді жоғарыдан қоңырау шалу мен астыртын ойын жолдары арқылы көзін жоюды көздеп отыр деп санайды. Журналист Г.Ерғалиева, мұндай жағдай Қазақстан президенті Н.Назарбаевтың алдағы сайлау әділ әрі еркін өтеді деген мәлімдемесінің бос сөз, биліктің әділ сайлау өткізуге ынталы емес екендігін көрсетеді деген тұжырым жасайды.

“Биліктің мұндағы басты мақсаты - алдағы сайлауда қазіргі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың негізгі бақталасы Жармахан Тұяқбайды ақпарат айдынынан мүлдем ысырып тастап, оның сайлау алды үгіт-насихат жұмыстарына кедергі келтіру болып отыр”, - дейді Г.Ерғалиева.

Әріптесінің сөзіне “Жұма таймс” апталығының бас редакторы Бақытгүл Мәкімбай да қосылады. Ол бұл іс-әрекеттер елде тәуелсіз басылымдарға қарсы мақсатты түрде жасалып отыр деген ойын айтады.

“Билік тарапынан жасалынатын мұндай қысымдарды біз осыдан 6 жыл бұрын басымыздан кешіргеміз. Сол алты жыл ішінде қазақстандық биліктің алдыға қарай қадам басып өзгерейін деген ниеті жоқ екенін білдік. Біз газетімізді шығарамыз, мүмкін газетіміз оқырманға кешігіп жететін шығар. Бірақ, билікке ешқашанда басымызды имейміз. Қазақстанның барлық аймағында біздің газетімізді таратушылар, сатушылар бар. Олар газет сату арқылы күн көрісін айырып отыр еді. Енді бүгін билік оларды жұмыссыз етіп, табысынан айырып отыр”, - дейді “Жұма таймс” апталығының бас редакторы Бақытгүл Мәкімбай.

Қыркүйектің 26-сы күні Қазақстанның бас прокуратурасы кейбір оппозициялық басылымдардың шықпай қалуы олардың заң талаптарын бұзып отырғандығымен байланысты, соңғы уақытта қызметіне тиым салынған газеттердің жарыққа шығу фактілері жиілеп кетті деген мазмұндағы мәлімдеме таратқан болатын. Алайда, оппозициялық басылымдар басшылары мұндай пікірлерімен келіспей отыр.

“Бұл енді сайлау алдында бүгінгі тірліктен халықты хабарсыз қалдыру әрекеті ғой. Оған біздің елімізде тазалықтың аз екені себеп болып отырған болар”, - дейді аталған мәселеге байланысты «Азаттық» радиосына пікірін білдірген жазушы Дінәш Нұрмұхамбет.

“Бір мезетте барлық газетті шығармай тастау дүниеде болмаған нәрсе. Кеңес Одағы кезінде болсын олар тәртіп сақтап, ашық түрде мынау халықтың, мемлекеттің жауы деп айтып ашықтан-ашық жауып тастаған. Бұл енді бір жағынан тоталитарлық мемлекет үшін заңды нәрсе. Ал енді демократиялы, зайырлы, құқықтық мемлекетте осындай астарлы тірлік айналып келгенде бүкіл қоғамға қауіп”, - дейді ”Жас алаш” газетінің қызметкері Айдос Сарым.

Бұл әрекет биліктің оппозициялық басылымға ескертуі болуы мүмкін дейді Еркінбек Нұрбергенұлы есімді азамат. “Осы уақытқа дейін оппозициялық басылымдар сынағанның жөні сол деп, қалай болса солай қалам сілтеп келді. Бәлкім, шектен шығып бара жатқан оларға ескертуді осылай жасаған жөн болар” дейді ол.

Қазақстанда сөз бостандығын қорғайтын “Әділ сөз” қорының өкілі Ғалия Әженова: “Қоғамда қанша газет болса олардың барлығының үні естілуі керек. Ал енді жаппай өзге пікірлерден біз бас тартатын болсақ, онда біз ешқашанда демократиялы қоғам құра алмаймыз”, дейді.

Мәлімдеме жасаған оппозициялық газет басшылары өздерінің конституциялық құқықтарын қорғау үшін аштық жариялап, шеруге шығуға да дайын екендерін айтты. Олар жұртшылық пен елдегі журналист әріптестеріне биліктің әрекетін айыптауға және қазан айының алғашқы он күндігінде өтуі мүмкін наразылық шеруіне келуге үндеу тастады.
XS
SM
MD
LG