Accessibility links

Қазақстанда тұңғыш рет ер адамдарға арналған дағдарыс орталығы ашылды

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Күні бүгінге шейін Қазақстанда тек әйелдердің ғана дағдарыс орталықтары болып келсе, енді ер адамдарға арналған осындай орталық құрылды. Сарапшылардың айтуынша, қазіргі уақытта көптеген отбасылардың бақытсыздыққа ұшырауы, көп жағдайда ер адамдардың қоғамдағы өз орнын таба алмауынан болады екен.

Жасы отыздан асқан Қанаттың биыл Алматыға келгеніне алты жыл толыпты. Қанат та көптеген замандастары секілді қалаға келгенде жұмысқа тұрып, ел қатарына қосылуды армандапты. Алайда жұмысқа тұрған Қанаттың қуанышы ұзаққа созылмай дағдарысқа ұшыраған. Атап айтқанда, такси жүргізушісі болып жұмысқа тұрған Қанатты еңбегін пайдаланғаннан кейін қожайыны, ақысын төлемей қойыпты. Алматыда ешқандай туған-туыс, тума-бауыры жоқ Қанат қанша жерге арызданғанымен, әділдік таба алмапты.

Ресми мәліметтерге жүгінсек, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің ішінде еркектердің дағдарыс орталығы бұрын-соңды тек Литва пен Украинда ғана болған. Мамандар мұның себебін осы кезге шейін қоғамда еркектердің да түрлі дағдарысқа ұшырайтындығының ескерілмей келгендігімен байланыстырады. Кеңестік дәуірде еркектер көбінесе тек күшті жағынан, яғни қоғамның қозғаушы күші ретінде ғана насихатталып келді.

Ал, біз әңгімеге тартқан Шолпан есімді зейнеткер әйел қазіргі замандағы еркектер мен бұрынғы замандағы еркектерді салыстыруға болмайды деген ойын білдірді. Шолпанның айтуынша, бүгінгі уақытта өз отбасында еркектердің әйелдерінен төмен, тіпті, кейде қорғансыз жағдайда өмір сүретіндігі жиі кездесетін оқиға.

Адамзат баласы жаратылғаннан бері әйел мен еркектің бір-бірінсіз өмір сүре алмайтындығы табиғи заңдылық. “Азаттық” радиосына сұхбат берген Бейсен есімді ақсақалдың айтуынша, көзі тірісінде әйелдер мен еркектер бір-бірінің қадірін біле бермейді. Бейсен ақсақал осыдан үш жыл бұрын қосағынан айырылғаннан кейін, тіршіліктің мәнісі кеткендігін, тіпті жалғыздық дертіне шалдыққандығын айтып, шағынады.

Ер адамдарға арналған дағдарыс орталығын құрушылардың бірі Лейла Ахметова 27-қыркүйек күні “Азаттық” радиосына берген сұхбатында Қазақстанда мұндай орталықтың тұңғыш рет ашылып отырғандығынан хабардар етті.

“Дағдарыс орталығында психолог, ұстаз, заңгер, сенім телефон қоңырауына жауап беретін қызметкер мен осы жобаның жетекшісі жұмыс істейді. Онда жастарға, мектеп оқушыларына арналған түрлі мәселелер бойынша жұмыс істейтін секциялар ашылды. Елімізде әйелдерге арналған 39 дағдарыс орталығы бар. Ал, қырқыншы дағдарыс орталығы еркектерге бұйырды. Бірақ бұл еркектердің басындағы проблемалар әйелдердікімен салыстырғанда аз дегенді білдірмейді”, - деді Лейла Ахметова.

Лейла Ахметованың айтуынша, олар бұл жобаны Алматы қалалық әкімшілігі өткізген конкурстың нәтижесінде жеңіп алған. Ал, жасы отыздан асқан Алматыдағы жұмыссыздардың бірі Қанат өз сөзінде көптеген еркектердің ауыр ахуалды басынан кешіріп отырғандығын айтып, олардың кейбіреуінің тіпті, жаппай белең алған жұмыссыздықтың салдарынан, күнкөріс қамымен бөтелке теріп кеткендігін мысалға келтірді.

Статисикалық агенттіктің келтірген мәліметтеріне сүйенсек, Қазақстанда тұратын әйелдердің үлес салмағы 52 проценттен асса, еркектердікі 48 процентке жетпейді екен.
XS
SM
MD
LG