Accessibility links

Ақтөбе қаласының 120 тұрғынын жаппай көшіруге мәжбүр еткен химиялық заттың құрамы анықталмай отыр


Қыркүйектің 25-і күні кешкісін Ақтөбе қаласындағы авиаторлар қалашығындағы №24 үйдің тұрғындарын жаппай көшіруге мәжбүр еткен табиғаты беймәлім химиялық заттың – «черемуха» немесе «хлорпикрин» болуы мүмкін дейді облыстық санитарлық-эпидемилогиялық қадағалау қызметінің мамандары. Ал қазір аталған аумақта қауіптің жоқтығы анықталып, тұрғындар үйлеріне қайтарылды дейді төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері.

Қыркүйектің 25-і күні кешкісін Ақтөбе қаласында орын алған оқыс оқиға орнына келіп жеткен қаладағы барлық шұғыл қызметтер, соның ішінде ҰҚК-нің облыстық департаменті мамандары, құтқару қызметі және мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қызмет сарапшыларына зардап шеккендердің барлығы да тыныс ала-алмай, көздерінен жас аққанын және құсқысы келгендерін айтты дейді ҚР төтенше жағдайлар министрлігінің Ақтөбе облысындағы басқарма бастығының орынбасары Сағынғали Алтынбаев. Оның айтуынша, тұрғын үйдегі жүзден астам адам сол күні басқа жаққа көшіріліп, ертеңіне ешқандай қауіп байқалмағандықтан пәтерлеріне жіберілген. Және де ешқандай азаматтың денсаулығы сыр бермегендіктен ауруханаға жатқызылмаған. Алайда қазір аталған оқиға орын алған №24 үйді заң қызметкерлері күзетуде дейді Сағынғали Алтынбаев.

Ал Ақтөбе облыстық мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық басқармасының бөлім бастығы Жақсыгелді Өтесейітов басында ауданның айналасы қоршалып, сол маңнан алынған ауа сынамасын зерттеу нәтижесінде ауа құрамынан иприт газы анықталды дегенмен, кейін ол мәліметтің жалған болып шыққанын айтады. Дегенмен қазірге дейін зерттеу қорытындысы нақты емес және оны нақты анықтауға лабораториямыздың мүмкіншілігі жетпей отыр дейді ол.

Алайда ҚР төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің баспасөз хатшысы Қайрат Тарыбаев Ақтөбе облыстық мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық басқармасы мамандарының басында оқиға орынынан алынған ауа сынамасын зерттеу нәтижесінде ауа құрамынан иприт газы анықталды деп ақпарат таратқаны асығыстық болғанын айтады. Ол, мұндай оқиға соңғы жылдары республикада бірінші рет тіркеліп отырғанын айтады.
XS
SM
MD
LG