Accessibility links

2007 жылы Қазақстанның барлық шалғай ауылдары телефон байланысымен қамтамасыз етіледі

  • Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН

Қазақстан Республикасының ақпараттандыру және байланыс жөніндегі агенттігінің мәліметтері бойынша, Қазақстанда бүгінде 50 тұрғыннан асатын 860 ауылдық мекендерге телефон желілері тартылмаған екен. Осы телефонсыз отырған ауылдарға жаңа технология бойынша сымсыз байланыс жеткізіліп, 2007 жылы Қазақстанның барлық шалғайдағы ауылдарындағы азаматтар телефон арқылы сөйлесе алады дейді аталған агенттік басшылығы.

Қазақстанның шалғайдағы ауылдарындағы азаматтарды телефон арқылы тілдестірмек міндетін өз жауапкершілігіне алған «ҚазНұрТел» деп аталатын қазақ-қытай-ресей компаниясының менеджері Сұлтан Ыбырай бұл жобаны Қазақстан Республикасының ақпараттандыру және байланыс жөніндегі агенттігінің ауылдағы елді мекендерді телефон байланысымен қамтамасыз ету бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырмақ екендіктерін айтады. Аталған жоба бойынша қазір жұмыс басталып кетті, жалпы 2006 жылдың аяғына дейін толық аяқтауға тиіспіз, ал үстіміздегі жылдың аяғына дейін 180 елді мекен телефон байланысымен қамтамасыз етіледі дейді ол. Сондай-ақ «ҚазНұрТел» қазақ-қытай-ресей компаниясының менеджері Сұлтан Ыбырай бұл жоба технологиясының Қазақстан үшін өзіндік жаңалығы жетерлік екенін алға тартады.

Ал Қазақстан Республикасының ақпараттандыру және байланыс жөніндегі агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Асқар Жұмағалиев аталған жоба бұған дейінгі шалғай ауылдарды телефон байланысымен толық қамтамасыз ету жөніндегі үкіметтің бағдарламасы аясындағы «Қазақтелеком» ААҚ-ның бастаған ісінің жалғасы екенін айтады. Жобаның басты ерекшелігі әлемде пайдаланылып келген озық байланыс технолгиясының алыс ауылдарға да жететіндігінде дейді ол.

Дегенмен «ҚазНұрТел» қазақ-қытай-ресей компаниясының менеджері Сұлтан Ыбырай бұл жоба әзірше Қытай мемлекетінің инвестициясы бойынша жүзеге асып отырғанын айтады. Сондай-ақ болашақта аталған жоба негізінде Қазақстанның барлық ауылдарын ұялы байланыспен де қамтамасыз етпек ойымыз бар дейді «ҚазНұрТел» қазақ-қытай-ресей компаниясының менеджері Сұлтан Ыбырай.
XS
SM
MD
LG