Accessibility links

Алматыда Балқаш көліне арналған халықаралық форум жұмысы басталды

  • Гүлмира ХАМЗА

Қыркүйектің 30 күні Қазақстан, Қырғызcтан ғалымдары мен экологтары Балқаш көлі мәселесін талқылады. Олардың тұжырымы бойынша, Балқаш болашақта Арал тағдырын қайталамас үшін арнайы бағдарлама, ғылыми зерттеу жүргізілуі керек. Ал бұл жоспарды іске асыру үшін қомақты қаржы қажет. Бұл кездесуге Қытай мемлекетінің мамандары да қатысуы керек болатын, алайда Балқаш форумының алғашқы күні көрші мемлекеттің мамандары көрінбеді. Негізінен, қазақстандық экологтар Балқаш көлі суының сапасы Қытайдан ағып келетін суға байланысты дейді. Сол себептен Балқаш көліне қатысты мәселені көрші мемлекеттің қатысуынсыз шешу екіталай.

Балықшы Балтабай Сәмиев өмірінің 35 жылы Балқаш көлімен байланысты жұмыс істегенін айтады. Балқаш өңіріндегі Шашубай деген ауылда Балтабайдың бала-шағасы мен немерелері өсіп жатыр. Қыркүйектің 30 күні Алматыға, Қазақстан үкіметінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан Балқаш форумына алып келген де осы балалары мен немерелерінің болашағы дейді Балтабай Сәмиев.

- Менің немерем үстіміздегі жылы 3-ші сыныпқа барады, оның бір қолы кем болып туған, қолының саусақтары жабысып қалған. Әйеліме ауа жетпей, екі жылдан бері тұншығып қалады. Өзімнің де денсаулығым мәз емес. Мұның барлығы Балқаш өңіріндегі қазіргі экологиялық жағдайға байланысты, - дейді Балтабай Сәмиев.

«Балқаш-2005» форумына Балтабай Сәмиев сияқты 10-15 адам келген. Олар Қазақстан үкіметінің ұйымдастыруымен форум өтіп жатқан залдың сыртында ұран көтеріп, журналистерге мұңын шақты. Шенеуніктер мен журналистердің назарына түскен азаматтардың арасында Елеусіз Айдарханов бар. Оның айтуынша, олар бұл жерге шенеуніктер берген уәделерін қашан орындайтынын білу үшін келген.

- Әдетте барлығы экологиялық жағдайды жақсарту үшін қолымыздан келгеннің барлығын істейміз, деп айтады, бірақ ол тек сөз жүзінде ғана қалады, - дейді Балқаш өңірінің тұрғыны Елеусіз Айдарханов.

Бұл уақытта Балқаш форумына қатысқан Қазақстан үкіметі жетекшісінің орынбасары Ахметжан Есімов Балқаш мәселесін шешеміз, болашақта республика үкіметі экология мәселесін әлеуметтік мәселелермен бірге қоятын болады, дегенді айтып жатты.

Балқаш форумы осымен екінші рет ұйымдастырылып отыр. Балқаш көлі мәселесін шешу үшін республиканың Қоршаған ортаны қорғау министрлігі арнайы бағдарлама, ғылыми зерттеу керек дегенді айтады. Ал Балқаш өңірінде тұратын Балтабай Сәмиев, бұл жоспардың нәтижесі болмайды, деген ойда:

- Министрліктер осы мәселені жыл сайын айтады, депутаттар да келеді, көреді, бірақ нәтиже жоқ.

Балқаш өңірінің тұрғындары жергілікті жердің экологиялық жағдайын жақсарту үшін республика үкіметі халыққа берген уәдесін орындаса дегенді айтады. Олар бізге арнайы зауыт салып береміз дегенді айтқан, бірақ күні бүгінге дейін бұл тек сөз жүзінде қалып отыр, дейді Балқаш өңірінің тұрғыны Елеусіз Айдарханов.

- Күкірт қышқылын тазартатын арнайы зауыт саламыз деп, осыдан 7 жыл бұрын уәде берген. Жыл сайын бұл жоспарды кейінге қалдырады, біз жыл сайын бұл зауыттың құрылысын күтеміз, - дейді Елеусіз Айдарханов.

Ал Қазақстанның Қоршаған ортаны қорғау министрі Айткүл Самақова бұл зауыт міндетті түрде келер жылы салынады, дегенді айтты.

- Біз өткенде сол “Қазақмыс”-қа барып, 3 аудан өкілдерін шақырып, әңгіме көтердік. 2006 жылы бұл зауыт іске қосыла бастайды, дедік. Менің министр болып жұмыс істегеніме 3 жыл болды, сол себептен уәде 7 жыл бұрын емес, 2002 жылы берілген.

Балқаш көліне арналған форум жұмысы сенбі күні де жалғаспақшы.
XS
SM
MD
LG