Accessibility links

Баспасөзге шолу. 09.30.2005 жыл.


Жұма күні Қазақстанда жарық көрген мерзімді басылымдарда Астанада өткен дүниежүзі қазақтарының 3-ші құрылтайы туралы көлемді мақалалар жарияланып, құрылтай қонақтарының пікірлері беріліпті.

«Құрылтайға дүниежүзінің 32 мемлекетінен 300 делегат қатысуда. Қуанғанымыз – кіндіктері шетелде кесіліп, сонда ержетіп, бой түзеген ағайындарымыз ана тілінде таза сөйлейді. Олардың көпшілігінің ұлтық көзқарастары, ұлтжандылығы Қазақстанда туып-өскен қазақтардан бір мысқал да кем емес» деп жазады «Қазақ әдебиеті» апталығы. Басылымға пікір білдірген құрылтай қонақтарының бірі – Лондондағы қазақ қоғамының төрағасы Исмаил Кесиши қазіргі кезде тұманды Альбион жерінде тіршілік етіп жатқан қазақтардың 80 пайызы, яғни 45 отбасы Лондонда тұратынын, сол секілді Рэдин, Манчестер, Кардив қалаларында, Доварт портында қазақтарды кезіктіруге болатынын айтыпты. Өз айтуынша негізгі компьютер маманы болғанымен, Исмаил мырза қазір Лондонда екі ресторан ұстап, жеке бизнеспен айналысады екен. Сондай-ақ, газеттің осы санында өткен ғасырда тоқсаныншы жылдардың басында тарихи Отаны - Германияға қоныс аударып, бірақ арада аз уақыт өткенде ол елді жерсінбей отбасымен қайтадан Қазақстанға оралған Карл Рейман есімді адам туралы баяндалыпты. Мақала авторы Мақсат Рсалиннің жазуынша, әңгіме кейіпкері Карл Рейман Германияда тұрмыстың да, жұмыстың да болғанын айтыпты. Алайда, қазақы ортадағы қонақжайлық аралас-құралас тірлікке үйренген Реймандар отбасы бір кезде өздері қоныс аударған Алматы облысының Балқаш ауданындағы Жиделі ауылына қайта оралып, сол бұрынғы тұрған көшеден үй, оған қоса жеңіл, жүк машиналарын сатып алып, кішігірім дүкен де ашып алады. «Алматыдан үй сатып алуға болар еді, бірақ ол жерде тынысым тарылады. Мен даланың адамымын» депті Карл Рейман.

«Егемен Қазақстан» газетінде Астанадағы құрылтайға арналған хабарлар топтамасы «Бар қазақтың басы қосылған күн» деген тақырыппен беріліпті. Басылымда құрылтайға қатысқан шетелдегі қазақ диаспорасы өкілдерінің пікірлері басылыпты. Германияда тұратын Әлихан Жаналтай шетелдегі қазақтардың ана тілінде сөйлеу проблемасын қозғапты. «...Еуропадағы қазақтардың кейінгі ұрпағының өз ана тілінде сөйлесуі күңгірт болып барады. Олар басқа ортада, басқа тіл, басқа дінді ортада өмір сүріп жатыр. Дегенмен, біздер өз балаларымызға ана тілдерін, ұлттық мәдениетін сақтауды естеріне үнемі салып келеміз. Бұлар аздық етеді. Сондықтан бұған Қазақстандағы бауырларымыздың қолдау-көмегі аса қажет. Қаржылық жағынан емес, рухани мәдениет жағынан. Қалғанын өзіміз реттеп аламыз» депті Әлихан Жаналтай. Шеттегі қазақ жастарының ана тілінен ажырап қалуына Қытайдан келген Шадыман Ахметұлы да алаңдаулы пікірін білдірген екен. «...Қытайда атажұртқа барып оқысақ деген жастарымыз жетерлік. Өкінішке қарай, арада кедергілер де жоқ емес. Қазіргі кезде қазақ мектептері қытай сыныптарымен біріктіріліп, қос тілде оқыту жолға қойылып отыр. 2012 жылдан бастап ана тілінен басқа сабақтар тек қытай тілінде оқытылады деп күтілуде. Егер осындай үрдіс жалғаса беретін болса, онда қазақ балаларының өз ана тіліне салғырт қарауы арта бермек» деп тұжырымдайды қытай қазағы Шадыман Ахметұлы. Ал ауған жерінен осы құрылтайға келген Момыр Әбдіжәлел ол жақтағы жұртқа қазақ жеріне жету арман екенін айтыпты. «Ауғаныстандағы қазақтар көп қиындықты бастан кешірді, ашаршылықты да, соғысты да, басқаны да көрдік. Апталап тамақ ішпей жүрген кездеріміз де болды. Әйтеуір көрер жарығымыз бар екен. Ауғаныстандағы жағдай енді-енді жақсарып келеді. Ондағы қазақтардың тұрмысы жақсы деп айта алмаймын. ...еліміз алыста жүрген біздерді ұмытпасын!.. Отанымызға оралу – ондағы барлық қазақтың арманы» депті Ауғаныстандағы қазақ Момыр Әбдіжәлел.

«Экспресс К» газеті қазіргі уақытта ресми деректер бойынша Қазақстаннан тыс елдерде 5 млн-нан астам қазақ тұрып жатқанын жазыпты. «Қытайда 1 млн 700 мың, Өзбекстанда - 1,5 млн, ал Ресейде – 1 млн-ға жуық қазақ өмір сүріп жатса, Түркіменстанда – 100 мың, Моңғолияда -80 мың, ал Қырғыз елінде – 45 мың қазақ бар» деп жазады «Экспресс К» басылымы. «Батыс елдерінде тұратын қазақтар Еуропада Қазақстанды өзге әлемге таныту үшін бірлескен қазақ мәдени орталығын құруды ұсынады. Бұл бастама Түркия қазақтары тарапынан да қолдау тауып, Стамбұл университетінің оқытушысы Әбдуақап Қара немістердің Гете институтының үлгісімен шетелде қазақ тілі мен мәдениетін дамыту үшін ғылыми орталық құру керек және ол міндетті түрде Абай есімімен аталуы тиіс деген пікір қосты» деп жазады газеті тілшісі Әсем Тоқаева.

«Новое поколение» апталығы Қазақстан тәуелсіз ел болғалы бері тарихи Отанына оралған адам саны 600 мыңнан асқанын жазыпты. «Және бұл осымен шектелмек емес. Жақын уақытта елдегі тұрғындар санын 17 млн-ға жеткізу міндетін қойып отырған республика қазіргі уақытта оралмандардың азаматтық алу мәселесін жеңілдетуді қолға алғалы отыр. Бүгінгі таңда оралмандарға арналған мемлекеттік квота жылына 15 мың отбасына жетіп отыр. Сонымен бірге, алдағы уақытта тарихи Отанына өздігінен келем деушілер үшін де тиісті жеңілдіктер қарастырылатын болады. Бұл жайында дүниежүзі қазақтарының ІІІ-құрылтайында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев хабарлады» деп жазады «Новое поколение» газеті.

«Айқын» газеті президент Н.Назарбаевтың «жер бетінде өз қандастарын атамекеніне шақырып, оған қаржы бөліп отырған мемлекет саны үшеу ғана, солардың бірі Қазақстан болса, қалған екеуі – Германия мен Израиль екенін» айтқан сөзін келтіріпті. «Сонда да жат жұртта жүрген ағайынды бір мезгілде түп-түгел көшіріп алу мүмкін емес. Ақылға сыймайды» деп жазады мақала авторы Бесбоғда Алтай. Бұл ретте президент Н.Назарбаевтың: «Мен бір миллионнан астам қазақ тұратын Қытай Халық Республикасы, Ресей мен Өзбекстан басшыларымен мәңгілік достық туралы халықаралық келісімге қол қойдым және әрбір сапарымда осы елдердің басшыларына сіздердің мәселелеріңізді үнемі тапсырып, оның орындалуын міндетті түрде қадағалап отырамын. Сондықтан да Ресей, Қытай, Өзбекстан, Моңғолия басшыларының қазақ бауырларымызға көрсетіп отырған қамқорлықтары үшін ризашылығымды білдіремін. Және бұл екі ел арасындағы достықтың белгісі деп білеміз. Бұл елдерде тұратын қазақтардың құқығы ешқашан бұзылған емес және тәуелсіз Қазақстан тұрғанда, бұзылмайды да» деген сөзін басыпты «Айқын» басылымы. Газетің жазуынша, «Президенттің 45 минутқа созылған сөзіне жиналған қауым 67 рет дүрілдете қол соғып, құрмет көрсетіпті».
XS
SM
MD
LG