Accessibility links

“Ардагерлер” үйіндегі қариялардың жағдайы қалай?


Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 1-қазанды қарттар күні ретінде жариялағаннан бері бұл күн Қазақстанда да аталып келеді. Тарихи деректерге жүгінсек, қазақ ежелгі дәуірден бері қарияларды, әсіресе өзінің ата-анасын ерекше құрметтеп отырған халық. Алайда сарапшылар соңғы уақыттары қарияларға деген құрметтің төмендеп бара жатқандығын айтады. Олардың келтірген деректеріне жүгінсек, көптеген азаматтар өздерінің ата-аналарын жасы ұлғайғаннан кейін қарттар үйіне апарып орналастырады екен.

Мысалы, “Мамыр” ықшамауданындағы «Ардагерлер үйінде» де осындай қариялар аз емес. Негізінен бұл үйде еліне елеулі еңбек сіңірген қариялар жатады. Роза Майбасарова есімді қарияны өз баласының осы «Ардагерлер» үйіне орналастырып кеткеніне алты ай толыпты. Алайда Роза Майбасарова «Ардагерлер» үйіне орналастырып кеткені үшін туған баласын кінәлағысы келмейді екен. Оның себебін ол отбасында ата-анасының бақытты болуының негізінен әйел адамға байланысты болатындығымен түсіндірді. Роза апай күйеуінен ерте айырылғаннан кейін, өзінің жалғыз баласының қамын ойлап, өмір жолында кездескен ауыртпашылықтың бәріне де төзе біліпті. Бірақ үйленгеннен соң, келіні жақтырмай, ұрыс-керіс көбейе беріп, ақыр соңында баласы туған анасын «Ардагерлер үйіне» әкеліп орналастырыпты. Өз сөзінде Роза апай бұл жердегі тіршілігіне тәуба айтатандығын, «Ардагерлер үйіндегі» күтімінің өте жақсы екендігін де әңгімелеп берді.

Ал, осы ардагерлер үйінде төрт жылдан астам уақыттан бері тұрып жатқан Талат Қуантайұлы Кәдіров есімді ақсақалдың айтуынша, бұл жердегі қариялардың көпшілігінің балалары мен туған-туысқандары бар. Олардың балалары көбінесе өздерінің ата-аналарымен үйлерінде татулық болмай, сиыса алмағандықтан «Ардагерлер үйіне» әкеліп орналастырып кететін көрінеді. «Ардагерлер үйінде» тұрып жатқан Ресейден келген Қыдырғали есімді ақсақалдың осыдан жеті жыл бұрын ұлы қайтыс болыпты. Содан кейін Қазақстанға келіп, біраз уақыт қызының қолында тұрғаннан кейін, күйеу баласы маскүнемдікке салынып кетіп, ақыр соңында оны қызы осы «Ардагерлер үйіне» орналастырыпты. Жасы тоқсанға келген Қасымжанова Сән есімді әжей бала көрмеген аналардың бірі екен. Асырап алған қызы осыдан бір жыл бұрын тұрмыс құрғаннан соң оны осы «Ардагерлер үйіне» әкеліп тапсырыпты.
XS
SM
MD
LG