Accessibility links

Балидегі жарылыстар себептері зерттелуде.

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Индонезияның Бали аралында, жағалаудағы ресторандар аймағында тізбекті жарылыстар болды. Лаңкестік әрекеттерге қарсы күрес бойынша елдегі қызмет басшысының айтуынша бұл оқиғаға Жемаах Исламия тобының қатысы болуы мүмкін. Ал, елбасы болса біреулерді кіналап, асығыс қорытынды шығарудан аулақ болуға шақыруда. Бұл жарылыстар кесірінен кемінде 25 адам қаза болып, 120-дан аса азамат жараланған екен. Дәл осыған ұқсас жарылыстар бұдан үш жыл бұрын орын алып, оның кесірінен 202 адамның қаза болғаны белгілі.

Бали аралындағы қатарынан үш ресторан аймағында жалғасты бомбалық жарылыстар сенбі күні орын алды. Ал, жексенбі күні болса полиция зерттеушілерінің алғашқы айғақтары пайда бола бастаған-ды. Кемінде 25 адамның өмірін қиып, 120-дан астамын жаралы етіп кеткен бұл оқиғаның себептерін зерттеуші ресми тұлғалар бұл оқиғаға жанкештілердің қатысы бар ма деген айғақтарды іздестіруде екендігін айтып отыр. Журналистер хабарына қарағанда, жарылыстар ең әуелі ресторанның жаға-жайға орналастырған столы астында пайда болғанға ұқсайды.

Елдің кейбір ресми тұлғаларының пікірінше, бұл оқиға Балидің туризімге құрылған экономикасына едәуір нұқсан келтіруі мүмкін. Индонезиядағы лаңкестік әрекеттерге қарсы күрес қызметінің басшысы, генерал Ансиад Мбай Жакартада, жексенбі күні сөйлеген сөзінде бұл оқиғаларға Жемаах Исламия тобының қатысы болуы мүмкін, деді. Бұл топ әл-Қайда ұйымының аймақтағы тармағы деп есептеледі. Аталған топ, сондай-ақ 2002-ші жылы болған Балидегі шабуылдарға айыпты, деп танылуда.

Ал, елбасы Сусило Бамбаң Юдхойоно жексенбі күні сөйлеген сөзінде “сенбідегі шабуылдар үшін асығыс түрде біреулерді айыптай салуға тым ерте”, деді. “Бұл-айқын түрде лаңкестік әрекет болды. Себебі, жапа шегетіндер қалай болса солай таңдалған. Көпшілік орын нысанаға алынған. Елбасы ретінде және Индонезия республикасының атынан мен адамзатқа қарсы бұл әрекеттерді қатаң түрде айыптаймын”, деді елбасы.

Австралия өкімет басшысы Джон Хувердтың айтуынша, қаза болғандар арасында 16 жасар австралиялық бар. Сондай-ақ жараланған 17 азаматтарының ішінде екеуінің өмірі үшін қауіп бар екендігін де ол айтты. Ол өз сөзінде Индонезия елбасымен кездесу барысында Балиге көмектесу жөнінде жасаған жоспарын ұсынатындығын еске сала кетті. Себебі аталған арал- австралиялықтардың көп демалатын орыны. Қаза болғандардың көпшілігі индонезиялықтар екен. Хуверд мырзаның айтуынша, қаза болғандар қатарында сондай-ақ Оңтүстік Корея, Жапония және Германия азаматтары да болуы мүмкін. Австралия өкімет басшысы өз елінде тұрып жатқан мұсылман қауымдастығына достық ниетпен қарайтындығын айтып, оларды да сабырға шақырды. АҚШ, Британия елдері және БҰҰ бас хатшысы Кофи Аннан аталған шабуылдарды айыптады.
XS
SM
MD
LG