Accessibility links

Заңгерлердің пікірінше, Қазақстан заңдарындағы олқылықтардың кесірінен адам саудасы тиылар емес


Мәжіліс депутаттары адам саудасына қарсы күресті күшейту керек деп есептейді. Бұл туралы Қазақстан парламентінде «Адам саудасына қарсы күрес туралы конвенцияны бекіту туралы» заң жобасын қарау кезінде хабарланды. Заң жобасын дайындаған үкімет өкілдерінің айтуынша, аталған конвенция талаптарымен Қазақстанның ұлттық заңдарының үйлеспейтін тұстары бар. Сондықтан, конвенцияның кейбір баптары іс жүзінде орындалмайды. Депуттатар баптар істемейтін болса, заңды бекітудің қажеті жоқ деп шешіп, үкіметтен заңдарға енгізілетін тиісті өзгерістерді дайындағансоң ғана конвенцияны бекітеміз деген пікірін білдірді.

Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның мәліметі бойынша шет елге шыққан қазақстандықтардан 10 мыңға жақын шағым түскен. Халықаралық сарапшылардың айтуынша, алданып қалғандардың саны бұдан әлдеқайда көп. Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның Орталық Азиядағы үйлестірушісі Екатерина Батикованың айтуынша, соңғы уақытта Қазақстанға Орталық Азиядағы көршілес мемлекеттерден адамдарды алдап әкелу белең алған.

Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның Орта Азиядағы үйлестірушісі Екатерина Батикованың айткуынша, осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстанда адам саудасына қатысты қылмысты істер мүлде қозғалмайтын. 2005 жылы қозғалған 7 істің өзі көрсеткіш дейді ол. «Өйткені, адамдарды алдап жалдау бір елде, мәселен Қазақстанда, оларды тасымалдау келесі бір ел арқылы, зорлап жұмысқа салу үшінші елде жүргізіледі», - дейді Екатерина Батикова.

Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің консулдық қызметінің департамент директоры Уәлихан Қоңырбаевтың айтуынша, қылмысты істердің аз болуына Қазақстан заңдарындағы олқылықтар себепкер болған:

- Заңның өзіне өзгерістер бір жыл бұрын енгізілді. Бұған дейін біреу адамдарды құлдыққа сатуға апара жатыр деген деректерге қандай шаралар қолданатынын білмеді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Астанада Қазақстанның әділет министрлігі 2006-2008 жылдарға ескерілген адам саудасына қарсы үкіметтік шаралар жоспарын жасаған. Әділет министрлігінің өкілдері түсіндіргендей, бұл жоспар мемлекеттің халықаралық имиджін көтеруге бағытталған. Адам саудасына қарсы үкіметтік шаралар жоспары 12 бөлімнен тұрады. Жекелеп айтқанда бұл шет елге заңсыз шығарылған қазақстандықтарға қаржымен көмек көрсету және еңбекпен қамту агенттіктерін қадағалау сияқты шаралар. Ал, феминистер лигасының төрайымы Галина Марусованың айтуынша, үкіметтік емес ұйымға 2 мыңға жуық адам шет елге шықпас бұрын кеңес сұрап келген. Және олардың 90 пайызын алдауға тырысқан.

Қазақстандағы заң саласында жұмыс істейтін мемлекеттік емес ұйымның заңгері Марат Башимовтың айтуынша, Қазақстанда миграция үрдістерін реттейтін 200-ден астам құжат қабылданған. Бірақ, олардың көбісі бір-біріне, елдің конституциясына және мемлекетаралық келісімдерге қайшы келеді:

- Адам саудасына қатысты істер қылмыстық құқыққа жатады. Құқықтық нормаларды күшейту керек. Олар халықаралық шарттарға сәйкес келмейді.

Ұйымдасқан топтардың адам саудасына қатысы бар екендігін дәлелдеу өте қиын, дейді мамандар. Оның үстіне зардап шеккендер өз аңқаулығын жариялағысы келмейді, ал ресми өтінішсіз жұмыс істеу мүмкін емес, дейді заңгерлер. Сондықтан, зардап шеккен адамды қорғау қиын. Қарағандының әділет департаментінің заңгері Дархан Оспановтың айтуынша, Қазақстанның қылмыстық кодексінде 18 жастан асқан адамдарды саудаға салған қылмысқа қарсы заң жоқ.

Ал, миграция жөніндегі халықаралық ұйымның мәліметінше, Қазақстанда соңғы 3 жылда адам саудасының 170 жағдайы тіркелген. Қазақстанның бірнеше қалаларында шет елге бармақшы болғандарға кеңес беретін кеңселер бар. Бірақ, оған телефон шалатындар адам саудагерлерінің құрсауынан сақталу жолдарын емес, шет елге жұмысқа бару жолдарын сұрайды екен. Қазақстанда азаматтарға шет елден жұмыс беру құқы бар фирмалар жоқтың қасы. Бірақ, тұрғындар оған қарамайды, дейді заңгерлер. Феминистер лигасының төрайымы Галина Марусованың айтуынша, кейбір елдерде адам саудасына қатысты нақты заң бар. Ал, Қазақстанда тек екі шолақ заң осы салаға қатысы бар, дейді ол.
XS
SM
MD
LG