Accessibility links

Қазанның 3-і халықаралық баспана күні


Осы жыл басындағы әлеуметтанушылар мен саясаттанушылардың жүргізген зерттеулеріне қарағанда жалпы қазақстандықтардың 43 пайызға жуығы баспанаға зәру.

Айман Жанжігітова жанұясымен Алматыға Қарағандыдан осындан 10 жыл бұрын күн көрістерінің қиындығынан өз беттерінше қоныс аударған. Еш жерде тіркeуі жоқ Айман жанұясымен Қарасай ауданындағы Қаскелең елді-мекеніне тұрақтайды. Ол сегіз жылдан бері сол ауылда жанұясымен пәтерде тұрып жатқандығын айтты:

- Қаскелеңнің өзінде жер сатып алайық деп едік бағасын қуып жете алмадық. 800 доллар, 1500 доллар қазір енді одан да қымбаттап кетті.

Жер телімінің бағасын қуып жете алмаған Айман Жанжігітова баспана мәселесін шешу үшін дәл қазіргі уақытта түрлі ұйымдар мен қозғалыстардың жиындарынан қалмайды. Ондағы мақсаты – сол жиындар арқылы өз басындағы қиыншылығын жоғарыға жеткізу. Ол Қазақстанның азаматы болғандықтан үкімет тілегіме құлақ асып, екі баламмен мені далада қалдыра қоймас деген үмітпен Алматы қалалық әкімшілігіне бірнеше рет жер сұрап хат жолдадым. Бірақ ешқандай жауап болмады, дейді.

Алайда, Қазақстанда баспана тауқыметін тартып жүрген Айман сияқтылар мыңдап саналады. Аспирантураны жаңа бітіріп еңбекке енді ғана араласқан Тұрар Рысқұлов атындағы университеттің оқытушысы Манат Қадырбаев: “Айлығымыз 20 мыңға жетер-жетпес. Жолдасымыз екеуіміз жұмыс істейміз. Табысымыздың бәрін пәтерге береміз. Сөйтіп күн көріп жатырмыз. Жұмыс орнында пәтер мәселесінен ешқандай көмек жоқ”, дейді. Ол қазіргі таңда мемлекеттік мекеме қызметкерлеріне шаршы метрі 350 долларлық үйлер салынып пайдалануға беріліп жатыр. Мұндай үйлерге өз тарапымнан өтініш білдіргеніммен менің жағдайым банк талаптарына сай болмай шықты”, дейді.

Ал Қазақстанның ипотекалық компаниясының директоры Майко Сағындықова: “Жалпы қазақстандықтарға баспана мәселесін тұрғын үй ипотекасы арқылы шешуге болады”, дейді. Оның айтуынша, Қазақстан нарығына ипотекалық жүйенің енгеніне 5 жылға жуық уақыт болды. Үш жылға арналған мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы шеңберінде салынған қолжетімді тұрғын үйлер құрылысы біртіндеп аяқталып келеді. Ол: “Осы уақытқа дейін Алматы қаласында 600-ге жуық қол жетімді шаршы метрі 350 долларлық пәтер пайдалануға берілді. Мұндай үйлерді Алматы, Астана, Атырау қалаларынан басқа жерлерде 100 пайыз құнын төлеп сатып аламын дегендер болса, оларға да беруге қаулы шықты”, дейді.

Алайда, әлеуметтік жағдайлары төмен қызметкерлер үшін салынған шаршы метрі 350 доллардан аспайтын тұрғын үйлер кімдерге беріліп жатыр деген мәселеге назар аударып, арнайы зерттеу жасап жүрген “Болашақ” қозғалысының мәліметіне сүйенер болсақ, биылғы жылы Алматы қаласында алғашқы кезеңде шаршы метрі 350 доллар тұратын 536 пәтер пайдалануға берілген. Қозғалыс жетекшісі Фархад Қасенов дүйсенбі күні “Азаттық” радиосына берген сұхбатында: “Алматы қаласы бойынша осы жылдың қыркүйек айының 1-іне дейін шаршы метрі 350 доллар тұратын пәтер алу үшін банкке 5 мың адамнан өтініш түсіп, өтініштері банк талаптарына сай келген 1400 білім саласы қызметкерлерінің 87-сі ғана қол жетімді пәтерге ие болған”, дейді. Ол бұл деректер әлеуметтік жағдайлары аз қамтылған мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің тағы да арзан пәтерге қол жеткізе алмай отырғандығын білдіреді, дейді.

Ал пәтер сатушылар мен жалға берушілер Алматы қаласындағы пәтер құны өткен жылдармен салыстырғанда 20 пайызға артқанын айтады. Алматыдағы Қонаев пен Мақатаев қөшелерінің қиылысында, жұртшылыққа “Жетім бұрыш” деген атпен әйгілі, пәтер жалдаушылар мен жалға берушілердің қара базарына айналған жерде маклер болып жұмыс істейтін Айжамал қала орталығындағы бір бөлмелі үйдің орта есеппен құны - 45-50 мың АҚШ доллары, ал 1 бөлмелі пәтерді жалға алу құны – айына 350 доллардан жоғары екенін айтады.
XS
SM
MD
LG