Accessibility links

Баспасөз шолуы. 10.04.2005 жыл


Қазақстанда сейсенбі күні жарық көрген мерзімді басылымдарда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Грузияға сапары жайлы баяндалыпты. Сондай-ақ, күллі әлем мұсылмандары үшін қасиетті Ораза айына арналған мақалалар жарияланыпты.

«Айқын» газеті президент Н.Назарбаевтың Грузияға екі күндік ресми сапары барысында екі ел үкіметтері арасындағы 2006-2010 жылдарға арналған сауда-экономикалық ынтымақтастық бағдарламаға, сонымен бірге әуе қатынасы жөніндегі үкіметаралық келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қою рәсімі болғанын хабарлапты. Басылымның жазуынша, бұл құжаттар Қазақстан президентінің Тбилисиге ресми сапары алдында өткізілген грузиндік-қазақстандық комиссиясының үкіметаралық кеңесте талқылаған сауда және экономикалық әріптестік мәселелері негізінде мақұлданған. «Аталмыш комиссияда екі тарап бір ай ішінде жылына үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бастап 10 жылда 2 миллиард текше метр көлеміндегі қазақстандық көгілдір отынның тасымалдануы тұрғысындағы ұзақ мерзімге белгіленген келісімшартқа отыруға және Баку-Супса құбырына қазақстандық мұнайдың құйылу мүмкіндігін арттыруды қамтамасыз етуге келісті. Сол секілді отырысқа қатысушы делегация өкілдері тасымалды дамыту жөніндегі транспорттық дәліз ТРАСЕКА туралы жан-жақты келісімдегі міндеттемелерді жүзеге асыруды ары қарай жалғастыруға дайын екендіктерін мәлімдеді. Осы негізде жақында Қазақстан, Грузия және Әзірбайжан республикаларының министрлері Орталық Азия мен Еуропаны байланыстырушы жүк тасымалы дәлізінің тарифтік ставкаларын талқыламақ. Сол секілді мұнда екі елдің сауда-саттық саласы, сонымен қатар энергетика, транспорт, қаржы, қоршаған ортаны қорғау, туризм, байланыс және ауыл шаруашылығы саласындағы әріптестікті дамыту мәселелері қарастырылды», деп жазады «Айқын» басылымы.

Ал «Литер» газеті Қазақстан президентінің Грузияға ресми сапарына байланысты «Вашингтон мен Мәскеу арасындағы бизнес» деген мақала басыпты. Онда автор Досым Сатпаев «Посткеңестік елдердің көпшілігінде Грузия, Украина және Қырғызстан елдерінің тәжірибесі үлгі аларлықтай деп саналмаса да, Қазақстан басшылығы жаңа толқынның демократтарымен қатынастан бойын аулақ салмайды» деп жазады. Автордың пікірінше, бұл Қазақстанның сыртқы саясатта прагматикалық бағыт ұстанып отырғанын көрсетсе керек. «Оның үстіне қазіргі сәтте екі тарап та бұл ешқандай жеке бастың ісі емес, бар болғаны бизнес деген тұрғыда әрекет жасап отыр. Сондықтан да сапардың басты мақсаты саяси тәжірибе алмасу емес, экономика саласындағы әріптестік» деп жазады Досым Сатпаев. Оның пікірінше, қазіргі таңда екі ел арасында банк, мұнай-газ салалары секілді экономикада мүдделер тоқайласатын тұстар бар. «Әйтсе де Астана инвестиция саласындағы өз мүмкіндіктерін тым асыра сілтеп жібермегені де абзал. Қазақстан банктерінің Грузия секілді саяси және инвестициялық тәуекелі қатері жоғары елдерге қаржы салуы қазақстандық банктерді де қауіп-қатерге ұрындыруы мүмкін екенін есте ұстаған жөн. Оның үстіне, Қазақстанның Грузиямен тым белсенді қарым-қатынасын Мәскеудегілер дұрыс түсінбей қалуы мүмкін» деп ескертеді автор Досым Сатпаев.

«Егемен Қазақстан» газеті Қазақстан президенті Грузия сапарын Батуми қаласынан бастағанын баяндапты. «Батуми портының жалпы жүк айналымының 90 пайызға дейінгісі мұнай және мұнай өнімдерінің еншісінде екен. Ал Батумидегі мұнай терминалының орташа жылдық өткізу қуаты 15 млн тоннаны, жүк терминалынікі 2,3 млн тоннаны құрайды», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті.

Сондай-ақ, сейсенбілік басылымдарда, қазанның 5-інен бастап күллі мұсылман жамағаты үшін қасиетті Рамазан айы басталатыны жазыпты. Қазақ тілінде жарық көрген басылым беттерінен Қазақстан мұсылмандарының бас мүфтиі Әбсатар қажы Дербісәлі мұсылмандарды Рамазан айының келуімен құттықтапты. Бас мүфти бұл айда өзін мұсылман санайтын әр адам отыз күн ораза тұтуы шарт екенін және кембағалдар мен мүсәпір жандарға мейірім жайында айтыпты.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG