Accessibility links

Баспасөзге шолу. 10.05.2005 жыл


Сәрсенбі күнгі жарық көрген басылымдарда ұстаздар күнінің аталып өткендігіне орай мақалалар жарық көріпті. Кейбір басылымдар ұстаздар күнін көру үшін шамадан тыс жұмыс жасайтындығын мысалға келтіріп, бұл олардың денсаулығына да, оқу сапасына да қатты әсер ететіндігіне айрықша тоқталыпты. Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов те сәрсенбі күнгі жарық көрген басылымдардың басты кейіпкеріне айналыпты.

“Аргументы и факты” газетінің “Қазақстан” қосымшасында жарық көрген Ольга Бабиченконың мақаласында ұстаздардың айлығының 32 процентке көтерілгендігі айтылып, оның негізі ретінде 7000 теңге көлеміндегі ең төменгі айлықтың көрсеткішінің алынғандығы баяндалыпты. Яғни, мақала авторының сараптамасына сүйенсек, ұстаздардың айлығы оның қанша жыл еңбек еткендігіне қарамастан бар-жоғы 2000 теңгеге ғана көтерілген. Автор өз мақаласында көптеген шенеуніктердің Қазақстандағы ұстаздардың 20-25 мың теңге айлық алатындығын алдыға тартатындығын мысалға келтіріп, ондай айлық табу үшін мұғалімдердің қосымша сағат алуына тура келетіндігіне айрықша назар аударыпты. Мақала авторының айтуынша, ұстаздардың күнін көру үшін шамадан тыс жұмыс жасауы олардың денсаулығына да, оқу сапасына да қатты әсерін тигізеді. Осы сөздеріне дәлел ретінде мақала авторы, дәрігерлердің күніне сегіз сабақ берген мұғалімнің денсаулығының тамақ ішпегеннен де бетер қатты нашарлайтындығы және олардың жүйкесіне де қатты зақым келетіндігі туралы айтқан пікірлерін мысалға келтіріпті. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, ұстаздардың 30 мың теңге айлық табу үшін кем дегенде 3-4 ставка жұмысты мойнына алуына тура келеді.

“Газета kz” апталығында жарық көрген Анна Павлованың мақаласында Қазақстанда ұзақ жылдан бері оқулықтардың авторлары кім болуы керектігіне байланысты дау-дамайдың әлі күнге жалғасып келе жатқандығы баяндалыпты. Атап айтқанда, жаңа оқулықтарды қарап шыққан ұстаздар, ғалымдардың жазған оқулықтарының қызықсыз, тіпті көп жағдайда түсініксіз болып келетіндігіне көздері жете бастаған. Мақалада осыған наразы болған кейбір ұстаздардың өз оқулықтарын жаза бастағандығы айтылыпты. Сондай ұстаздардың бірі география пәнінің мұғалімі Татьяна Леонидовна Казановская айтуынша, ғылыми қызметкерлер жазып шыққан оқулықтарды түсіндіру мүлде қиын. Өйткені ол оқулықтарда балаға түсіндіріп беруі өте қиын сөздер жиі кездеседі.

“Комсомольская правда” газетінің “Қазақстан” қосымшасында жарық көрген мақалада Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым Министрі Бірғаным Әйтімованың Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың оқулықтарға байланысты айтылған сындарынан кейін, сараптама жұмыстарының жүргізіліп, 135 оқу құралына редакторлық толықтырулардың енгізілгендігі, 48 нің қайтадан жасалғаны, ал 14-інің мектеп бағдарламасынан мүлде алынып тасталынғандығын хабарлағандығы айтылыпты. Бірғаным Әйтімованың айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстан тарихы мен тіліне байланысты оқулылықты әзірлеуге конкурс жарияланыпты.

Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов те сәрсенбі күнгі жарық көрген басылымдардың басты кейіпкеріне айналыпты. “Литер”, “Айқын”, “Известия” газетінің “Қазақстан” қосымшасы мен “Заң” басылымдарында Иманғали Тасмағамбетовтың мәжіліс депутаттарының алдында Алматының ауыр ахуалын ашық айтып тастағандығы баяндалыпты. Иманғали Тасмағамбетовтың айтуынша, орталық, қалалық бюджеттің кірістерін республикалық бюджетке алып қою дәстүрін үдеткен үстіне үдетіп жіберген. Өз сөзінде Иманғали Тасмағамбетов 2004 жылы республикалық бюджетке жергілікті бюджет табысының 42 проценті, яғни 76 миллиард теңгенің 32 миллиардының тартып алынғандығын, ал 2005 жылы ол ұлғайып, 86 миллиард кірістің 45 миллиардынан айырылғандығы туралы деректерді мысалға келтіріпті.
XS
SM
MD
LG